Мәжіліс депутаттары қарауына түскен рақымшылық туралы заң жобасы парламент қабырғасында қызу пікірталас тудырды. Депутат Ермұрат Бәпи бұл заң жобасын қолдайтынын айтып, қоғам үшін өзекті саналатын мәселеге назар аударды – ол жемқорлық қылмыстарының рақымшылыққа ілігу мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бәпидің сөзінше, заң жобасының екінші бабында орташа ауырлықтағы қылмыстарға рақымшылық жасау қарастырылған. Сондай-ақ кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімін қысқарту көзделеді.
"Жобаның екінші бабына сәйкес рақымшылық егер қылмыс жасаған адам әлдекімге зиян келтірмесе немесе ол зиянын өтесе, орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылады екен. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың мерзімдерін қысқарту көзделген. Бірақ ашығын айтайық, бізде сыбайлас жемқорлық қылмыс деген бір дерт бар. Осылардың жағдайы не болады? Оларды біз осы рахымшылыққа жатқызамыз ба? Себебі жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Оны жеңіл немесе ауыр деп жіктеу – қисынсыз. Жемқорлық – ол жемқорлық. Сондықтан оны жеңілге, ауырға жатқызып, оны қалай классификация жасап, рахымшылықтың осы заңына жатқызамыз. Біз бұл жерде нақты шектеулерді қалай енгіземіз? Бұл заң жобасында жемқорлыққа қатысты қандай баптар бар?", - деп сұрақ қойды ол.
Депутат әрі заңгер Абзал Құспан әріптесінің алаңдаушылығын орынды деп бағалады. Ол заң жобасының төртінші бабында сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар барлық қылмыстық істерге рақымшылық қолданылмайтыны нақты жазылғанын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру мекемелерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысы үшін 624 адам жазасын өтеп жатыр. Бұл заң жобасына сәйкес, олардың ешқайсысы рақымшылыққа ілінбейді", – деді Құспан.
Рақымшылық кімдерге жасалады?
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Конституцияның 30 жылдығына орай әзірленген рақымшылық туралы заң жобасында кімдерге жеңілдік берілетінін баяндап, құжаттағы негізгі үш бағытты түсіндірді.
Заң жобасына сәйкес, рақымшылық азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстарға қатысты қолданылады.
"Заң жобасында 2021 жылы қолданылған рақымшылық жасау кезіндегідей, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар, зиян келтіруге әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған не оны толық өтеген адамдар, залалдың немес азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату көзделген. Екінші – қылмыстық істерді, соның ішінде осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар жасаған қылмыстар туралы соттар қарамаған істерді тоқтату. Үшіншісі – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр", – деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасында бірқатар жаңа нормалар мен шектеулер қарастырылған.
"Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алғаны немесе ысырап еткені немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдарды қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қою", – деді Абзал Құспан.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы қоғамның сұранысына сай әзірленген. Бірақ мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін және сыбайлас жемқорлық сипатындағы ауыр қылмыстарға рақымшылық жүрмейді. Заң әділеттілік қағидатына сай және жазасын өтеушілерге қайта әлеуметтену мүмкіндігін беруге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін депутат Абзал Құспан Мәжіліс дәлізінде сотталғандар ішінде кімдерге рақымшылық жасалуы мүмкін екенін айтқан еді.
Оның сөзінше, заң жобасына депутаттар бастама жасаған.
"Әзірге бірдеңе деуге ертелеу, бірақ бұл заң жобасына депутаттар бастама жасады. Қаңтарда Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Үкіметке депутаттық сауал жолдады, Үкімет те қолдады. Содан кейін заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қорытындысына жібердік", - деп түсіндірді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, ең алдымен сотталғандар ішінен осал санаттар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
"Олар - зейнеткерлер, кәмелетке толмағандар, бала тәрбиелеп отырған әйелдер, қылмыс жасалған кезде балаларын жалғыз тәрбиелеген ер адамдар және т.б. Қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар", - деді депутат Абзал Құспан.
Айта кетейік, Мәжіліс жаңа заң жобалары бойынша жұмысты бастады:
Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы;
Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру бойынша негіздемелік келісімді ратификациялау туралы.