Құтты малдың құты кетпесін

Dalanews 20 мая 2021 14:22 1723

Төрт түлік малды тең өсірген бабаларымыз жартылай көшпелі үрдіске өткеннен кейін сиыр малын өсіруге көңіл қойғаны белгілі. Бірнеше табиғи аймақты қамтып жатқан ен далада шөл мен шөлейт және дала мен таулы өңірлерді кесіп өтіп, жайылым ыңғайына қарай қойын өрістетіп, жылқысын өсірген қазақ қауымы, осындай әртүрлі жайылым түрлерін маусымды пайдаланған көшпелі шаруашылыққа сиыр малын да бейімдеген-ді.

Қазақ қауымы өсірген сиыр малы табиғи сұрыптаудың төл туындысы ретінде, туып өскен өңірлік ерекшеліктеріне орай әртүрлі болған. Айталық, «Жетісу» сиыры – ауа-райы қолайлы оңтүстік өңірде өсірілгендіктен бойшаң, ірі денелі болса, шөл және шөлейт аймақтарда – табиғаттың қатал сынына төзімді, денесі шағын сиырлар кең таралған. Ал еліміздің, көбіне, батысында өсірілген қазақ және қалмақ сиыры деп аталған сиырлар – шымыр денелі, шағын келген, өзіне тән ерекшеліктері мол мал болып қалыптасқан.

Академик Е.Ф. Лискун, А.В. Ланин және басқа да көптеген зерттеушілер далада өсірілген қазақы сиырдың еті жоғары сапалы өнім ретінде Ресейдің базарларында жақсы бағаланғанын жазған. Ресей патшалығы кезінде сапасы жоғары «черкес еті» деген атпен танылған мақтаулы өнімге далалық жайылымда өскен украин көк сиыры мен қазақ сиырының еттері жатқызылған.

Кеңес заманында мал шаруашылығын өркендету барысында алғашқы шаралардың бірі ретінде жергілікті малдың өнімділігін жақсарту үшін оларды мамандандырылған етті бағыттағы тұқымдармен будандастыру қолға алынды. Осындай мақсатпен 1928 жылы ағылшын және уругвай елдерінен 1240 бас герефорд тұқымының сиырлары әкелініп, оның 900 басы Қазақстанға берілді. Сол кезде сырттан әкелінген 1,5 жасар ағылшын тайыншасы 475 келі салмақ тартса, уругвайдың тайыншасының салмағы 344 келі болды. Жергілікті малдың солармен қатарлас тайыншаларының салмағы 300 келіге жетпейтін болған. Өйткені, сол кездегі деректерде қазақы сиырдың салмағы 240-384 келі арасында болғаны жазылған. Сонымен бірге, зерттеу деректерінде жергілікті дөнен бұқалардың таңдаулысы 360 келі, бес жасар бұқалардың таңдаулысы 520 келі ғана салмақ тартқаны да келтірілген.

Сырттан мал әкелудің басты мақсаты – жаппай будандастыру арқылы жергілікті сиырлардың өнімдік сапасын жақсарту еді. Сол үшін, тұқымдық бұқашықтарды шаруашылықтарға таратып, ал ұрғашы тайыншаларды мақсатты пайдалану үшін жеке шаруашылықтарға топтастырып, асыл тұқымды мал тобы жасақталған. Жергілікті малды жаппай жақсартуға және тұқымдық деңгейі әр алуан малдарды, яғни бірінші және екінші буын будандардың ұрпағын әрі қарай жақсарту үшін аталық және аналық тегі әр қилы бұқашықтар «мақсатты жұптау» ұстанымы бойынша іріктелді. Будан малдардың етті бағыттағы қасиеттерін бекіту, жергілікті жайылымға төзімділігін қалыптастыру – селекциялық жұмыстардың басты шартына айналған.

Ғалымдар келтірген мәліметтер бойынша, сол кезде Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жергілікті малдың сақа сиырлары 317-339 келі тартса, Шығыс Қазақстан өңірінде жергілікті сиырлардың салмағы орта есеппен 320-338 келі болған, ал Ресейдің Еділ жағалауындағы шаруашылықтарда жергілікті малдың дене тұрпаты ірілеу болып, салмағы 377- 424 кг аралығында ауытқыған.

Жергілікті малды жақсартуды және жаңа тұқым қалыптастыруды жеделдету мақсатында 1931-1932 жылдары сырттан тағы да 800 бас герефорд малы әкелінді, оның 156 басы ағылшын елінен келген  бұқашықтар еді. Селекциялық бағыттағы осы үстеме жұмыстар, жергілікті малдың еттілігін жаппай жақсартуға серпін берді.

1937 жылы Ленин атындағы Бүкіл Одақтық ауыл шаруашылығы Академиясы /ВАСХНИЛ/ сессиясында герефорд тұқымымен будандастыру негізінде жаңа етті сиыр тұқымын шығару жұмыстарының тұжырымдамасы қабылданады да, 1939 жылы Совхоздар Министрлігінің бастамасымен екінші қайтара Ағылшын елінен 88 бұқашық пен 100 тайынша әкелінеді. Осы малдардың 76 бұқашығы және тайыншалары түгел Батыс Қазақстандағы «Аңқаты» шаруашылығына беріледі. Осылайша, етті бағыттағы сиыр малының жаңа тұқымын шығару жұмыстарына жаңа пәрмен беріліп, Қазақстан Республикасы осы бағыттағы жұмыстар бойынша ерекше басымдыққа ие болады.

Осы бастама жергілікті малды жаппай жақсарту үрдісіне серпін беріп, қазақтың мақтанышы «қазақтың ақбас сиыры» атты жаңа тұқым шығаруға мұрындық болды. Жергілікті малды герефорд тұқымымен жақсарту Қазақстан бойынша 13 облыстың 68 ауданын қамтыды. Будандастыру жұмыстары жүргізілген шаруашылықтар Қазақстан жерінің  48% аумағын, яғни 500 550 мың шаршы шақырым көлемін алып жатты. Мал өсірілген аумақ шығысында Тарбағатай тауынан басталса, батысында Ресейдің Еділ /Волга/ өзенінің жағалауындағы далалы өңірлерімен ұласты. Осындай алымды жұмыстардың ауқымы қомақты нәтижеге қол жеткізді. Сол кезеңде жаңа шыққан тұқымның тиімділігін байқаған жергілікті халық осы сиырды «құтты мал» деп атапты.

Ресейде жергілікті малды герефорд тұқымымен жақсарту жұмыстары Орынбор, Волгоград, Сарытау және Солтүстік Кавказ өңірлерінің шаруашылықтарында жүргізілді.

Атап өтетін жәйт, будандастыру жұмыстары жоспарлы түрде қарқынды жүргізілген. Мысалы, басында бір бұқашық қоралап шағылыстыру әдісімен 100 бас аналықты қашырса, 1936 жылдары қолдан ұрықтандыру әдісін кеңінен қолдана отырып, бір бас асыл тұқымды бұқа 300-ден аса сиыр ұрықтандыратын деңгейге жеткен.

Одақ көлемінде сырттан әкелінген герефорд тұқымының 60%-дан астамы Қазақстан аумағында пайдаланылды деген дәйекті дерек бар. Әсіресе, 1939 жылы әкелінген ағылшындық герефорд тұқымының тектік сапасы жоғары еді. Олар «Аңқаты» шаруашылығында шоғырландырылып, еліміздің батыс аймағында етті бағыттағы сиыр малының ірі денелі тұқымдық тобын қалыптастыруға мұрындық болды.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында асыл тұқымды мал шаруашылықтары ұйымдастырылып, сырттан әкелінген бұқаларды жоспарды түрде пайдалану жолға қойылды. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарында жаңа тұқым талаптарына сай келетін мал басы шоғырланды, талап үдесінен шықпаған малдар жаппай будандастырумен шұғылданған шаруашылықтардың аналық басын толықтыруға пайдаланылды.

Жергілікті малды жақсарту жұмысына, көбіне, асыл тұқымды шаруашылықтарда өсірілген тұқымдық бұқашықтар қолданылды. Осылайша, жаңа тұқым шығаруға бағытталған селекциялық жұмыстар республикалық деңгейде ғалым-селекционерлердің бақылауымен, қажетті реттілікті сақтай отырып жүргізіліп, жоспарлы түрде жүзеге асты.

Сырттан келген малдың біздің табиғи жағдайымызға бейімделуі әр өңірде әр қилы өтті. Алғашында, көптеген малда бейімделу үдерісінің белгілері болып табылатын жүрек қағысы мен тыныс алуы жиілеп, денесінің қызуы көтеріліп, жаппай тершеңдігі байқалды. Жаңа ортаға бейімделу барысында, басқа да қолайсыздықтар орын алды.

Мысалы, табынға қосқанда сырттан әкелген таза тұқымды герефорд және бірінші буындық будан бұқашықтардың белсенділігі төмендеу болып, бұзау алу жоспарының орындалуы қиынға соқты. Таза тұқымды және бірінші буындық будан малдарда жұқпалы аурулар, мысалы, туберкулез, бруцеллез белең алды.

Далада жайылымда жүрген малдардың арасында конъюктивит пен кератит аурулары көбейді. Өз отанында шөбі шүйгін жайылымда бағылған малдар біздің ауқымы кең өрісімізде тұяғынан кемдік көрді. Сиырды жаппай жақсарту барысында мал өсіру мәселесі қалыптасқан әдіспен жүргізіліп, табиғи сұрыптау тезінен де өткізілді. Осы ұстаным жергілікті жерге бейімделген етті сиырдың қалыптасуын қамтамасыз етті.

Герефорд тұқымының жергілікті жерге бейімделуіне, климаттық жағдаймен қатар, тектілік қасиет те ықпал еткені анықталды. Мысалы, ағылшыннан келген малдарға қарағанда, Канададан келген малдар климаты қатал біздің табиғи жағдайымызға тез бейімделді. Өйткені, Канаданың климаты қатал жағдайында табиғи сұрыптаудан өткен мал, біздің елдің де ауа-райына көнбістігін көрсетті /А.В. Ланина/.

Сонымен қатар, ескеретін жәйт – сараптау барысында ағылшын бұқашықтарында «туыстық жақындық» /инбридинг/ орын алғаны анықталды. Қан жақындығы малдың кейбір белгілерінің бекемделуіне ықпал еткенімен, көбіне, ағзаның төзімділігін әлсіретіп, қалыпты қызметіне нұқсан келтіретіні генетика ілімінде белгілі жәйт. Мысалы, ағылшын бұқашықтарына тән II-III и II-II деңгейдегі туыстық жақындық екінші буын ұрпақтарының өзара шағылысуына жол берілгеніне дәлел.

Жаппай будандастыра отырып, қолдағы малды жақсарту барысында ұтымды жүргізілген сұрыптау мен жұптау жұмыстары республикамыздың барлық өңірінде жаңа тұқымдық мал тобының қалыптасуына ықпал етті.

Біріншіден, мал басы барынша селекциялық жұмыспен қамтылды, екіншіден, асыл тұқымды шаруашылықтарда тұқымдық малдың таңдаулы тобы шоғырланып, аталық малдар таңдалып, іріктеліп алынды. Осылайша, ұдайы жүргізілген сұрыптау жұмыстары және малдың белгілі бір нышандарын жақсарту мақсатында қолданылған сындарлы жұптау үдерісі жиырма жылдың көлемінде өзіндік ерекше белгілері қалыптасқан жаңа тұқымның шығуына ұласты.

Одақ ғалымдары мен селекционерлеріне қойылған талап – етті бағыттағы белгілері жақсы жетілген және жергілікті табиғи ортаға бейім жаңа сиыр тұқымының қалыптасуы еді. Осы талаптардың межесі де белгіленді: сақа сиырлардың салмағы 520-550 келі, бұқалардың салмағы 850-900 келі және 1,5 жасқа жеткен бұқашықтар 450 келіден кем емес салмақ тартуы көзделді.

Асыл тұқымды мал шаруашылықтарында сындарлы сұрыптау мен жұптау жұмыстарының барысында көптеген аталық іздер қалыптасты. Әртүрлі табиғи аймақта өсірілгендіктен тұқымішілік құрылымдық мал топтары қалыптасты. Деректер легіне сүйенсек, тек Қазақстан аумағында етті бағыттағы сапасы бекіген, тектік қасиеті тұрақталған мал тобының өзі жеке дара жаңа тұқымды апробациялау деңгейіне жеткені жазылған.

Ресейдің біраз өңірлерін қамтыған және селекциялық жұмыстары бірдей әдістемелік ұстанымдармен атқарылғандықтан 1950 жылы Одақ көлемінде Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен жаңа тұқым бекітілді. Әрине, бұл үлкен жетістік, әрі мақтаныш еді. Қазақстан жаңа тұқымның мал басы жағынан, өсірілу аумағының көлемі және селекциялық жұмыс барысында қалыптасқан аталықіз бен тұқымішілік құрылымдық мал топтары /тип-сүле/ саны жағынан Ресейден озық тұрды. Ауқымы кең жұмыс және ғалымдар мен селекционерлердің қажырлы еңбегі осылай нәтижелі межеге жетті.

Рекомендовать
Последние новости