Жылқы – төрт түліктің төресі

Dalanews 05 апр. 2021 11:55 8989

Амандасуды «мал-жан аман ба» деп бастайтын қазақ үшін төрт түліктің орны бөлек. Төрт құбыласы сай болғанын қалайтын қазақ халқының тұрмысы ежелден-ақ төрт түлікпен тығыз байланысты болғаны белгілі. Дегенмен жылқыны ерекше қадірлеп, «төрт түліктің төресі» деп таныған.

Тарихқа үңілсек, жылқыны ең алғаш қолға үйреткен де қазақ екені мақтаныш. Ағылшын ғалымдары қазақ жеріндегі тайпалар ең алғаш, осыдан 6-7 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткенін айтқан еді. Археолог Виктор Зайберт бастаған халықаралық ғылыми қауымдастық Солтүстік Қазақстан өңірінде «Ботай қонысын» зерттеу барысында осы тұжырымды ғылыми растады. Бұл тұжырым 2009 жылы SCIENCE ғылыми журналында жарияланып, әлем жұртшылығына жылқының тұңғыш рет «Ботай қонысында» қолға үйретілгенін айғақтап, б.з.д. ІV мыңжылдықта осы жерде қымыз дайындалғанын жария етті.

Сөйтіп, тұжырымды ұсынған жетекші ғалымдар: палеозоолог-маман, профессор Шандор Бекени жылқының тістеріндегі ауыздықтардың іздерін анықтаудың өзіндік әдісін тапқан америкалық ғалым Дэвид Энтони; жылқының сүйегінде қолға үйретілгендігін дәлелдейтін морфологиялық белгілерінің бөлшектенуіне қатысты остеологиялық жиынтықтарды зерттеуші неміс ғалымы Фриш Бенеке; Ботай ыдыстарының сынықтарынан қымыздың нәлін анықтаған ағылшын ғалымы Алан Оутрам.

Осылай қазақты айдай әлемге паш еткен жылқы туралы не білеміз? Осы түлікке деген көзқарасымыз қандай? Жеті қазынамыздың біріне баланған жануардың тарихына көз жүгіртіп, ерекше қасиеттеріне үңіліп, жылқы шаруашылығының болашағына барлау жасағанды жөн санадым.

Менің пайымымда, өзгелерден ертерек атқа қонған бабаларымыздың жылқы туралы танымы да басқа халықтардан жоғары болуы заңдылық. Мысалы, жолаушылап келе жатып, құлынның кісінеуінен: «Мынау баяғы жоғалған айғырымның көзі ғой» деп таныған бабаларымыздың көрегенділігі аңызға айналған.

Ең ғажабы, XVIII-XIX ғасырдың өзінде орыс зерттеушісі А.Вилькинс «қазақ жылқысы арқылы біз, орыстар, жылқыға қол жеткіздік» дегенді айтқан. Ең қызығы, орыс зерттеушілері А.С. Красников пен О.С. Турбачев «лошадь» деген сөздің «Алаш» және «ат» сөздерінің бірігуінен туындаған деген қорытындыға келген. Олардың пайымдауынша, көшпенді Алаш тайпалары (шамамен 800-900 жыл бұрын) орыс князьдіктерімен саудаласқан. Орыс кінәздері «Алаштан ат» алдық деп, бұл жануарды «алаш ат», яғни өз тілдеріне бейімдеп «лошадь» деп атап кеткен.

Ежелден бері қазақ жылқылары, қолданылу мақсатына орай негізінен, арғымақ, қазанат, қарабайыр, жабы деп бөлген. Қазақ жылқылары рулық, жерлік сипатына қарай – Адай, Шекті, Найман, Алтай, Жетісу, Іле, Сауран жылқылары деп те жіктеліп жатады. Әрине, бұл қазақы жылқылардың аймақтық түрлері.

Ауызша таралған әңгіме, қағазға түскен деректерге сүйенсек, «арғымақ» деп тек асылтұқымды, таза қанды жылқыларды атаған. Таза қанды жылқы деп қазақ жерінде көбіне түрікменнің ақалтеке мен текежәуміт тұқымдарын атаған, кейбір деректерде және ауызша әңгімелерде араб жылқысы да таза қанды жылқыға жатқызылған.

Орыс зерттеушісі Н.Бахметьев (1870) қазақ жылқысының аптап ыстық пен қақаған аязға төзімділігі, ұзақ жүріске мойымайтыны, жемшөпсіз ұзаққа шыдайтынын жазған. Жорға аттардың жайлы жүрісін, алыс жолға мінуге ыңғайлы қасиеттерін жоғары бағалаған.

Орта Азия мен қазақ даласын көп зерттеген А.Вилькинстің «Заметки о лошадях Туркестана» (1885) атты еңбегі нақты фактілермен құнды. Ол қарабайыр ат жөнінде «арғымақ айғырды қазақ биесімен шағылыстырады, бірінші туғаны арғымақтан айнымайды. Үшінші туғаны бүкіл Орта Азияда құрметтейтін қарабайырды береді...» деген пікір айтқан. Осы еңбекте «Әулиеата қазақтары ұзындығы 100 верстік (80 км) бәйге ұйымдастырып отырған» деген дерек келтіреді. Зерттеуші жергілікті халықтың аттың қандай жүрісін ұнататынына да назар аударған. Алыс жолға ең жақсы жүріс «ход» дей отырып, бұл жүріс Еуропада кездеспейді деп ой түйіндейді (бұл «жорға аяң» болар).

А.Вилькинс өзінің «Лучшие породы киргизских лошадей – Аргымак» атты мақаласында таза қанды жылқыларды басқа жылқы тұқымдарымен араластырмай, тек қоршаған табиғи ортаға бейімдеп, төзімділік пен шыдамдылыққа баулып, алыс қашықтыққа шабуға үйреткенін жазады. Абылай ханның қалмақтармен соғыс кезінде әр түтінге арғымақтан бір бие, бір айғырдан салық салғанын, осы жылқы үйірін «Ханның інжу-маржаны» (Жемчужина ханства) деп атағаны жайлы дерек келтіреді. Осы мақалада таза қанды арғымақтар мен түрікмен жылқыларының бәйге жарысы баяндалады. Жарыстан соң қазақ арғымақтарының қызып алып, ауыздықпен алысып, «көзінен от ұшқындағаны» суреттеледі.

Орыс зерттеушісі Я.Я. Полферов «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» деген мақаласында да арғымақ аттың сұлу сымбаты мен жүйрік қасиетін дәріптейді. В.Железнов «Казак Василий Струняшевтің басынан кешкендері» мақаласында арғымақтың ұзаққа шабатынын, шапқан сайын жылдамдығын үдетіп отыратын қасиеттеріне тоқталып, қуғыншылардан қашқанда 200 верст (160 км) қашықтықты шауып өткенін жазған.

В Фирсов (1895) зерттеулерінде  «Қазанат – қазақы биелерге асылтұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан» деген дерек жазып, «қазақ биесінің тұқымында тұрақтылық бар, олар басқа тұқымдармен будандастырғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады» деген тұжырым жасаған. Махамбеттің «Арғымақтан туған қазанат» деп келетін өлең жолдарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Қобыланды батыр жырында: «Мінуге керек қазанат, Беліңе керек шарболат» деген сөздер қазанаттың ертеде қалыптасқан тұқым екеніне бұлтартпас дәлел.

Сонымен, «Қазанат» деген ұғым асылтұқымды айғырларды жергілікті тұқымның кең құрсақты таңдаулы мама биелерімен будандастырудан алған жылқыны меңзеп тұр. «Қазанат» сөзі – жеңімпаз, мықты жауынгердің жылқысы деген ұғымды білдіреді «Сәдібек Түгел) деген пікірге дендесек, қазанат ұғымы аттың мықтысын дәріптейтінін байқаймыз.

«Қарабайыр» тұқымының будан жылқы екені анық болғанымен, шығу төркіні туралы деректер әр алуан. Я.Я. Полферов «Лучшие породы киргизской лошади – карабайыр» деген мақаласында қарабайыр арғымақ тұқымдарынан алған сұңғақ бойлы әдемі жылқы екенін /121бет/ айта келіп, түрікмен жылқысы мен жергілікті биелерден туған будан /128 бет/ деген анықтама береді. Жалпы, арғымақтан түскен будан немесе қазанаттан алынған будан деген ақпараттар жиі кездеседі. Қалай десе де қарабайыр тұқымының аламан бәйгеге шабатын қарымы мықты жылқы екені шүбә келтірмейді.

Қазақтың Қарабайыр жылқысын қазіргі Өзбекстан мемлекетінде дербес тұқым ретінде танылған «Қарабайыр» тұқымымен шатастырмаған абзал. Менің пайымдауымша, XVIII ғасырдан бері жазба тарихқа енген деректер мен ауызша жеткен әңгіме сарынын салыстырсам, қарабайыр деген атау арғымақтан алынған буданды қолтума мал ретінде қарабайыр немесе кәдімгі қарапайым өзіміздің үйреншікті жылқымыз деген мағынада қолданған іспетті. «Қарабайыр қазанат, қара жолда қалдырмас» деген жыр жолдары осыған куә.

Жабы деп көбіне қазақ жылқысының жыл бойына жайылымда бағылып, қалың қар, көк мұзда тебіндеп шығатын шаруашылық бағытта өсірген түрін атайды. Қазақ жылқысы дегеніміз, – денесі шымыр, тез ет алғыш, оңайлықпен арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді мал екені даусыз.

Абай айтқандай, «қар тепкенге қажымас қайран жылқы» деген осылар. Қазақ жылқысы мезетінде қажетті коректі бойына жинай алатын, қолайсыз кезеңдерде жинақталған қордың қуатымен қоңын түсірмейтін қасиеті бабалар жүргізген селекциялық жұмыстардың жасампаз жетістігі.

Ен дала төсінде еркін өсіп-өнген қазақ жылқысы, шынымен, табиғаттың төлтума тұқымы. Сұрыптау жұмыстарына орай олардың бірнеше тұқымдық түрлері бар. Ең көп таралғаны – «жабы» жылқысы. Бұл жылқының негізгі қасиеті жемшөп талғамайды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Пайдалану мақсаттарына орай етті-сүтті бағыттағы жылқы, салт жүріске бейімделген аяңшыл, алыс сапарларға шығуға арналған жүрдек жылқы деп жіктеуге болады.

Жабы – түркі халықтарында көбіне «жүк көтергіш» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, шаруаға мығым мал екені түсінікті.

2004 жылдан басталған Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты мен Кембридж университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеулері бойынша академик И.Н. Нечаев «...жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған» деп жазады. И.Н. Нечаевтің пікірінше, «...осы ген тарпаңдардан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Соның жұрнақтары біздің жылқыларда кездеседі» деп ойын түйіндейді.

Байырғы қазақ жылқыны жыл бойына жайылымда баққан. Ерте көктемнен тау етегіне ілініп, жаз жайлау жайлап, күз күзекке тұрақтап, қыс мезгілінде ықтасыны көп, өрісі күнгей бетте орналасқан жайылымдарда ұстаған.  Жылқы жейтін шөптерді екі түрге бөлген: ақ от және қара от. Ақ от дегеніміз, – қара топырақты жердің селеулі шөптері, қара от дегеніміз, – сары топырақты жердің жусанды, изенді шөптер.

Халық жырларында «жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы» деген жыр жолдары кездеседі. Осындағы «тарлау» – шын мәнінде, ерекше шөп, жылқының жан азығы. Халық оны тіпті дәріптеп «атқұтыртқан» деп те атайды. Тарлаудан соң жылқының сүйсініп жейтін азығы – бетеге. Сондықтан да бабалардан «бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген де сөз қалған.

Жылқының азығын жан-жақты зерттеген ғалымдар: «Жылқы ажырықты – жыл бойы, шиді – қыстан көктемге дейін, изенді – жыл бойы, ебелекті – күзде және қыста, тас бұйырғынды – күзде және қыста, көкпекті – күзден көктемге дейін, майқараны – күзде және қыста, бетеге, боз ақселеуді жыл бойы жейді» деген тұжырым жасаған.

Көшпенді бабаларымыз жылқының арқасында Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Жалпы, жылқы күш көлігі ретінде ғана емес, қазаққа дәмді әрі сіңімді етімен, шөліңді қандыратын шипалық емі бар сусындық сүтімен қадірлі. Сондықтан да, қазақ тұрмысында жылқы сән-салтанаттың, сұлулықтың символы ретінде әспеттеліп, байлықтың өлшемі ретінде қарастырылған.

Ежелде сән-салтанат үшін бай-дәулетті қазақтар түркімен және араб жылқыларын мінген. Мүсіні сымбатты, жүрісі әсем осы жылқыларды жерсіндіріп, оларды сұрыптау барысында арғымақ тұқымдарының қалыптасқаны жоғарыда жазылды. Оларды іріктеп өз жылқыларымен будандастырған. Осындай селекциялық жұмыстың нәтижесінде кең байтақ дала төсінде табиғи сұрыптаудың тезінен өткен әртүрлі бағыттағы қазақ жылқысы дамыған.

Жүйрік аттар, көбіне, арғымақтар мен будан жылқылардың ішінен шыққан. Осы будан жылқылардан мініске шыдамды, жүріске де ыңғайлы жылқылар іріктеген. Қарабайыр деп аталып жүрген жылқылар осыған саяды.

Жылқыны жанындай көрген қазақ қауымында асылтұқымды жылқылардың, бәйге аттардың, жорғалардың тұқымдары ерекше құрметтелген. Олардың шығу тегі шежіре сияқты атадан балаға айтылып, ауызба-ауыз беріліп отырған. Сонымен бірге, қазақ халқында «сәйгүлік», «тұлпар» деген ұғымдар қалыптасқан. Менің пайымдауымша, жүйрік жылқыларды әспеттеп тұлпар, сәйгүлік деп атаған. Көбіне, жоралғы ретінде қадірлі қонағына мінгізілген әсем аттарды «сәйгүлік» деп дәріптеген.

Тұлпар деген атау, негізінен, бітімі бөлек, ұзаққа шабатын жүйрік әрі мықты аттарды сипаттаған. Тұлпар атауы, көбіне, батырлармен қатар аталады. Ауыз әдебиетте жылқының мықты жүйріктерінен іріктеп тұлпар өсірген, осы тұлпарларды батырлар мінген. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген бабаларымыз ел тыныштығы мен жер тұтастығын қорғау үшін алыс жолға талмайтын, қиындыққа мойымайтын, жаратылысы ерекше жылқы қажет болатыны заңдылық.

Мысалы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбар батырдың Қара қасқасы, Қабанбайдың Қубасы. Әдебиетте жырланған тұлпарлардың сипаты да керемет. Мысалы, «шырақтай жанған томағакөз», «салпы ерін», «шықшыты оралып жатқан түбектей», «от орнындай тұяқты» деген теңеулер шын жүйрікке тән нышандар.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі дәуірде қазақ жылқысының арғымақ, қазанат және қарабайыр тұқымдары ұзақ шабысқа шыдамдылығымен бабаларымыздың рухын өсірді. Әзірге, қолда бар деректер бойынша таза қанды аталған түрікмен, араб жылқылары осы тұқымдардың қалыптасуына және дамуына тікелей ықпал еткені күмән келтірмейді. Адам қолымен аялап өсірген мәдени сұрыптаудың нәтижесі болғандықтан, түркімен аттары нәзік, кірпияз болып келеді.

Осындайда, бабаларымыздың баптап өсірген арғымақтары мен қазанаттары діттеген жеріне жеткізіп, мерейіңді өсіріп, ел құрметіне бөленгені мақтаныш.

Жылқыға деген бабаларымыздың ерекше құрметіне және қазақ балаларының атқа деген құштарлығына үңілсем, соның  астарында жылқы малына тән ерекше қасиеттер жатыр ма деп пайымдаймын. Жылқының басты қасиеті сол – туған жері мен жүрген жерін ешқашан ұмытпайды. Жылқы өте сезімтал мал, сезім түйсігі жақсы жетілгенін ғылым дәлелдеген. Жалпы, көру, есту, иіс сезу, дәм тату қасиеттері де жақсы дамыған жануар. Тазалыққа жаны құштар, мінезі кірпияз. Судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейді. Діңкесі құрып, шөлдеп тұрса да лай су ішпейді. Тіпті ағын судың өзін кешіп жүріп, тұнығын таңдап ішеді.

Жылқының көзі айналасын 360 (кейбір деректерде 340) градусқа түгелдей бақылай алады әрі күндіз-түні бірдей көреді. Жылқы басын бұрмай-ақ, артында тұрған барлық нәрсені байқай алады. Сезімтал болғандықтан түнде айналасын жұлдызға қарап барлап жүретін қабілетке ие.

Жылқының өзге малдардан өзгешелігі, бұғана сүйектері жоқ. Бұл жылқыға жүк көтеруге, бәйгеде көсіле шабуға мүмкіндік береді. Күретамырлары жуан болғандықтан қаны айналысқа тез түседі.

Жылқының бір ерекшелігі аузымен дем ала алмайды, егер мұрны жабық болса, олар тұншығып қалады. Жылқы түрегеп тұрып ұйықтай береді. Қазақы пайымда, жақсы аттар, әсіресе жүйрік аттар «аз оттап, көп жусайды» деген пікір бар. Ат жарататын бапкерлер түрегеп тұрып жусаған жылқының күш қуаты бүкіл денесіне тарап, тұлғасының шымыр, тұтас болып қалыптасуына ықпал етеді және аз оттап, көп жусаған жылқы өзін-өзі жаратады деген көзқарасты ұстанады. Жусау дегеніміз жылқының тоғын басып, тыныстап демалуы екенін ескерсек, шынымен, жүйрік аттар өздерін іштей жаратып, денесін жеңіл ұстайтын кінәмшіл болады.

Мал ішінде аязға төзімдісі де жылқы. Далада жайылымда аязда жүрген жылқылар арт жағын (құйрығын) желге тосып, жайыла береді. Суыққа шыдамайтын осал жері – қара сирағы (тізесінен төмен).

Жылқы топпен өмір сүретін жануар. Үйірге салған «айғыр» өз үйірін басқарып, оны қорғай алады, ал мықты айғырлар үйірін қайырып ұстайды. Жылқы малы түйсігі жетілген текті мал болғандықтан, айғыр өз баласына шаппайды. Егер үйіріне бөтен буаз бие қосылса, оны қуалап жүріп іш тастатады. Ал құлындаса, онда құлынды шайнап өлтіріп тастайды. Бұл жауыздық емес, тек қан тазалығын сақтау түйсігі, иелігіндегі үйірдің өзінің ұрығынан көбеюіне жауапкершілік. Үйірін шүйгін өріс пен судың тұнығына жетелеп, аязда, жаңбырлы күнде ықтасын жерге айдап қайыратын айғырдың түйсігіне қайран қаласың. Кейде үйірді мама биелер де бастайды, дегенмен үйірді қайыратын тек айғыр. Кереметі сол, айғырда құлынның туылған сәттегі кісінеген үнін ұмытпайтын және өз баласын жазбай танитын қасиет бар.

Жылқының есті мал екеніне тәнті боласың. Мысалы, екі айғырдың үйірі жайылымда бір жерге тоқайласып қалса, айғырлар біріне-бірі жақындап келіп, тастаған тезектерін иіскеу арқылы қайсысының мықты екенін анықтайды. Осалдау айғыр үйірін алып, басқа өріске кетеді. Міне, түйсікті малдың сезімталдығы.

Әлбетте, шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен жылқының сүті де, еті де дәмді әрі шипалы. Ғалымдар жылқы етінің көптеген (17 түрлі) ауруға ем болатынын дәлелдеген. Мәселен, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады. Мидағы жасушаларды жаңартып, адамның есте сақтау қабілетін арттырады. Сонымен қатар оның еті жүрек-қан тамыры ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырамауына өте пайдалы. Жылқы етінің ерекшелігі суықта қатпайтыны әрі ет жеген адамның денесін қыздыратын қасиеті. Үлкен кісілер, мысалы менің әжем «сәбиінде жылқының етін жеп, сүтін ішкен адам көкірек ауруына шалдықпайды» деп айтып отыратын.

Жылқы малы жарақат алса да, жаздың аптап ыстығында құрттамайды,  осындай қасиет жануарлар ішінде жылқыға ғана тән. Жылқы денесіндегі еттің ерекшелігі болар, ашық жараға шыбын қонбайды.

Жылқының сүті де жанға дәру. Байырғы қазақ жаңа сауылған биенің сүтін жас балаға жылыдай ішкізген. Дімкəс балалардың денсаулығы осы жылқы сүтінің арқасында дұрысталып кеткен. Тіпті кейбір деректерде, жүкті əйелдің бетінде пайда болған қара дақтарға биенің жаңа сауылған сүтінің көбігін жақса, еш дақ қалмайтыны айтылады.

Қымыз дайындау барысындағы микробиологиялық үрдіс кезінде сүттің құрамы адам ағзасына пайдалы коректік заттармен қанығып, дәмі кіріп, қымыздың құрамындағы элементтер тез сіңімді болады. Әсіресе, қымыз қан құрамындағы гемоглобинді, эритроциттерді көбейтетін дəрумендерге бай. Бұрынғы аналарымыздың денсаулығы мықты, дəрі-дəрмексіз дүниеге қаншама ұрпақты əкелулері осы қымыздың пайдасы мен қуаты болар.  Бертінге дейін қымыздың дәмін келтіріп, емдік әсерін күшейте түсу үшін оған кепкен сүр қазы, қойдың құйрығы, бал, мейіз, қалампыр, күшала, көк қылша, құйма күміс (жамбы) қосқан. Үзбей қымыз ішкенде экземаның жазылатыны ғылыми дәлелденген.

Қызығы, жылқының тезегі де пайдалы. Мамандардың айтуынша, асма ауруына шалдыққан адамды, жылқы тезегін иіскету арқылы жазуға да болады екен. Байырғы қазақтар үсіген баланың аяғын жылқының тезегіне орап жазған екен.

Жылқы өсірудегі қазақ халқының тамаша өнегесінің бірі балаларды ерте жастан атқа мінуге үйрету. Әрине, ат үстінде бала тез есейіп, ержетеді. «Атқа мінгеннің арқасы қозады» демекші, атқа мінген баланың көңілі марқайып, арманына қанат бітіп, шабыттанып кететіні өз алдына, ең бастысы, әкесіне қолғанат екенін ерте түйсінеді. Адам ат көңілін тапса, ат адамның тақымына жақса, екеуінің арасында жақсы қарым-қатынас орнайтыны белгілі жайт. Дегенмен атқа бейілі ауған адам жаман ойдан да құтылады және адамның бар ықылас-пейілі атқа ауып, бойындағы кейбір жаман қылықтардан арылуына ықпал етеді. Жақсы ат мінген адам сол аттың арқасында көпшілікпен тығыз байланыста болып, игі жақсылардан өнеге-тәлім алуына мүмкіндік алады.

Қазіргі уақытта медицина ғылымы атқа мінудің денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдеді. Ал бабаларымыз осы түйткілді ертеден білген. Қазақтың ұлттық ойындары да, көбіне, атпен тікелей байланысты. Мәселен, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу, аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, тай жарыстар бір жағы спорттық шараға келсе, екінші жағынан ептілікті шыңдайтын жаттығу іспетті.

Қазақ халқының атқа міну тәртібі де өзгеше. Қазақы дәстүрде алдынан қарағанда аттың оң жағын «мінер жағы» дейді, ал сол жағын «қамшылар жағы» дейді. Бұл тәртіптің сыры адамдардың оңқай болуына байланысты деген пікір бар. Бағзы заманда жорыққа аттанғандар қылышты оңай суырылу үшін сол жағына таққан. Сол жағында қылышы бар адамның алдымен сол аяғын үзеңгіге салу ыңғайлы екені шындық. Бұл тәртіп көп адамның бір мезетте атқа отыруына да ыңғайлы болғанын ескерген.

Аттың сыны, ат баптап жарату мәселелері бойынша қазақ халқына тән өзіндік қолтаңба қалыптасқан. Менің пайымым бойынша, аяғы шыққаннан атқа отырған бабаларымыз жылқы сырын жақсы меңгерген. Байырғы қазақтардың атты бәйгеге жаратудағы әдісі де өзгеше болған, бәйгеге көбіне, 40-60 күн аралығында жаратқан. Еуропалықтар болса, атты жыл бойына тренинг жасатып, бір қалыпты ұстайды.

Қолдағы бар мәліметтер бойынша «ат сынау өнері» Шығыстан, қазақ даласынан басталатыны (В.Ковлевская «Конь и всадник», М.: Наука, 1977) бізге мақтаныш.

Жалпы, ат таңдау, жүйрікті сынау қазақ халқының қанымен бітіскен киелі өнер десек артық болмайды. Абай өлеңдерінде аттың жиырма жеті түрлі сыны қамтылса, Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында тұлпардың елу үш белгісін жазады. Жылқыны түбіне дендеп зерттеген Қажытай Ілиясұлының бәйге атының жетпіс тоғыз түрлі сынын сипаттайды. Малдардың мінез-құлқын зерттейтін жеке ілім тағы бар. Мысалы, бәйге аты кермеге, не белдеуге байланса қабырғалап, қырын тұрады. Бұл бәйге аттарына тән сергектік. Осындай көзге ілмейтін, әркім біле бермейтін ат сырлары өте көп.

Жүйрік аттарға тән белгілер сыншылар тарапынан әртүрлі қырынан айтылғанмен, негізінен аттың түр-тұрпатын толық суреттейді. Мысалы, Абай сынында: «тояттаған бүркіттей салқы төсті» деп омырауының кеңдігін айтады, шынтaғы қaбыpғaдан aлшaқ тұpaды, жерсоғары сіңірлі келеді, тұяғы жұмыp бoлaды, құйpығы күлтeлeніп, көтeндігі шығыңқы, қыл түбi әлдi кeлeді деген теңеулер шынайы суреттеме. Боранбай бидің «артынан қарасаң төсі көрініп тұратын» деген теңеуі арты талтақ, бота тірсекті жылқыны айтқаны, Махамбет жырлаған «томаға көз» көзінің үлкендігін, «теке мұрын» деп аттың танауының кең болғанын қалағаны.

Жүйрік жылқының иегінің асты алқымы кең болатыны, танауы кең болып, балықтың желбезегіндей желбіріп тұратыны және танауында тесіктің көп болатыны ғылыми дәлелденген сипаттар. Шындығында, өрен жүйрік аттың танауындағы көп тесіктер жылқының тынысы алуына дем беріп, ұзаққа шабуына ықпал етеді.

Ат бітіміне қарай әр қилы болады. Алды-арты бірдей шаршы аттар болады, Араб жылқылары осы топқа жатады.  Алды аласа, арты биік аттарды қазақ танымында өршіл, ал шоқтығы биік жылқыны алды күшті болады деп бағалайды. Ат жарататындар құйымшағы көтеріңкі жылқыны «оттығы үлкен екен, мықты жануар» деп бағалайды. Қазақ тілі сөзге бай болғандықтан, ат жарататын адамдарды қазақта, көбіне, «сейіс», «атбегі» десе, Ғабит Мүсірепов «атпаз» деп атапты. Қазақы танымда, бапкерлер  көбіне, жүйрік аттың үш белгісіне (үш шошақ) алдымен назар аударады: кекілі, шоқтығы және құйымшағы.

Орыс ғалымы А.Вилькинс зерттеулерінде қазақ даласында ат жаратудың кейбір тұстарына шолу жасапты. Мысалы, «18-20 верст жүгіріп келген атқа су ішкізгенде ат бір-екі жұтып, судан басын алса дайын болғаны» деген айғақты келтірген. Төрехан атам, баптаған аттың бабын білу үшін түн ортасында тас қараңғыда бұлақ басына бос қоя береді екен. Егер ат бұлақтан су ішсе, онда бабында мін жоқ деп санапты. Тағы бір кең етек алған белгі, тезектің құрғақ болуы. Аттың тезегін қолмен қатты қысқанда ылғал қолға жұқпау керек.

Байырғы бабалардың ат баптау әдісі де өзгеше. Әр ауылдың жүйрікті баптайтын өз бапкерлері болған. Байырғы ұстаным бойынша, жүйрікті жазда баптап, күзде семіртіп, қыста күйін сақтап, көктемде қуатын арттырып отырады екен. Сондай-ақ баптауда жүрген жүйріктің қолтығы ашылып,  өкпесі пісіп, тынысы дұрыс ашылса, тері ойдағыдай алынса, іші ақаусыз тартылса, суытуы әбден қанса бұндай жүйірікті бабына түскен жүйрік деп бағалайды екен. Бабы қанған, жаратуы келіскен жүйрікті ары қарай толық жетілдіріп бәйге мақсатына орай баптауды атбегілер тілінде «жүйрік қырлау» дейді. Жүйрік қырлау ісі нағыз бапкерлердің қолынан келетін шаруа.

Қазақы баптау болсын, заманауи әдіс бойынша да шауып келген аттың ентігін аңдау басты белгі (индикатор). Аттың ентігінің басылғанына, яғни қанша уақытта табиғи қалпына келгеніне қарап, баптау жұмысы реттеледі. Бәйгеге жастайынан қосылған кейбір жылқылар өзін-өзі баптайды екен. Жаркент өңірінде өмір сүрген менің бабам Салпық бидің атақты «Аққоян» деген аты сондай жануар болыпты. Қар суымен тау басына кеткен Аққоян жазғытұрым өзін-өзі жарата бастайды екен. Ұстап әкеп, кермеге байлағанда жануар жер тарпып, шыр айналып, саңлақтанады екен.

Бабы келген жүйрікті анықтаудың тәсілі көп әрі әр қилы. Мысалы, атамның тәсілінде тезегі мен несебіне мән береді екен, тезегі құрғақ әрі суға батпайтын болса, несебі мөлдір таза болса және жүні жылтылдап тұрса ғана «қырлауға» көшеді екен. Ат баптау әдістері Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» атты кітабында кеңінен қамтылған.

Қазіргі таңда, заманның ыңғайына қарай, халық тамашалап, жүйріктерге дем беріп отыру үшін ипподромдарда айналып шабу жолға қойылды. Жүйрік аттардың бабы мен бағы қатар сыналатын бұрынғы бәйге ең аз дегенде 50-60 шақырым болатын. Сондықтан бүгінгі айналма бәйгеде жылқылар, көбіне, орта қашықтыққа (18-21 км)  жүгіреді. Сонымен, алысқа шабатын аттар құлашын жазып, бауыры жіпсіп келе жатқанда ұшқыр аттар мәреге жетіп үлгереді. Осылайша, алысқа шабатын аттардың (қазақы ұғымда арғымақ пен қазанаттар) бағы байланып, тұлпар аттарды қалыптастыратын сұрыптау жұмыстары тоқырауға ұшырады.

Қазақтың байырғы тұлпарлары қазіргі таза қанды аттар сияқты бір жарыстан соң қалжырап қалмайды, бір суытып алғаннан кейін-ақ қайта қалпына келетін сергек болған. Бірақ, ондай қазанаттың тұқымы азып кетті. Оның ең басты себебі, XIX ғасырдың басынан басталған аласапыранда алыс-жақын елдерге үдере көшкен ауқатты адамдардың жақсы жылқысының көшпен бірге ауып кеткені. Жұртта көшке ілесе алмай күнделікті тірлікке жарайтын  жабы жылқылар ғана қалды. Осылай, жылқы тұқымы азып кетті. Ал кеңестік кезеңде ипподромда айналып шабу, қысқа және орта қашықтыққа бәйге тағайындау, тегінде ұзаққа шабатын мықтылық қасиеті бар жылқылардың дамуына тұсау болды.

XX ғасырдың басында Қостанай жылқы зауытының негізінде «Қазақтың қазанаты» деген жаңа тұқым шығару қолға алынды. Мемлекеттік «Қазақ тұлпары» атты шаруашылық құрылды. Осы шаруашылықта араб жылқысының мықтылық қасиетін, ағылшын тұқымының жылдамдығын сіңіру мақсатында будандастыру жұмыстары жүргізілді. Өйткені Қостанай жылқысы тұрқы жағынан ағылшын тұқымы сияқты сұңғақ, сүйегі мығым болғанымен, аламан бәйгеге қосқанда жылдамдығы жетпей жатты. Осылайша, араб жылқысынан алған будан мен ағылшын айғырынан алынған будандардың мақсатқа сай ұрпақтарын өзара шағылыстырып, екі тұқымның да жақсы қасиеттерін Қостанай жылқысының бойына сіңіре отырып, «Қазақтың қазанаты» тұқымын шығару жүріп жатты. Өкінішке орай, бұл бастама аяғына жетпей қалды.

Ең сорақысы, тәуелсіздік алғаннан кейін бәйгеге қосу үшін сырттан жаппай таза қанды жылқылар әкелінді. Америкадан, Англиядан, Ирландиядан, Франциядан, Польшадан, көршіміздегі Ресейден әкелінген жылқыларда есеп жоқ. Дегенмен бұлардың байырғы қазақи жылқылардың ширегіне де келмейтіні шындық. Арғымақ, қазанат, қарабайырлардың кереметі – ұзақ мініске шыдамдылығы, шаруаға және алысқа шабатын қарымдылығында.  Әрине, 50-60-80 км шақырымға бәйге өткізу ипподром аясында да, айналма шабатын атқа да, әрі көрермендерге де қиыншылық әкелері сөзсіз. Ұзақ қашықтыққа аттарды жіберу үшін бабаларымыз салған тіке шабысты қайта жандандыру қажет-ақ. Сонда ғана бабаларымыз қалыптастырған сара жолға түсіп, ат спортында өз брендімізді жасай алатынымызға сенімдімін.

Осы орайда, 2011 жылдан бастау алған алыс қашықтықтарға арналған 90,120 шақырымдық ат марафондарында алдарына қара салмай, жеңімпаз атанып келе жатқан Адай жылқылары. Яғни бұл Адай жылқысының тегінде бабаларымыз қалыптастырған шыдамдылық, мықтылық қасиеттердің сақталғанына куә. Осы жарыстарда Адай жылқысының кең тынысты екені де анықталды. Аралық межеде тынығу кезінде қан қысымы мен жүрек қағысының қалпына келуі бойынша басқа жылқылардан озық тұрды. Сонау 1952 жылы сынақта Адай жылқысының екі аты бір тәулікте 301 шақырым қашықтықты жүріп өткенін еске алсақ, осы тұқымның қарымдылығы әлі де тектік тамырын жоғалтпағанын көрсетеді.

Әрине, ағылшындардың таза қанды жылқысы әзірге бәйгенің алдын бермейді. Сол «сәйгүліктердің тұла бойында қазақтың қазанаттарының қаны тулап жатқаны талас тудырмайтын шындық» деген Сәдібек Түгел сөзіне мән берсек, байырғы бабалар қолданған сұрыптау әдісімен арғымақты да, қазанатты да қайта жандандыруға болады. Өкініштісі, қазақ өзінің төл жануарының жеңісіне қуанып жүрген жоқ, өйткені бәйгенің жүлдесі шетелден әкелінген ағылшын аттардың қанжығасында. Қазіргі әлемге танымал жылқы тұқымдарының ешқайсысы да 100 шақырымға жүгіре алмайды. Өйткені сұрыптау солай жүргізілді. Енді жылқыға деген құрметімізді қайта түлетіп, мақсатты түрде сұрыптау жүргізіп, ат баптау, жүйрік жарату мәселесін жолға қойсақ, аламан бәйгемен және жорға жарыста әлемдік жүйеде өз орнымызды алуға толық мүмкіндік бар. Бұл спорттық бағыттағы жылқы саласын дамыту бағытындағы басымдылық, егер осы шаралар қарастырылса, жылқы түлігін сән-салтанаттың символы санаған бабалар дәстүрі жанданар еді.

Қазақтың бәйге аттарынан кейінгі жоғары бағалайтын, ерекше құрметтейтіні жорға аттар. Жорғаның жүрісі адамға өте жайлы. Жорға жүрісі жылқыда туа бітетін қасиет болғандықтан, қазақтың ауқатты байлары жорға тұқымын өсіріп, оларды жорғасының ерекшелігіне (аяқ алысы) қарай жіктеп, бәйгеге арналған жылқыны ерекше күтімге алған.

Тарихқа үңілсек, революцияға дейін елімізде 5 миллиондай жылқы болған. Қазір, үш миллион басқа әрең жеткіздік. Жылқы көп болса, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бәйге аттар да көбейеді. Ең бастысы, жылқының көбеюі үлкен стратегиялық маңызды мәселе. Жылқы малының басы артса, қымыз да көп болады, ет те молаяды. Жылқының сусынын ішіп, етін жеген адамның денсаулығы да түзеледі. Мал басы өскен сайын, өнімнің бағасы да арзандайды, яғни экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да ұтарымыз мол. Әзірге қалталы азаматтарымыз оңай олжаға малданып, қазақтың төл тумасын дамытуға салғырттық танытып жүргені көңілге қаяу түсіреді.

Жылқы шаруашылығына байыппен қарасақ, ең әуелі түбегейлі шешілетін мәселе шаруашылыққа қажетті бағыттағы өнімді малдарды дамытуды жеке қарастырып, спорттық бағытта мініс, жүйрік пен жорға жылқыларды бөлек дамытуды ойластырған жөн. Қайсы жерде қандай жылқы, қаншама жылқы өсіруге болатыны осы арнаулы бағдарламаның еншісінде. Белгілі кезеңдерде белгілі түлікті өсіру үшін шұғыл шаралардың қолданылғанын тарихтан білеміз. Өткен ғасырдың соңында сиыр малын он миллион басқа, қой түлігін отыз алты миллионға жеткіздік. Өкініштісі, қазіргі таңда ірі қара шаруашылығына мән беріліп, жылқы түлігі тағы қалтарыста қалды.

Менің ойымша, бар жылқының өзін көздің қарашығындай сақтап, өсіре білсе, мал басының көбейетіні шүбәсіз. Басқа салаларда қарастырылған мемлекеттік қамқорлық: түліктің өсімін ынталандыру, мал асылдандыру жұмысына демеу, жылқы еті мен қымыз өндірісіне субсидия беру, жылқы етін  экспортқа шығаруды қолдау сияқты шаралар болса құба-құп. Алғашқы кезеңде, ұрғашы малды шектен тыс союға да шектеу қойылғаны абзал. Сайып келгенде, шаруа тарапынан құлық пен құнттылық болса, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, Қазақстанның кең-байтақ даласында миллиондаған жылқы өсіруге әбден болады.

Жылқы малының санын бес, он, тіпті он бес миллионға жеткізуге мүмкіндік бар. Қазақстанда игерілмей жатқан табиғи жайылымдар жеткілікті, тек шабындықтарды қайта қалпына келтіріп, суғару мәселесін реттеуге мемлекеттік қолдау аса қажет. Сарыарқаның төсінде басы бос өріс жеткілікті. Сол сияқты, Шудың бойы, Сырдың бойы, әр өңірде кездесетін тоғайлар жылқыны жұтатпайтыны күмәнсіз. Бағдарламаның өзегі, «мал өсірсең, өрісіңді тап» деген ұстаныммен қай жерде, қандай тұқымды және қаншама бас өсіруді жолға қою. Осы бағытпен шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан табиғи жайылымдарды жылқы өсіру арқылы тиімді пайдалану халық игілігіне қосылар сүбелі үлес болар еді.

Биологиялық жаратылысына орай жылқы түлігі еліміздегі табиғи жайылымдарда кездесетін шөптесін өсімдіктердің 416 түрін пайдалана алатыны ғылыми зерттеулерде дәлелденген. Мысалы, жайылымда кездесетін 91 түрлі жусанның  39 түрін, 181 түрлі сораңның  48 түрін жейді екен. Енді шөлейт аймақтарда кездесетін жатаған өсімдіктер, көбіне, ақуызы мол бұршақ тұқымдастар екенін ескерсек, осындай алуан түрлі шөп түрін жеген жылқы етінің құрамы ерекше болатыны заңдылық.

Әлбетте, табиғи жайылымдарда бағылған жылқы еті экологиялық таза өнім талабына сай келеді және жылқы еті мен сүтінің заманауи адамдардың тамақтану үдесіне сай дәмді, жеңіл қорытылатын сіңімді болатын қасиеті –  жылқы өнімдерінің сапалық алғышарттары. Сондықтан отандық жылқы тұқымдарының жайылымға бейімділігін толық пайдалану табиғи жайылымдарды табыс көзіне айналдырудың ұтымды жолы болар еді. Дегенмен басымдылықты ұйымдасқан ірі шаруашылықтарға берген жөн. Өйткені ұсақ шаруашылық малды асылдандыруға да, тұрақты өнім мөлшерін жоспарлауға да қауқарсыз.

Қарағанды облысында биелерді өндірістік технология негізінде сауып, жылқы сүтін леофильді әдіспен құрғақ ұнтақ түрінде экспортқа шығара бастауы әлемдік нарыққа жол тартқан жақсы бастама. Ендігі кезек – Жапония және басқа да жылқы етін пайдаланатын мемлекеттерге жылқы етін шығаруды жүзеге асыру. Осы орайда, жаңашылдыққа ұмтылғанмен, жаңаша жұмыс істеуді игере алмай жатқан жайбасарлығымыз қолбайлау болып тұр.

Өнімдік бағыттағы жылқыларды сүт өнімділігі немесе ет өнімділігі бойынша сұрыптаудың жаңа әдістері әлі өндіріске жол таппады. Геномдық саралау әдісі тек шығу тегін анықтаудан ары аспады. Саланы қарқынды дамытудың тағы бір әдісі, ол жылқы малының семіздігін, әсіресе қабырға қыртысының қалыңдығын анықтаудың заманауи әдістерін өндіріске енгізу мәселесі. Етті сиыр саласында бір жасар тайынша етінің мәрмерлік сапасын ультрадыбыстық әдісімен анықтағандай, жылқы малында да осы әдісті қолданса, сұрыптау жұмыстарына серпін берілер еді.

Соңғы жылдары тақырыбынан ат үркетін, мысалы, «Құндылықтардың құлдырауы» сияқты өзекті мақалалар жиі жарияланып жүр. Шындығында, көп адамдар жайылымда жүрген жылқыға ештеңе қажет емес, өз тамағын өзі тауып жейді немесе байлар жылқы өсіріп жатыр, оларға қолдаудың қажеті қанша деген жаңсақ пікірге бой алдырып жатқаны жаныңа батады. Байлар, көбіне, хобби үшін спорттық бағытта жылқы ұстайды. Ал жайылымда жүрген жылқы өзімен өзі өседі десек, неге ет қымбаттайды немесе қымыздың бағасы арзандамайды. Сауал көп, астарына үңіліп жатқан салалық қызметкер жоқ. Бұл салада мемлекет назар аударатын түйткілдер жетіп артылады. «Үстірт қаралған іс әрдайым шикі» болатынын ескерсек, жылқы шаруашылығына деген салғырт көзқарасты тоқтату керек.

Тәжі тұмау ауруы етек алып, жылқы өніміне сұраныс артып келеді. Осындайда, «өзің өндірмей, өзегің жалғанбайды» деген қазақы ұғым ойға оралады. Ендігі өзекті мәселе 2022-2026 жылдарға арналған аграрлық саланы дамытудың ұлттық жобасында жылқы шаруашылығы басымдылыққа ие болып, бабалар қадір тұтқан түліктің бағы жанса болғаны. Игерілмей жатқан ен даланың төсін жайылымға бейімделген қолтума малдың үйірлерімен  толтырып, қала мен қала маңында «жылқы бақтым – жорғалаттым» деген ұстаныммен мініс аттарды сетірлеп ұстап, спорттық бағытты жандандырсақ ұпаймыз түгелденер еді.

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

профессор.

(мақаланың соңы, басы өткен санда)

 

Біліп жүрген жөн! 

- Жылқыға қатысты халықаралық өлшем бірлігінде «ат күші» деген ұғым қолданысқа енген. Бұл өлшем ат шыдамдылығының көрсеткіші. Мысалы, 1 ат күші /а.к./ = 75 кг.м/с = 0,736 кВт.=736 Вт.

- 1933 жылы шыққан «Казахи» деп аталатын пошта маркасында атқа мінген қазақтар бейнеленген. Бұл марка «Кеңестік халықтар» сериясымен 0,2 млн данамен шыққан екен.

- қазақы жылқы іш майын қабырғасына суық түскеннен кейін жинайды, ал қазының шүйгіні қабырғадағы қыртыспен өлшенеді. Сондықтан соғымды қар түскеннен кейін сойған.

- азған адамдарға /ауру, әлсіз және ебедейсіз семіз адамдарға/ табан түскен қазы берген, оны торалту дейді. «Өртке қарсы өрт қою» немесе «қардың басын қар алады» ұстанымы бойынша май басқан адамға май жегізген.

Рекомендовать
Последние новости