Жайылымға жанашырлық жетіспей тұр

Dalanews 02 мар. 2021 03:29 2977

Қазіргі таңда да табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе. Елбасы мен Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған мақсаттарына сай ет экспортын жүзеге асырудың алғышарты еліміздегі жайылымдарды барынша игеру арқылы мал басын өсіріп, экологиялық таза өнім өндіруге ұмтылу маңызды бағыт болып тұр.

 

Қазақстанның жайылымды жерлері

Осы орайда, қолданыстағы жайылымдарды жақсартып, шалғай жайылымдарды мүмкіндігінше игеру ет өнімінің артуына үлкен септігін тигізері сөзсіз. Мысалы, етті бағыттағы ірі қара саласы дамыған Канада, Бразилия, Аргентина мемлекеттерінде ет өнімінің басым бөлігін жайылымда семірген малдың еті құрайды. Әрине, олардың мал тұқымы мен жайылымдары басқа, дегенмен осы тәжірибені біз пайдаланғанымыз жөн.

Елімізде табиғи мал азығы жерлерінің жалпы көлемі 189 млн гектардан астам немесе барлық жер қорының 70% -ын құрайды. Осы жердің 184 млн гектары – жайылымдық, ал 5 млн гектары – шабындық жер телімдері.

Ұлан-ғайыр даламызда бірнеше табиғи аймақтар мен екі таулы өңір бар. Жер бедеріне орай осы алқаптардың мал азықтық сипаттамасы да, онда өсетін шөпті пайдалану қарқындылығы да әр алуан. Жайылымның 25%-і құмды жерлерде, 18%-тейі таулы жерлерде және 5%-тен астамы ойпатты жерлерде орналасқан.

Әртүрлі табиғи аймақтарда бірнеше жайылым түрлері кездеседі. Табиғаттың осы бір ерекшелігін жіті байқаған бабаларымыз жайылымды маусымды пайдалануды жақсы меңгерген. Ғылыми тұрғыдан кеңістік модель деп танылған  жайылымның осылай орналасуы ландшафтық сипаттамасына байланысты өсімдіктердің өңірлік түрлерін қамтып, кең алқапты алып жатыр. Мәселен, Мойынқұм-Бетпақдала-Сарыарқа жайылым кешені оңтүстіктен солтүстікке қарай 500-ден астам километрге созылса, Алатау-Балқаш кешені 200-250 километрді алып жатыр.

Республиканың орманды-далалы аймағындағы табиғи жайылымдық жерлер 4 мың гектар алқапты алып жатыр. Бұл алқаптарда әртүрлі астық тұқымдастар, бетеге-жусан аралас шөптер өседі, егіншілікке жарамсыз. Орташа өнімділігі гектарына шамамен 5 центнерден аспайды. Далалық аймақтағы жайылымдық жерлер 40 мың гектардан астам. Бұл алқаптарда бетеге-жусан аралас шөптесін басым келеді, ал өзен аңғарлары мен көл жағасын шабындық ретінде пайдалануға болады. Шөп шығымы 6 центнердің шамасында, ал шабындықтар 12-14 центнерге дейін түсім береді. Шөлейт аймақтар Солтүстік Каспий маңы жазығынан Алтай тауларына дейін созылып жатыр. Мал жаюға жарамды жерлер 34 мың гектардан астам, соның ішінде шабындықтар 1,5 мың гектарды құрайды. Шөлейт жерлерге тән ерекшелік – астық тұқымдас өсімдіктер мен шала бұта өсімдіктердің үйлесімді өсуі.

Елімізде табиғи жайылымдар, негізінен, шөл аймақта орналасқан, көлемі 91 мың гектардан асады, оның ішінде 1,3 мың гектардан астамы шабындыққа жарамды. Шөл аймақта өсетін өсімдіктер көбіне шала бұталы өсімдіктер. Үстірт, Бетпақдала, Сарысу жазығы сазбалшықты және тастақты шөл алқаптарына жатады. Бұл алқаптарда жусан, жусанды-сораң және раң тәріздестер мен эфемероидты шөптер аралас өседі. Қызылқұм, Мойынқұм алқаптары құмды шөл аймағына кіреді. Осы жайылымдарда жусан, раң тәріздестер және шала бұта өсімдіктермен қатар бұталы өсімдіктер – жүзгін, сексеуіл, құм қарағаны және басқа да түрлері аралас өседі. Шөл өсімдіктерінің түсімі тұрақты емес, өнімділігі 3 цн/га аспайды. Тау етегінің табиғи жағдайы әркелкі, негізінен жусан мен раң тәріздестер кездеседі әрі түсімі де төмендеу.

Таулы аймаққа Алтай және Тянь-Шань тауларының жайылымдары енеді, көлемі 9 мың гектардан асады. Биіктігі және табиғи белдеулері алуан түрлі. Мысалы, 600-1500 метр биіктіктегі белдеуге солтүстік Тянь-Шань тауларына қарасты Іле Алатауы мен күнгей Алатаудың солтүстік баурайы енеді. Осы алқаптарда бетеге, ақселеу басым кездеседі, түсімі 5 ц/га аспайды. 1500-2400 метр биіктікте орманды-шалғынды белдеу орналасқан, мұндағы өсімдіктер шалғыны алуан түрлі, түсімі 20 цн/га құрайды.

 

Жайылымды маусымды кезең бойынша пайдалану маңызды

Қазақстанда бірнеше табиғи аймақтағы, әртүрлі белдеудегі алуан түрлі жайылымды маусымды пайдалануды өсімдіктердің өніп-өсу ерекшелігіне, алқаптағы шөп қауымдастығының құрамына және аймақтық белдеудің климаттық сипатына қарай қарастыру керек. Жайылымды тиімді пайдалану әр белдеудің маусымдық әлеуетін барынша жүзеге асыруға бағытталған. Бір аймақта орналасқан әртүрлі жайылымдарды өз кезегімен шөптің жетілгеніне орай пайдаланса ғана жайылымдық кешеннің тұтастығына нұқсан келмейді. Табиғи жайылымдардың осы маусымдық сипатын игерген бабаларымыз көктем, жаз, күз мезгілдерінде шөптің жетілгеніне орай өрісін таңдап, әрдайым мал жайылымын ауыстырып отырған.

Елімізге тән әртүрлі табиғи аймақ пен белдеулерді қиып өтіп, жайылымның шалғынын жеп, шұрайын кетірмей, өрістегі шөптің тұяқкесті болуына жол бермеген. Кеңес Одағы құрылғанда да көшпелі мал шаруашылығының ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан зерттеліп, шалғай мал шаруашылығы (отгонное животноводство) саласы дамытылды. Бабалар ізімен жер ыңғайына орай далалық, шөлейттік және таулы жайылымдар әлеуетін маусымына қарай толық пайдалану жүзеге асты.

1942 жылы қабылданған «Ұжымшар мен кеңшарлардағы мал шаруашылығын дамыту және мал басын сақтау» («О сохранении молодняка и развитии животноводства в колхозах и совхозах») қаулысы негізінде Мемлекеттік жер  қорынан қосымша жайылымдық жерлер беріліп, шалғай мал шаруашылығын өркендетуге жол ашылды. Осы шешім еліміздің жайылымдық жерлерінің маусымдық ерекшелігін игеруге серпін берді.

Жайылымдық кешеннің құрамына енетін мал өрістерін (жайылым типі) өз уақытында пайдалану алғышарт болды. Өйткені негізгі мақсат әр өріске тиесілі азықтық қор мөлшерін толық игеру, жайылым тұтастығын бұзбау әрі мал өрісін жұтатпау шарттары жайылымды тиімді пайдалануға мұрындық болды. Жайылым кешендерін жүйесіз пайдалану өрістердің жұтауына ұласып, экологиялық қолайсыздық тудыратыны анық. Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ұзақ жылдық зерттеулері осыны дәлелдейді.

Өкінішке орай, қазіргі таңда жайылымдық кешендерді маусымдық ерекшеліктеріне орай ауыспалы пайдаланып, әлеуетін толық пайдалану жүзеге аспай жатыр. Уақыт белдеуіне, жер бедеріне орай маусымдық жайылымдардың әлеуетін пайдалану жүйесіздікке ұрынды. Осы келеңсіздік кейбір жайылымдардың жұтаңдануына ұласып, мал шаруашылығының дамуына тұсау болуда.

 

Не істеуіміз керек?

Осы мәселенің түйінін шешу үшін қалыптасқан ұстанымдарға сүйеніп,  қарапайым шарттарды жүзеге асырған жөн. Мысалы, жайылымдық кешеннің құрамындағы жайылым типтерін ескеріп, өрістегі шөп қауымдастығының жетілетін уақытына орай малға жегізіп, өріс шөбін тықырлатпай, келесі өріске ауыстырып отырған жөн.

Тұяқкесті болған жайылымда біржылдық табиғи шөптер пісіп жетілмей өрістің күйі кетеді де, жалпы азықтық қор мөлшерінің азаюына ықпал етеді. Яғни жайылым типтеріне орай, өрісті өз уақытында пайдаланып, әсіресе жайылымның өнімділігіне сай мал басы ұсталып, уақтылы өріс ауыстырылып отырылса жайылым жұтамайды.

Қолданыстағы жайылым тарлық етсе, шалғай жайылымдарды игеруді қолға алса болады, не қолданыстағы жайылымдардың жағдайын жақсарту барысында мал тұяғына төзімді жайылым шөптерін үстеме егіп, жалпы азықтық қор мөлшерін молайтуды жүзеге асыруды қарастырған абзал.

Егемендік алған жылдардан бері шалғай жайылымдарды пайдалану үрдісі де, жайылымдарды жақсарту жұмыстары да жалғасын таппай, тоқырауға ұшырады. Алғашқы жылдары мал басы азайып, азық қоры жеткілікті болғанымен, мемлекеттік қолдау жұмыстарының ықпалымен мал басы көбейіп, қазіргі таңда қол жетімді жайылымдарда мал шамадан тыс көбейді. Шаруалар мал өсірудің қарқынды технологиясын ескермей, көбіне, экстенсивті жолмен қолданыстағы жайылымды барынша пайдалануды мақсат тұтты.

Өкінішке орай, отандық ғалымдардың жайылымдарды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстары тек қағаз жүзінде қалды. Маусымдық ерекшелігіне орай жайылымды ауыспалы қолдану, мал басын азайту және жайылым мерзімін қысқарту арқылы тозған жайылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жасалынбады. Шығынсыз орындалатын осы әдістерді іске асыруға шаруалар ұмтылмады. Қаржы талап ететін әдіс – жайылымды жақсарту шаралары кейбір озық шаруашылықтар тарапынан ғана қолдау тапты.

Баспасөз беттерінде жарияланып жатқан, депутаттық мінберден айтылып жататын жанайқай қаншама? Осы мәселенің астарында жүйесіздік жатқаны жанға батады. Мысалы, «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары еліміздің табиғи аймақтарын, географиялық өңірлерін, әкімшілік аумақтық құрылымын ескере отырып 192 басым типтегі жайылымдарда мал жаюдың экологиялық (мөлшері) шектелімі бойынша ұсыныс енгізген.

 

7 млрд теңгенің қайтарымы болды ма?

Мал жаюды оңтайландыру мақсатында жайылым ресурстарын пайдалану жолдары да әзірленген. Осы құжаттар негізінде ауыл әкімдері 1 гектар жайылымда қанша мал жаюға болатынын анықтай алады. Іс жүзінде не істеліп жатыр деген сауал көкейді кернейді.

Қолданыстағы заң аясында жайылымдарды қолдану мен сақтауға бағытталған талаптар қарастырылып, мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету қамтылғаны көңілге демеу. Билік тарапынан қолданыстағы заңнама аясында жайылымдарды пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау дәрменсіздікке бой алдырды. Шаруаның табысты жұмыс атқаруын күйттейтін жергілікті билік жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарын жүзеге асыруда салғырттық танытуда. Мысалы, республикалық бюджеттен жылына жерді геоботаникалық талдауға шамамен 7 млрд теңге бөлінеді екен. Соның қайтарымы бар ма?

Менің пайымдауымша, замана талабына сай агроөнеркәсіп саласын цифрландыру үрдісі, яғни ақпараттандыру ғана мал шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді бірыңғай жүйеде, кешенді түрде шешуге мұрындық болады. Мысалы, ауылшаруашылық жерлерін тексеру және жер кадастрын цифрландыру баяу жүріп жатқаны мәлім, ал мал шаруашылығына қатысты бірегейлендіру (идентификация) мен ақпараттық талдау (ИАС) бағдарламалары әлі жетілдіруді талап етеді. Осы жұмыстардың атқару барысына талдау жасалып, жүзеге асуына серпін беріп, кешенді түрде бір мақсатқа жұмылдырылса шаруа да, мемлекет те ұтар еді.

«Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары жайылымдық қорларды тиімді игерудің барлық жолдарын қамтыған 5 интерактивті карталардан тұратын WEB-порталды жасап шықты. Бүгінгі таңда шаруаға өте қажет анықтама.

WEB-порталдың электрондық карта қосымшасында республика бойынша әрбір ауылдық құрылым деңгейінде еліміздегі барлық мал азығы қоры бойынша әр жайылымдық типтің ерекшелігі мен сыйымдылығы ескерілген толық ақпарат қамтылған. Жайылымдарды сумен қамту картасы бұлақтар, өзен мен көлшіктер, қолдан жасалған шахталы және құбырлы құдықтардың санын көрсетіп, осы су көздерінің жағдайы, мөлшері, минерализация деңгейі және оларды қолдану мүмкіндіктері туралы толық ақпарат береді.

Жайылым әлеуеті қамтылған мал басының сыйымдылығы картасында 100 бас мал басына есептелген жайылымның маусымдық сипаты мен мал азығы қоры ескерілген. Әсіресе шалғай жайылымдарды игеруге қажет барлық ақпар қамтылған. Ал ауылшаруашылық малдарының тұқымдық аудандастырылуы немесе жерсіндірілуі туралы мәліметтер қамтылған электрондық карта шаруашылығын дамытам деген шаруаларға мазмұнды мағлұмат береді.  Шаруа WEB-порталда қамтылған ақпараттарға сүйеніп, сол өңірге бейім мал өсіруді және шаруашылық тиімділігін арттыруды жоспарлауға толық мүмкіндік алады.

Сонымен, тұтынушылар тарапынан туындайтын жайылымға қатысты сұранысқа билік болсын, шаруалар болсын толық ақпаратты осы WEB-портал жүйесінен ала алады. Ғылымдар дайындаған жүйе мемлекеттік деңгейдегі басқа да қолданбалы бағдарламалар легіне кіріксе, шаруа малын күйттеп, мемлекет экономикалық тұрақтылығын сақтап, елімізде мал шаруашылығын өркендетудің берік іргетасы қалыптасар еді.

 

Жайылымды жақсартудың жолдары

Қазіргі таңда шаруашылықтар қолданыстағы табиғи жайылымды барынша пайдалануға ұмтылады. Әсіресе ауыл маңындағы жерлерге мал ерте көктемнен шығып, жайылымдардың тұяқкесті болуына, өрістердің азғындауына әрі тозуына жол берілуде. «Жер – Ана» деп қастерлеп айтқанымызбен, жер пайдалануға келгенде қадіріне жетпей жатқанымыз шындық. Әйтпесе, Қазақстанның барлық өңірінде кездесетін 192 типті жайылымдарды оңтайландыру мен тиімді пайдалану ұсыныстарының жергілікті әкімдік пен шаруалар тарапынан іске аспай жатқаны салғырттық.

Мал шаруашылығы дамыған елдер тәжірибесіне үңілсек, көбіне, табиғи жайылымдарды астық тұқымдас, бұршақ тұқымдас шөптер егу арқылы жақсарту шаралары қарастырылған. Осы мәселеде ғалымдар тарапынан зерттеулермен қамтылып, өндіріске ұсыныс дайындалғанмен, шаруалар тарапынан қызығушылық аз. Кеңес кезінде жайылымдарды жақсарту бағытында көптеген ғылыми ізденістер жасалып, көптеген әзірлемелер өндіріске енгізіліп жататын. Соңғы жылдары осы бағыттағы ізденістер легі де азайды, шаруалар тарапынан дайын ғылыми әзірлемелерге деген сұраныс та саябырсыды. Жайылымға деген көзқарас шығын шығармай мал өсіру ұстанымы аясынан аспай жатыр. Шаруалар тарапынан жерді қадірлеу, жайылымға деген жанашырлық таныту жетіспей тұр.

Соңғы жылдары А.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының табиғи жайылымдарды жақсарту әдісі мен етті бағыттағы сиырларға арналған екпелі жайылымдарды қалыптастыруға қатысты ұсынған технологиясы мал шаруашылығын қарқынды дамытуға бағытталған заманауи талаптарға сай. Бұл технологияда ғалымдар кеңес кезінен кең тараған әдістерді жергілікті жердің топырағы мен климатына орайластырып бейімдеген. Жайылымды жақсарту үрдісінде болсын, ауыспалы екпелі жайылым қалыптастыру барысында болсын, жайылымда егуге негізінен, тарлау қияқ (волоснец) пен еркешөп (житняк) таңдалған. Әсіресе тарлау қияқ мал тұяғына төзімді әрі құнарлы шөп. Шөптің қасиеті малға жұғымды әрі жыл бойына азықтық құндылығын жоғалтпайды. Күзгі суық түсісімен шөп құрамында протеиннің арта түсуі байқалады. Еркекшөпке қарағанда тарлау қияқ өсімдігінің жапырақтарындағы протеин мөлшері екі есе артық. Бұл шөптің кемшілігі – көпжылдық өсімдіктерге тән алғашқы еккен жылы әлсіз болып, баяу тамырлануында. Осы бір осал тұсы шаруалар тарапынан ерекше күтімді талап етеді.

Еліміздің солтүстік өңірінде ғалымдар ұсынған осы технология жаппай іске асырылса, етті бағыттағы сиырларды өсірудің тиімділігі артатынына күмән жоқ. Технологияда екпелі жайылым тізбегінде үш түрлі шөптің өсірілуі шендестірілген: еркекшөп, тарлау қияқ және жаздық сұлы.

Көктем шығысымен мамыр айының соңына дейін мал тарлау қияқ егілген телімде жайылады, сонан соң маусым айының соңына дейін еркекшөп телімінде жайылады. Келесі телімге ауысқан аралықта жайылымда мал аяғына тапталып, желінбей қалған тарлау қияқ пен еркекшөп шалғынын шауып алу қарастырылған. Осындай шаралар нәтижесінде, шілде айында тарлау қияқ егілген телім қайтадан мал жаюға дайын болады. Сонымен, тамыз айы мен қыркүйек айында мал жаздық сұлы егілген телімде жайыла тұрады. Қазан айында мал еркекшөп егілген телім мен тарлау қияқ егілген телімдерге қайта оралады. Осындай жүйемен түзілген ауыспалы жайылым алты ай бойына малдың азықтық қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, жайылымдағы малдың күйлі қоңын сақтайды.

Әрине, жайылым кешенін тиімді пайдалану үшін тарлау қияқ пен еркекшөп жайылымдарын өрістерге бөліп тастау қарастырылған. Әр өрісті 7-10 күн пайдаланады. Тарлау қияқ егілген жайылым бір маусымда үш рет қолданыста болса, еркекшөп жайылымы екі рет пайдаланылады. Мысалы, 100 сиырды бабымен бағуға арналған жайылымдық кешен құрамына 28-30 гектар тарлау қияқ егілген телім, 28-30 гектар еркекшөп егілген телім және 50 гектар  жаздық сұлы егілген телім енеді. Сонымен, 100 бас сиырды мал азығымен толық қамту үшін жалпы көлемі 120 гектарлық жайылым жері жеткілікті. Егер ылғалы мол Еуропа елдерінде бір бас сиырға 0,8-1,0 га жайылым қарастырылса, отандық ғалымдар ұсынған технологияда бір бас малға қажет жайылым 1,2 гектардан аспайды. Етті бағыттағы мал шаруашылығын қарқынды дамытамыз десек, отандық ғалымдар жылдар бойы жинақтаған ғылыми әзірлемелер қоржынындағы заманауи талапқа сай келетін технологияларды жүзеге асыру қажет-ақ. Тек осы әзірлемелерді өндіріске ендіретін шаруалар тарапынан қызығушылық, ал мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын қарастырған орынды.

Ел басшысы талап еткен ауыл шаруашылығын дамытудың Ұлттық жобасын дайындау аясында, мал шаруашылығын дамытудың алғышарты ретінде мал азығын қамдау бағытына басымдық берілгені жөн. Осы орайда, еліміздегі жайылымдар қорын барынша игеру өндірілетін өнімнің өзіндік құнын арзандатып, экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік беретіні белгілі.

Айбын ТӨРЕХАНОВ, профессор.

 

Рекомендовать
Последние новости