Құтқарушылар Алакөлде 8 адамды ажалдан арашалап қалды

Dalanews 27 июл. 2021 12:26 723

ШҚО Төтенше жағдай басқармасының мәліметі бойынша жыл басынан бері құтқарушылар 8 адамды, соның ішінде 4 баланы ажалдан арашалап қалған.



Шомылу маусымында туристердің Алакөлге ағылатыны белгілі. Демалуға келгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сала мамандары қауырт режимде жұмыс істеуде. Аталған аймақта орналасқан құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бекеті жағдайды бақылауда ұстауда. Алакөлді күні-түні күзететін 6 сүңгуір мен 4 өрт сөндіруші ұдайы кезекшілікте. 

Олардың негізгі міндеті - көлге жақын орналасқан нысандарда судағы қайғылы жағдайлардың алдын-алу. Жыл сайын осы уақытта құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істейді. 

Олар аймақты патрулдеуді қайықпен жүргізеді, өз кезегінде өрт сөндірушілер туристік нысандардың өрт қауіпсіздігін тұрақты мониторингілеп отырады. 

Алакөлге келушілерге қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар таратылады.



Құтқарушылар бекетінде жұмыс жүргізуге қажетті құрал-жабдық, соның ішінде сүңгуір кәстүмдер, жүзуге арналған арнайы киімдер және өзге де керек-жабдық бар.

Жыл басынан бері Алакөлдегі құтқарушылар 8 адамды, соның ішінде 4 баланы ажалдан арашалап қалған. Ал өрт сөндірушілер тарапынан демалыс аймақтарының қожайындарына өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар ұсыныстар берілген. 

Туристер арасында судағы қауіпсіздік мәселесі жөнінде кеңінен хабар беру үшін аймақтық Төтенше жағдай басқармасының құтқарушылар белсенді жастармен бірлесіп, Алакөлде арнайы акция өткізген. 

Айта кетелік, Алакөлде демалушылар саны жыл сайын өсуде. Биыл мұнда 12 мыңға жуық турист келіп үлгерген. Шамамен 180-ге жуық демалыс орындары бар. 

Иә, қайғылы жағдайлар да орын алып тұрады. 



“Шомылу маусымы басталғалы 23 адам суға кетті, соның 5-і балалар. Бұл статистика шынымен алаңдатып отыр. Мұндайға жол бермес үшін патрулдеуді күшейту үстіндеміз. Әзір туристер көп шоғырланған аумақта жүріс-тұрыс ережелері жайлы стендтер орнатып жатырмыз. Халықтың осы тараптағы сауатын ашпай, қайғылы жағдайдың алдын-алу ауыр”, – дейді құтқарушылар. 

Олардың айтуынша ереже сақтаудың алгоритмдерін меңгермейінше, азаматтардың өмірін аман алып қалу қиынға соғады. Қауіпсіздік мәдениетін меңгерген туристер орынсыз тәуекелге бармайды. 

Қазіргі күні құтқарушылар мен белсенділер туристерге жағажайдағы демалысты қалай қауіпсіз өткізуге болатыны туралы ақпараттық нұсқаулар таратуда. 

Әлбетте бұл тарапта демалыс базаларының иелері де жауаптылық таныту қажет. 

Облыстық Төтенше жағдай басқармасы бүгінгі таңда кәсібі туризммен тікелей байланысты 17 кәсіпкермен келісімге отырған. Соның аясында жағажайдағы демалысты сауатты әрі сапалы ұйымдастыру, аталған аумақта құтқарушылардың міндетті түрде болуы секілді талаптар енгізілген. Құтқарушылар жағажай иелеріне

туристердің демалысы жайлы болу үшін бірінші кезекте қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде міндеттеуде.

Рекомендовать
Последние новости