Құрбандық қалай шалынады?

Dalanews 09 сент. 2016 04:49 3313

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай? Құрбан шалу кімдерге уәжіп? Құрбан қай уақыттан бастап шалынуы тиіс? Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады? Бірігіп құрбан шалуға бола ма? Құрбандыққа қандай малдар жарамайды? Құрбан шалуда басқа біреуге өкілдік беруге бола ма? Құрбан малы қалай шалынады? Құрбандыққа шалынған малдың қандай ағзалары желінбейді? Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі қалай үлестіріледі? Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма? Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма? Ақиқа құрбаны деп қандай құрбанға айтылады? Нәзір құрбаны деген не?

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай?

 

Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Уәжіптігінің дәлелдері:

 

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар, 108/3), – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені, сүннет – «жолы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

 

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.

  1. Мұсылман болу


 

  1. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау

  2. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.


Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.

Құрбан қай уақыттан бастап шалынуы тиіс?

 

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады?

 

Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

 

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбандыққа қандай малдар жарамайды?

 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» (Тирмизи, Адахи, 5), – деген.

Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:

  • Бір көзі соқыр

  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз

  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген

  • Тістерінің көбі түсіп қалған

  • Емшектерінің басы жұлынып қалған

  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған


Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті, құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбан шалуда басқа біреуге өкілдік беруге бола ма?

 

Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және сауабы мол. Бірақ басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады. Хз. Әлидің (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар.

Құрбан малы қалай шалынады?

 

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын» (Муслим, Сайд,57).

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:

{إِنَّ صَلَاتِى وَنُسُكِى وَمَحْيَاىَ وَمَمَاتِى لِلَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ}

«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ» (Анғам, 6/162). «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін:

 

{الله أكْبَرُ, الله أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَ اللهُ أكْبَرُ, الله أكْبَرُ وَ لِلَهِ الْحَمْدُ}

 

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд», – деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Аллаһтың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

 

Құрбандыққа шалынған малдың қандай ағзалары желінбейді?

 

Еті желінетін малдың жеті мүшесі желінбейді. Ол – харам.

  1. Малдан аққан қан

  2. Еркектік мүшесі


 

  1. Ұрғашылық мүшесі


 

  1. Еркек малдың жұмыртқалар

  2. Еттегі бездер


 

  1. Зәр торсығы


 

  1. Өт


 

 

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі қалай үлестіріледі?

 

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» (Хаж, 22/28).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хз. Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз» (Муслим, Хаж, 348), – деді.

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?

 

Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.

Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?

 

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Ақиқа құрбаны деп қандай құрбанға айтылады?

 

Жаңа туылған сәбидің басындағы шашына «ақиқа» – делінеді. Аллаһ Тағаланың нәсіп еткен перзентіне шүкір ретінде шалынатын малға да «ақиқа» құрбаны делінеді. Ақиқа құрбанын сәбидің туылған күнінен бастап, балиғат жасына толғанға дейін шалуға болады. Бірақ сәбиге жеті күн толғанда шалу – абзал.

Сәбидің туылғанына жеті күн болғанда аты қойылып, шашы алынады. Алынған шаштың салмағында алтын немесе күмісті садақа ретінде беру – сүннет. Құрбанның да сол күні шалынуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі немересі Хз. Хұсайн мен Хасан үшін ақиқа құрбанын шалғаны риуаят етіледі. Құрбан айтта құрбандыққа жарайтын малдар ақиқа құрбанына да жарайды. Қыз балалар үшін де ақиқа құрбанын шалады. Ақиқа құрбанының иесі етінен жеуіне және басқаларға садақа ретінде таратуына болады. Ақиқа құрбанын шалар кезде: «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар. Аллаһым, бұл сенің ризалығың үшін шалынған пәленшенің ақиқа құрбаны» – делінеді.

Нәзір құрбаны деген не?

 

Көңілін көптен күпті еткен бір ісі орындалғанда я болмаса былай да бір малды шалам деп мұсылман баласының Аллаһ Тағалаға уәде беріп, сол уәдесінің уақыты келгенде шалатын малы «нәзір құрбаны» деп аталады. Мысалға, ауырып жатқан адам осы ауруымнан айықсам, бір қойды құрбандыққа шаламын деп ниет етсе, ауруынан айыққан жағдайда, бір қой шалуы – уәжіп.

Нәзір құрбанына шалынған малдың етінен, шалған адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесіне тіпті ата-әжелеріне жеуге болмайды. Түгелдей садақа ретінде кедейлерге таратылуы тиіс. Шалынған құрбанның бір бөлшегі аталмыш адамдар тарапынан желінген жағдайда сол желінген бөлшектің құнын кедейлерге тарату керек.

 

Дереккөзі: muslim.kz

Рекомендовать
Последние новости