Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке.

Dalanews 30 июл. 2020 04:44 1033

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті жамағат! Баршаңызды Ислам дініндегі ұлық мереке - Құрбан Айт мейрамымен құттықтаймын!

Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Ислам діні барша адамзатты ынтымақтастыққа, ауызбірлікке, өзара сыйластық пен құрметке, ізгілікке шақырады.

Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі.

Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), - деп баяндалған.

Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады. Еліміз бұл күндері ауыр індетті бастан кешіруде. Осындай сын сағатында халқымыз береке - бірліктің үлгісін көрсетіп, қиналған жандарға көмек қолын созуда.

Қасиетті Құран Кәрімнің шарх сүресінде Алла Тағала: «Әр қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік келеді» - дейді. Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл етіп, жамандықтың ауылын алыстатып, әр отбасына аманшылық, бақ-береке, мол ырыздық нәсіп етсін!

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем болып, сүйікті Отанымызда әрдайым береке-бірлік, бейбіт заман болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ізгі тілекпен,


Асқар қажы Әбітайұлы,


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының


Семей өңіріндегі бас имамы.


Рекомендовать
Последние новости