“Құқығымыз тапталды”. “Қазхромның” бұрынғы жұмысшылары президенттен көмек сұрады

Қаракөз Амантай 10 дек. 2024 09:44 563

Қарағандыда “Қазхром” компаниясының бұрынғы жұмысшылары экс-басшыларын сотқа берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

КазТАГ мәліметінше, шағымданушылар Қарағанды облысындағы марганец кенін өндіру жүргізілген карьерде БелАЗ жүк көліктерінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Олар карьерден тау жыныстарын тасымалдаумен айналысқан. Айтуларынша, жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайлары үшін тиісті төлемдер жүргізбеген. Сондай-ақ олар жұмыс беруші кәсіптік міндетті зейнетақы жарналарын аударуы тиіс болғанын алға тартады. Себебі олардың кәсібі осы жарналар қарастырылған тізімге кіретін көрінеді. Шағымданушылар бұл ретте денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің “Кәсіптер тізімін бекіту туралы” бұйрығына сілтеме жасап, карьердегі тау жыныстарын тасымалдаумен айналысатын жүргізушінің еңбекақыны жоғары мөлшерде алуға құқығы бар екенін мәлімдейді.

Жұмысшылар өздеріне тиесілі төлемдерді: кәсіптік міндетті зейнетақы жарналарын аударуды және еңбекақыны жоғары мөлшерде төлеуін талап етеді. Олар еңбек шарттарына сәйкес, БелАЗ автосамосвалының жүргізушісі қызметі ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларына жататынын, бұл өз кезегінде ауруға шалдығу қаупімен байланысты екенін атап өтті.

Қыркүйекте Қазыбек би аудандық соты жұмысшылар тобының “Қазхром” трансұлттық компаниясына қойған талаптарын қанағаттандырмады. Жұмысшылар сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Олар соттың шешімін заңсыз және негізсіз деп санап, талаптарды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды. Қазіргі уақытта бұл азаматтық іс облыстық соттың қарауында.

Бірінші сатыдағы сотта жеңіліс тапқан кейбір жұмысшылар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінуді ұйғарды.

“Конституциялық құқықтарымыз бұзылды. Сот істің мән-жайын анықтап, жұмысымыздың ауыр, қауіпті және зиянды еңбек жағдайлары тізіміне кіретінін және бізге тиесілі төлемдердің төленбегенін растайтын дәлелдерге назар аудармады. Соттағы зиянды еңбек жағдайлары үшін төлем жасалды деген сөздер шындыққа жанаспайды. Біз карьердің ішінде жұмыс істедік, марганецтің қаупі жоғары, ал бізде осы кәсіпке байланысты аурулар пайда болды. Сот біздің жұмысымыз зиянды еңбек жағдайлары тізіміне кірмейді деген шешімді қандай негізде қабылдағаны түсініксіз. Президенттен осы мәселеге назар аударуды сұраймын”, – дейді талапкерлердің бірі Мұхамбетғали Әлбеков КазТАГ редакциясына.

“Қазхром” компаниясы бұрынғы жұмысшыларының талаптарымен келіспейді. Олар талаптарды қанағаттандырмауды сұрап, жұмысшыларға зиянды еңбек жағдайлары үшін төлем белгіленген тарифке сәйкес жасалғанын алға тартады. Сонымен қатар кәсіптік міндетті зейнетақы жарналарын аудару қажет болмағанын, себебі талапкерлердің кәсібі тиісті тізімге кірмейтінін мәлімдейді. Апелляциялық сотта жауапкер аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, талапкерлердің шағымын қанағаттандырмауды сұрайды.

“Қазмарганец” кен басқармасы – “Қазхром” АҚ филиалы. Компания сайтындағы деректерге сәйкес, бұл кәсіпорын өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушылардың бірі және барланған тотыққан марганец кендерінің қоры бойынша Қазақстанда бірінші орында тұр.


Рекомендовать
Последние новости