Құлсарыдағы су тасқыны: қалада қазіргі жағдай қалай?

Сағыныш Сардарова 12 апр. 2024 17:01 3792

Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы өкілдері Құлсары қаласындағы өмір тасқыннан кейін біртіндеп қалпына келе бастағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, қалалық азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер, сондай-ақ, қоғамдық көліктер өз қызметін қайта бастаған. Екі күн ішінде автобустар жолаушыларға өз қызметтерін тегін көрсетеді. Қаланың барлық жерінде коммуналдық инфрақұрылым іске қосылып жатыр.

Сонымен қатар, құзырлы органдар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр.

"Қазіргі уақытта жедел штаб су тасқыны кезінде су басқан аумақтарды құрғатумен айналысып жатыр. Заң бойынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан азаматтарға келтірілген шығынды өтеу мақсатында арнайы комиссия құрылады", - деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.

Сондай-ақ, Ұлы Жем өзені өз арнасына түсе бастаған.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 3 мыңға жуық үй су астында қалғаны хабарланды. Бұл - Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі келтірген дерек. 

Су тасқының салдарын жоюға 231 техника, 1198 жеке құрам, 18 жүзу құралы, 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылған.
 
Атырау облысы Құлсары қаласынан жалпы саны 33 641 адам көшірілді және 201 уақытша орналасу орындары дайындалды.

Жалпы саны 84 қоңырау түсіп, 173 адам құтқарылды, оның ішінде 15і - бала. 248 мал басы және 27 үй жануарлары қауіпсіз орындарға көшірілген.


Рекомендовать
Последние новости