Ақбота Назарбаеваның қатысы бар бөгет құрылысы: 30 мың алматылыққа қауіп төніп тұр

Көркем Алдабергенова 12 апр. 2024 10:12 4313

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов "Ақсай" бассейніндегі сел ұстайтын бөгетті салу кезінде ақша жымқырылғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

10 сәуірде Алматылықтарды селден қорғауға арналған Ақсай бөгетіне қатысты былықтар әшкере болғанын хабарлаған едік. ProTenge телеграм арнасы осы тұрғыда зерттеу жүргізген. 22 миллиард теңге бөлінген бөгеттің сапасы мен салыну мерзіміне қатысты сұрақтар туған.

Бөгетті салуға қаржы пандемия кезінде – 2020 жылы бөлінген. Құрылысқа қатысты конкурс жеделдетілген түрде өтіп кеткен. Құрылыс 2022 жылы бітуі керек болған.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы құрылыс жұмыстарында бұзушылықтар болғанын анықтаған. Заңбұзушылықтар ауыз толтырып айтарлықтай болғандықтан "TOLAGAI -2050" ЖШС мердігер компаниясы құрылысты тоқтатып, артынша келісімшарт жойылған. 2023 жылдың тамызында бөгет құрылысы тоқтап тұрғанына бес айға жуықтаған кезде оны салуға тапсырыс берген «Қазселденқорғау» құрылыс компаниясымен соттасқан. Телеграм арна мәліметінше, 2022 жылдың басында Назарбаева Ақбота Болатқызы компания құрылтайшыларының бірі болған.

Айта кетейік, сөз болып отырған бөгет Алматыдағы Наурызбай ауданының және Алматы облысының құрамына кіретін Қарасай ауданының тұрғындарын селден қорғайды деп қарастырылған. 

Ақша жымқыру туралы дерек сел ұстайтын бөгетті тексеру барысында анықталған. Нысан құрылысы бойынша мердігердің міндеттемелерін орындамауы салдарынан 30 мыңға жуық алматылықтардың өміріне қауіп төнді.

"Осыған байланысты "Қазселденқорғау" басшылығының алдында тиісті материалдарды процестік шешім қабылдау үшін ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне беру туралы мәселе көтерілді. Оның нәтижелері бойынша ҚР ҚМА қылмыстық іс қозғады және мердігер ұйымның жауапты тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын ұрлау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ТЖМ. 


Рекомендовать
Последние новости