Алматылықтарды селден қорғауға арналған Ақсай бөгетіне қатысты былықтар әшкере болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
ProTenge телеграм арнасы осы тұрғыда зерттеу жүргізген. 22 миллиард теңге бөлінген бөгеттің сапасы мен салыну мерзіміне қатысты сұрақтар туған.
Бөгетті салуға қаржы пандемия кезінде – 2020 жылы бөлінген. Құрылысқа қатысты конкурс жеделдетілген түрде өтіп кеткен. Құрылыс 2022 жылы бітуі керек болған.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы құрылыс жұмыстарында бұзушылықтар болғанын анықтаған. Заңбұзушылықтар ауыз толтырып айтарлықтай болғандықтан "TOLAGAI -2050" ЖШС мердігер компаниясы құрылысты тоқтатып, артынша келісімшарт жойылған. 2023 жылдың тамызында бөгет құрылысы тоқтап тұрғанына бес айға жуықтаған кезде оны салуға тапсырыс берген «Қазселденқорғау» құрылыс компаниясымен соттасқан. Телеграм арна мәліметінше, 2022 жылдың басында Назарбаева Ақбота Болатқызы компания құрылтайшыларының бірі болған.
Айта кетейік, сөз болып отырған бөгет Алматыдағы Наурызбай ауданының және Алматы облысының құрамына кіретін Қарасай ауданының тұрғындарын селден қорғайды деп қарастырылған. Ақсай өзенінің бассейні сел қаупінің бірінші санатына жатады, оның жоғарғы ағысында 18 сел қаупі бар учаске, 25 мұздық, 16 мореналық және мұздық көл бар.