Құлсарыда бір күн бұрын жоғалып кеткен жеті жасар қыздың денесі 6 маусымға қараған түні Құрсай өзенінің арнасынан табылды. Аталған оқиғаға қатысты полиция департаменті тағы бір тың мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 маусымда кешке қызының жоғалып кеткенін айтып, ата-анасы құқық қорғау органының көмегіне жүгінген.
"2018 жылы туған қыз сағат 12: 00 шамасында үйінен шығып кетіп, қайта кері оралмаған. Сағат 21: 28-де оның ата-анасы полицияға көмекке жүгінді", - деді құқық қорғау органдары.
Бұған дейін қыз баланың денесі Құрсай арнасынан табылғаны белгілі.
"Кісі өлтірді деген күдікпен 36 жастағы Құлсары қаласының тұрғыны дереу ұсталды. Ол қазір сот санкциясымен тергеу изольяторына тоғытылған. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша тергеу амалдары қолға алынды", делінген полиция хабарламасында.
Оның барысы облыстық полиция департаменті бастығының ерекше бақылауында екені де нақтыланады.