Қазақстандықтар діни қысымның жаңа түрін атады

Қаракөз Амантай 04 июн. 2025 12:23

Қазақстан азаматтарының пікірінше, діни көзқарасқа қатысты кемсітушіліктің ең жиі көрінісі – интернет кеңістігіндегі қорлайтын жазбалар мен бейнелер, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл деректер 2024 жылдың соңғы тоқсанында Қазақстан Республикасының Дін істері комитеті жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытындысында жарияланды. Сауалнамаға еліміздің әр өңірінен 18 бен 65 жас аралығындағы 1500 азамат қатысқан.

Нәтижесінде, халықтың 24,1 пайызы өздерін барлық діни талаптар мен рәсімдерді толық орындайтын діндарлар ретінде сипаттаса, 62,7 пайызы діни сенімде болғанымен, тек діни мейрамдар мен кейбір ғұрыптарды ғана орындайтынын айтқан. Тағы 9,2% респондент өздерін дінсізбін деп таныса да, кейбір діни әдет-ғұрыптарды сақтайтынын жеткізген. Ал 1,3% дінге сенбейтінін және діни рәсімдерден алыс екенін айтқан. 0,9% өздерін дінге мүлде қарсы, діни адамдарды түсінбейтін атеист ретінде көрсетті. Тағы 0,5% — агностикпін деп жауап берген.

Сауалнамаға қатысқандардың 65,1%-ы ханафи мазхабындағы ислам дінін ұстанатынын айтқан. Ал исламның өзге бағыттарын 11,6% ұстанады екен. 14,8% — православ, 2,1% — католик, 1,8% — протестант. Сонымен қатар индуизм, буддизм және пұтқа табынушылықты ұстанатындар үлесі — әрқайсысы 0,1%, тәңіршілдікті ұстанатындар — 1,9%. Ал 0,8% ешбір нақты дінге жатпайтынын, бірақ өзін сенуші деп санайтынын көрсеткен.

Күнделікті бес уақыт намаз оқитындардың үлесі бір тоқсанда 1,6 пайыздық пунктке артып, 19,3%-ға жеткен. Ал 27,9% ешқашан намаз оқымағанын мойындаған — бұл көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен бірдей.

Мешіт пен шіркеу сияқты құлшылық орындарына күн сайын баратындар – 6,2%, аптасына бір рет — 14,5%, айына бір рет — 17,5%. Ал жылына бірнеше рет қана барушылар — 33,8%, бірнеше жылда бір рет қана баратындар — 16,1%, ал 10,4% ешқашан бармаған.

Сауалнама қатысушыларының 41,3%-ы соңғы үш айда дініне байланысты қысым көргенін айтқан. Қалған 57,7% мұндай жағдайға кезікпегендерін айтса, 1% жауап беруге қиналған.

Кемсіту формаларына келсек, 19,3% өз дінін қорлайтын бейнелердің интернетте жариялануына наразы. Тағы 11,5% әлеуметтік желілердегі дінге тіл тигізетін пікірлерге тап болған. Сонымен қатар 10,8% — өздері немесе қыздары хиджаб кигені үшін мектепке не ЖОО-ға кіре алмаған. Ал 7,8% — құлшылық үйіне баруға діни қызметкердің өзі рұқсат бермегенін айтқан.


Рекомендовать
Последние новости