Құлыбаевтың компаниясы Алматы әкімдігінен миллиардтар талап етіп отыр - депутат

Сағыныш Сардарова 18 сент. 2024 15:17 3116

Олигарх Тимур Құлыбаевтың компаниясы Алматы әкімдігінен 34 миллиард теңге өндіріп алғысы келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек депутаттық сауалында мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, талап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жерін қайтару ісіне байланысты болып отыр. Мәжілісмен депутаттық сауалын Бас прокуратураға жолдады.

"Соттың шешімі бойынша бизнес орталық салатын жерінен айырылған Тимур Құлыбаевтың фирмасы Алматы әкімдігіне 34 миллиард теңге сомасында шот-фактура жасады. Сотта ұтылғаннан кейін компания бизнес-орталықтың құрылысына заңсыз инвестицияларын өндіріп алғысы келеді", - деді депутат Мәжіліс отырысында.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті аумағындағы Тимур Құлыбаевтың иелігіне өтіп кеткен жер мемлекетке қайтарылғаны хабарланды.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек айтты. Депутаттың сөзінше, ҚазҰУ-дың жері толығымен мемлекеттік меншікке өтті, тиісті соттың шешімі шыққан.

«…Әділдік орын алды. Құлыбаевтың иелігіндегі үлкен ҚазҰУ-дың жері бизнес орталықпен бірге мемлекеттік меншікке өтті деуге болады», — деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости