«Құдықтың суын сүзіп ішіп отырмыз» – «AMANAT» тұрғындардың жанайқайын тыңдады

Dalanews 12 мая 2023 06:34 903

Ырғыз ауданындағы Жаныс би және Шеңбертал ауылдарының тұрғындары ауыз суға зар болып отыр. Жергілікті халық ішер суын қоғамдық құдықтан тасып ішуге мәжбүр. Осыған орай «AMANAT» Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Айжан Ысқақова ауылдарға арнайы барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Аталған ауылдарға су құбырын тарту жұмысы 2020 жылы басталған. Ұзындығы 41 шақырымнан асатын су құбырларының құрылысына 700 млн. теңгенің үстінде қаржы бөлінді. Тапсырыс беруші – Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны су шаруашылығы комитеті. «Көлсай Строй» ЖШС мердігер ретінде құрылыс жұмысын өз мойнына алған. Бір жылдан кейін су беріле бастады. Алайда көптің қуанышы ұзаққа созылмады. Судан тапшылық көріп, әбігерге түскен ауыл тұрғындарының жанайқайын Жолан Әбенов жеткізді.

«Су 2021 жылы беріліп еді. Қыста біртіндеп қатып қалды. Күн жылыған соң тоң еріп, су қайта ағатын болар деп үміттендік. Алайда сәуір айынан бері су сап тыйылды. Ақшасы төленбегендіктен қиып тастаған деп естідік. Жағдайымыз қиын. Қазір бір-бір құдық қазып алып, суын сүзіп ішіп отырмыз. Судың қоры азайып келе ме, қазған жерден су да шықпайды», - деді ол.

Ақсақалдың сөзін аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов растап отыр. Оның айтуынша, сәуір айынан бастап халыққа су берілмей жатыр. Оның бірінші себебі 600 мың теңге берешек төленбей, электр энергиясы қиылған. Ал тапсырыс беруші құрылысты әлі қабылдамаған болып шықты.


«Бұған дейін де мұндай мәселелер кезікті. Бірақ біз мұны 1-3 күннің көлемінде шешіп, берешек қаржыны мердігерге төлеттірдік. Су құбыры жарылып, 4-5 күн су берілмей қалған кездер де болды. Бірақ ауылдың халқы сусыз отырмасын деп «Су шаруашылығы» КМК мамандарын жіберіп, жарылған жерлерді өз күшімізбен жамадық. Бұл жерде тапсырыс беруші мен мердігер бірігіп жұмыс істеуі керек», - деді аудан әкімі.

Нұрлан Қызбергенов су құбырларын салу құрылыс нормаларына сәйкес жүргізілмегенін атап өтті. Құрылыс жұмысын толық аяқтау, кемшіліктерді қалыпқа келтіру туралы мердігерге ұсыныс хаттар да жазылған. Алайда көпшіліктің үні жауапсыз қалып отыр.
Шеңбертал ауылының тұрғындары болса, құрылыстың сапасыз жүргізілгеніне наразы. Ауыл тұрғыны Аманбек Ысқақов құрылыс жұмысының әуел бастан-ақ дұрыс жүргізілмегенін алға тартты.

«Көлсай Строй» ЖШС-нен жастар келіп, жұмысты салғырт жасап кетті. Енді электр желісі де қиылды. Халық қиналып отыр. Су бар болғаны үш ай ғана ақты. Талабымыз – су қосылсын», - деді ол.

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Сыдық Молдабеков жалғыз құдықтан су ішкен халықтың денсаулығына, тазалық жағдайына алаңдаулы.

«Тұрғындардың әрқайсысы үйінен бір-бір шелек алып барады. Бір құдыққа жүз шелек түскенде қандай тазалық болады? Сол суды біз ішіп отырмыз. Құбырмен келген су қыста қатып қалды, артынан моторы істен шықты Құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілсе бұлай болмас еді. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз. Біздің жағдайымызға бейжай қарамай, «AMANAT» партиясынан арнайы келгендеріңізге ризашылығымызды білдіреміз», - деді ол.

Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Айжан Искакова әрбір тұрғынның пікірін, өтініш-тілегін мұқият тыңдады. Бұл мәселе партиялық бақылауға алынатынын айтты.
«Жиналған акт, бізге берілген құжаттың барлығын қарадық. Алдағы уақытта комитеттің отырысына жауапты ведомство өкілдері, комитет төрағалары шақырылады. Партия бұл мәселені соңына дейін бақылауға алады. Өйткені Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету – Президенттің берген тапсырмасы. Сондай-ақ бұл мәселені шешу партиямыздың бағдарламасында да көзделген. Оны орындау, қадағалау – міндетіміз», - деді Айжан Ысқақова.

https://dalanews.kz/news/89252-uzdik-pikirsayysshylar-atagy-ushin-60-kom

https://dalanews.kz/aimak/89211-deputattar-turkistan-oblysynyng-auyl

Рекомендовать
Последние новости