ҚҚС 16% болады: Сарапшы халық пен бизнесті қандай қиындықтар күтіп тұрғанын айтты

Кәмшат Тілеухан 23 июл. 2025 11:30

Әрбір қазақстандық іштен тынып, қабылдануын қорқа күткен жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, еліміздегі қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12%-дан бірден 16%-ға көтеріледі. Мұндай бастаманың ел экономикасына, кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың өміріне қалай әсер етеді? Бұл сауалға Uchet.kz компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев жауап беріп, аталған мәселеге егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы бизнестің жағдайы қазірдің өзінде мәз емес. Соңғы екі жылда жалға алу құны 30–50 пайызға көтерілсе, коммуналдық төлемдер тоқсан сайын қымбаттауда. Инфляция қысқандықтан кәсіпкерлер жұмысшылардың жалақысын көтеруге мәжбүр. Ал тұтынушылардың төлем қабілеті төмендеп, табыс азайып барады. Осындай күрделі кезеңде ҚҚС-ның 16%-ға көтерілуі шағын және орта бизнестің мойнына түскен ауыр соққы болмақ.

"Шағын бизнес онсыз да әрең күн көріп отыр. Әсіресе, бөлшек сауда, тамақтану орындары, қызмет көрсету салалары үшін бұл - өте ауыр. Мұндай кәсіптердің маржасы 10 пайыздан аспайды. ҚҚС өскен кезде, олардың табысы бірден 35–45 пайызға дейін құлдырап кетуі мүмкін", – дейді Максим Барышев Kapital.kz сайтына берген сұқбатында.

Оның есебінше, тауар бағасы бұрынғы күйде қалса да, бизнес табысы күрт төмендейді. Мысалы, бұрын 100 теңгеге тауар сатқан кәсіпкер 12% ҚҚС-пен 8,9 теңге пайда көрсе, енді 16% ҚҚС-пен небәрі 5,82 теңге алады. Яғни, кәсіпкердің маржасы бір сәтте 35 пайызға кемиді. Егер кәсіпкердің маржасы одан да аз болса, мәселе тіптен ушығып кетеді.

"Қарызы бар бизнес үшін бұл - үлкен тәуекел. Кәсіпкерлердің көбі несие, лизинг алған. Табыс күрт азайғанда, қарызды өтеу мүмкін болмай қалады. Сондықтан бизнеске қазірден бастап қаржылық моделін қайта қарап, шығындарды қысқартуға қамдану керек", – деп ескертеді сарапшы.

Максим Барышевтің болжамынша, ҚҚС-тың көтерілуі тұтынушылардың қалтасын одан әрі жұқартады. Оның айтуынша, халықтың шығыны автоматты түрде 4-5 пайызға қымбаттайды. Кейбір тауар түрлерінің бағасы одан да жоғарылайды.

"Қазақстандықтар қазірдің өзінде азық-түлік пен дәрі-дәрмекті несиеге алуға мәжбүр. ҚҚС көтерілсе, тіпті ең қажетті заттарға да үнем жасайтын жағдайға жетеді. Бұл – жасырын түрдегі кедейшілік", – дейді ол.

Сарапшы шетел тәжірибесінен мысалдар келтіреді. Жапонияда 2014 жылы салықтың 5%-дан 8%-ға өсуі экономиканы рецессияға соқтырған. Мұндай мүшкіл жағдайдан олар мемлекет тарапынан басқа салықтарды төмендету және бизнеске қолдау көрсету арқылы ғана шыққан. Ұлыбритания мен Германия да ҚҚС көтерілгенде экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп, қосымша қолдау шараларын енгізуге мәжбүр болған.

"Бұл елдердегі ерекшелік, ҚҚС көтерілгенде басқа салықтар төмендеді, бизнеске қолдау күшейді, мемлекет арнайы бағдарламалар арқылы халыққа көмек көрсетті. Бізде, әзірге ондай жоспар жоқ. Сондықтан қауіп жоғары", – деп атап өтті сарапшы.

Барышевтің пікірінше, Үкімет бизнеске жүктемені азайту үшін қосымша шараларды қолға алуы тиіс. Оның ішінде жалақы қорына салынатын салықты жеңілдету, Ұлттық Банктің пайыздық мөлшерлемесін төмендету, шағын және орта бизнеске жекелей қолдау көрсету бағдарламаларын іске асыру, кәсіпкерлердің коммуналдық төлемдерін субсидиялау секілді қадамдар қажет.

"Бюджетті толықтыру керек екенін түсінемін. Бірақ ол кәсіпті күйретіп, халықтың тұрмысын нашарлатпауы тиіс. ҚҚС-ты біртіндеп көтеріп, басқа да жеңілдіктермен қатар жүргізбесе, біз экономикалық өсімнің орнына бизнестің жабылуын, жұмыссыздықтың өсуін және халықтың кедейлене түскенінің куәсі боламыз", – дейді Барышев.

Сарапшының сөзінше, ҚҚС тек салық емес, экономикалық саясаттың кемелдігін көрсететін көрсеткіш.

"Экономика Excel-дегі цифр емес. Ол – адамдардың өмірі. Шағын бизнес – бұл жұмыс орындары, тұтынушылар, салық төлеушілер. Егер реформа осыны ескермесе, біз экономиканы дамытудың орнына, керісінше, оны дағдарысқа әкеліп тірейміз", – дейді Максим Барышев.

Бұған дейін сайтымызда "Сарапшы жаңа Салық кодексінің үш даулы тұсын атап өтті" деген мақала жарияланған болатын. 


Рекомендовать
Последние новости