Қостанайда Allur Campus атты заманауи тұрғын үй кешені ашылды. Ол автомобиль зауытының қызметкерлері мен өңірдің жас мамандарына арналған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жалпы аумағы 13,5 мың шаршы метрден асатын ғимаратта шамамен 300 адам тұра алады. Кампуста 71 отбасылық пәтер, 60 студенттік бөлме және қонақтарды уақытша орналастыруға арналған 20 бөлме қарастырылған. Әр блок жеке асүй және санитарлық тораппен жабдықталған. Тұрғындардың игілігіне медициналық пункт, кітапхана, компьютер сыныбы, жаттығу залы және кір жуатын орын да ашылған.
Құрылысы 2023 жылы басталған нысанға 2,1 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Жоба толықтай Allur компаниясының қаржысына жүзеге асырылды. Бүгінде компания зауытында 3,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Алғашқы тұрғындар жаңа кампусқа 2025 жылдың тамызында қоныстанды.
"Біз жаңа пәтерімізге жайғасып алдық. Мұнда бәрі бар – жарық бөлмелер, асүй, демалыс орындары. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен бақыт. Жұмыс та, оқу да жақын, балаларға жағдай жасалған. Компанияның бізге деген қамқорлығын сезінеміз, бұл біз үшін өте маңызды", – дейді алғашқы қоныстанушылардың бірі Жомарт Тұрмышев.
Allur Campus автомобиль зауытының дәл қарсы бетінде орналасқан. Жақын маңда НИШ мектебі, Мұз айдыны, Облыстық филармония, Kostanay Plaza сауда орталығы, "Тобыл Арена" спорт кешені және өзге де инфрақұрылым нысандары бар. Бұл тұрғындарға жұмыс, оқу және демалысты қатар алып жүруге қолайлы жағдай жасайды.
Жоба Қостанайдың индустриялық кластерінің бір бөлігі болып табылады. Мұнда автокомпоненттер өндірісімен қатар мамандардың өмір сүруіне және дамуына қажетті жағдайлар жасалуда. Екінші кезеңде 260 орындық балабақша және спорттық нысандар – футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары, workout-аймақтар мен үстел теннисі алаңдарын салу жоспарланған.
"Біз үшін өндірісті дамытумен қатар, осы өндірістің артында тұрған адамдарға қолайлы жағдай жасау да маңызды. Қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары қауіпсіз, заманауи әрі ыңғайлы ортада өмір сүргенін қалаймыз. Бұл – Allur философиясының бір бөлігі: адамға қамқор болу, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау және өңірде жаңа өмір сапасының стандарттарын қалыптастыру", – деді Allur автомобиль зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.
Осылайша, Allur Campus жаңа тұрғын үй кешені ғана емес, сонымен қатар компанияның адами капиталды дамыту және заманауи өмір сүру мен жұмыс істеу жағдайларын құру стратегиясын көрсететін маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналды.