Алматыда халықаралық деңгейдегі қаржы пирамидасы әшкере болды

Cағыныш Сардарова 25 сент. 2025 10:13

Алматыда халықаралық деңгейдегі қаржы пирамидасы әшкере болды. Бұл туралы ҚМА мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Amir Capital қаржы пирамидасын құру және оны басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырған Amir Capital компаниясы үш жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі жобаларға инвестициялау арқылы 5–10% мөлшерде табыс табу уәдесімен қаржы тартқан.

Инвесторлар компанияның ресми сайты арқылы жолданған реферальды сілтеме бойынша тіркелген. Жеке кабинеттерді толтыру криптовалюта түрінде (USDT, BTC, ETH) Amir Wallet әмияны арқылы жүзеге асқан. Түскен қаражат қаржы пирамидасының принципі бойынша бөлініп отырған, яғни бұрын тіркелген қатысушыларға төлемдер кейінгі салымшылардың қаржысы есебінен төленген.

Бұл пирамидаға 40-тан аса адам тартылған. 2021 жылдың соңында салымшылардың amir.capital платформасындағы жеке кабинеттерінен қаражат шығару мүмкіндігі шектелген.

Ұйымдастырушылар бұл жағдайды техникалық ақау деп түсіндіріп, төлемдерді қайта бастауға уәде бергенімен, қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі қалпына келтірілмеген.

"Құны 10 млн АҚШ долларынан асатын криптоактивтер мен Алматы облысындағы жер телімін бұғаттауға сот санкциясы алынды. Күдіктілердің бірі 2 айға қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости