Қостанай әкімдігіне қазақтың дәстүрін өзгертетін құқықты кім берді?

Dalanews 15 мар. 2023 14:56 1353

Қостанай облысында биылғы Наурыз мерекесінде қайратты қазақ жігіттері қошқар көтеріп күш сынаспауы мүмкін. Жергілікті жануарларды қорғау ұйымының белсенділері тірі қошқарды көтеріп, күш сынасу қошқарды қорлау деп үкім айтып, шу шығарыпты. Ал жергілікті билік болса, бұл ұсынысты құп алып, қазақ жігіттеріне қошқар емес, қап көтеріп күш сынасуды ұсынған.

Қазақ халқы ғасырлар бойы той-думанда қошқарды мойын салып көтеріп күш сынасқанын бәріміз білеміз. Ойын шарты бойынша кімде кім қошқарды көп көтерсе, сол жануарды өзімен бірге алып кеткен.

Бұл қошқарды қорлау емес, қайта жануарды төбеге көтеріп, құрметтеу емес пе?

Қазақтың қанына сіңген қызықты ойынын «жануарды қорлау» деп пәтуа шығарған ұйымның айтқанына көнген қостанайлық шенділер барша қазақтың ашуына тигенін өздері де сезбеген секілді.

Дәл осындай әңгіме қазағы көп Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында шықпас еді.

Қазақтың дәстүрлі ойындарына өзгеріс енгізетіндей Қостанайдың жануарларды қорғаушылары кім? Бүгін қошқар көтеруге тыйым салса, ертең олар "Наурызды тойлмаңдар" деп шу шығару мүмкін ғой.


– Қостанай қаласында Наурыз мерекесін тойлау кезінде қошқардың орнына қап көтеріп күш сынасуды ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта мерекеде мұндай жарыс ұйымдастырылса, жігіттер қапқа құм салып, соны көтеріп жарысатын болады, – деп қазаққы дәстүрден хабары жоқ Қостанай қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Казез деген шенді былжырап, әңгіме айтыпты.

Қап көтеріп жарысу ешкімге қызық емес қой. Қызық болса шенеуніктерге қызық шығар?

Бір қаланың Ішкі мәселесіне жауапты шендінің бойында қазақылық болса, «бұларың болмайды, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойынға өзгеріс енгізе алмаймыз» әңгіме айтуына болады ғой.

Бірақ Казез мырза ондай бір ауыз сөз айтпаған.

Қазір қандай бір дау туса, бас изеп көне салатын өзіндік пікірі жоқ шенділер қаптап кеткені жасырын емес.

Айтапқшы, Қостанай қаласының ішкі саясат бөліміне қазақтың салт-дәстүріне өзгеріс енгізетін құқықты кім берген? Мұндай шектен шыққан сорақылыққа көнбеуіміз керек.


Осыдан кейін Қостанайда қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық ғұрыпын қолдап, ара түсетін адам қалмаған ба деп ойға қалғанымызды жасырып қайтеміз?

Кезінде Жамбыл облысында әкімнің орынбасары болып қызмет атқарған Қостанай облысының қазіргі әкімі Құмар Ақсақалов сол кезде қазақылықты бойына неге сіңірмеген?

Олай болса, ит пен мысықты үйлерінде зорлықпен бағып отырған қостанайлық орыстардың қолындағы жануарларға да бостандық берілуін талап етейік.

Қостанайда жаны қазақ жігіттердің бар екеніне сенеміз. Наурыз кезінде Қостанайдың орталық алаңында қошқар көтеріп жарыс ұйымдастырыңыздар! «Қошақар емес қап көтеріңдер» деген Қайрат Казездің жандайшаптарының айтқанына көнбеңіздер!

Шенділердің салт-дәстүрімізді ойыншық қылуына жол бермейік! Дәл осыған бола сіздерді ешкім түрмеге жауып, айыппұл арқалатпайды!

Рекомендовать
Последние новости