Қызылордалық оқушының құлдықта болуы: алғашқы үкім шықты

Көркем Алдабергенова 12 нояб. 2024 10:45 1214

Қызылорда қаласының №2 сотында оқушы қызды құлдықта ұстауға қатысты алғашқы үкім шықты. Сотта айыпталушы Т.-ға қатысты ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1)-тармағы бойынша (қорқытып алу) қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Қызылорда қаласының №2 сотына сілтеме жасап.

Анықталғаны:

Сотталушы Т. оқушыны масқаралайтын мәліметтерді жариялаймын деп кәмелетке толмаған қыздан 700 000 теңге ақша тауып беруін талап еткен, сонымен қатар, оның сөмкесін алып, ішінде тұрған 35 000 теңге ақшаны қорқытып алған.

Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің біркелкі жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру туралы хаттамасымен, беттестіру жүргізу хаттамаларымен, сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысымен бекітілді.

Жаза бойынша:

Сот үкімімен сотталушы Т. ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1)-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. ҚК-тің аталған бабының санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 –нен асыруға болмайды делінген.

Іс бойынша қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Жеңілдетілген мән-жай ретінде оның бұрын сотталмағаны және жастығы ескерілді (21 жас).
Яғни, ең жоғары жаза 7 жылдың 2/3-нен аспауы тиіс.

Осының негізінде, сот сотталушы Т.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Айта кетейік, бұл іс бойынша жалпы 13 фигурант бар. 11 күдікті ұсталған, оның бесеуі - кәмелетке толмаған. 


Рекомендовать
Последние новости