Қыздар университетінде ақын Бауыржан Жақыппен кездесу болып өтті

Dalanews 19 окт. 2016 12:28 1228

Қыздар университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып шығармашылығына арналған «Қазақ жолы» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.

dalanews-zhenpiОннан астам кітаптың авторы, Македония, Түркия, Әзірбайжан елдерінде өткен «Бүкіл түркі дүниесі» ақындар фестивалінің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Жақып қара өлеңнің құдіретін өзге елдерге мойындатқан талант иесі. Өзіндік өлең өрнегімен дараланған ақынның өлеңдері орыс, беларус, ағылшын, украин, қытай, түрік, македон және қырғыз тілдеріне аударылған.

Ақын шығармаларының дені философиялық иірімдерге толы, туған елдің сұлу табиғатын суреттейтін, ұлттық бояуы қанық лирикалық өлеңдер. Оның «Астанамен сырласу» атты жыр топтамасы, «Тәуелсіз Қазақстаным!», «Қазақ жолы», «1991 жыл» және т.б. осы сынды ел егемендігіне, Тәуелсіз Қазақстанның өткен тағдыр талайы мен бүгінгі биік мұраттарына арнаған өлеңдерінің өзі бір төбе. Сыршыл ақынның бүкіл қазақ даласын жылатқан Семей полигонының қасіретін әлемге естірткен «Жан дауасы» поэмасы шоқтығы биік шығармаларының бірі. Қырық жыл сынға түссе де қасиетін жоғалтпаған, жасампаз, киелі Абай жерінің тумасының бұл туындысындағы: «Жел жылар, қаңбақ қашып қыраттардан,

Тартылып талай мөлдір бұлақ қалған.

Жетпіс жыл жетімсіреп өмір сүріп,

Қырық жыл қырылдық біз сынақтардан», – деген өлең жолдарынан ұлтымыздың тәуелсіздік жолындағы тар жол, тайғақ кешуі түгел сыйып тұрғандай десек артық айтқандығымыз емес. Бұл шығармадан сонымен бірге  Семей қасіреті, ел азабы, туған жердің тулақтай кеуіп, бордай үгіліп жатқан күйі сол жердің перзенті ретінде жүрегімен сезінген ақынның ащы зарын көруге болады. Бұл дастанның қай тарауын оқысаңыз да жаның шүберекке түйіліп, ет-бауырың езіліп, сай-сүйегің сырқырайды.

Кеште Қыздар университетінің ақынжанды қыздарының орындауында ақынның осы бір бүкіл жердің, бүкіл елдің қасіретіне арнап шығарған «Жан дауасы» поэмасына арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, ел егемендігіне арналған өлеңдері оқылды. Қыздар «Дегелең тауының зары», «Жапырақтар жыры», «Қураған тоғайдың соңғы мұңы», «Боза даланың мұңы», «Тартылған өзеннің мұңы», «Желдің жоқтауы» атты дастан жолдарындағы үзінділермен табиғат дауысын адамзатқа әсерлі жеткізе білді.  Поэзиялық кеште сонымен қатар, ақын құрметіне арналған арнау өлең оқылып, ақынның сөзіне жазылған «Тұғыр», «Егемен елім» әндері шырқалды.

Кеш барысында Бауыржан Жақып өзінің қазақ рухының табиғаты мен тағдырына өрілген «Домбыра», «Тамыздың 29-ы», еліміздің егемендігіне арналған «Менің Қазақстаным!», төлқұжатына айналған «Қолтаңба» өлеңдерін және т.б. жастарды отансүйгіштік, патриоттық сезімге бөлейтін бірталай шығармаларын оқып жырдан шашу шашты. Кеш соңында ақын толассыз қойылған жастардың өлең, поэзия, махаббат, ел руханияты, қазақ қызы тақырыптарына арналған сұрақтарына жауап беріп, қыздардың қара шаңырағына бірнеше кітабын тарту етіп, ақ тілегін арнады.

«Қыздар университеті тәрбиенің, тағылымның, білімнің ошағы. Мен үшін саналы, парасатты, білімді қыздармен қауышу, пікірлеріңізді біліп, үндеріңізді есту, сырлы-сұхбат құру ерекше ғанибет, үлкен бақыт. Бүгін менің өмірімде есте қаларлықтай күн болды. Керемет мазмұнды кешті ұйымдастырушыларға мың алғыс. Ерекше әсер алдым. Бұл қасиетті шаңырақтың біз үшін орны әрқашан бөлек. Қаракөз қарындастарымның білікті де білімді маман, шаңырақтың тұтқасы, керегесінің берік болуы үшін қызмет ететін ұлт тәрбиешілері болатынына сенемін. Әрқайсымыз ел Тәуелсіздігіміз үшін қызмет етсек, алдыға қойған мақсаттың бәріне жетеміз», деді Б.Жақып.

dalanews-zhenpi01

Ғибратты да тағылымды кешке ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Рафаэль Ниязбек, халықаралық «Алаш әдеби» сыйлығының лауреаты,  ақын Әділғазы Қайырбеков, ҚР Жазушылар Одағының Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан қатысып, ақынның шығармашылығынан сыр шертіп, төл туындыларын оқып берді.

Кеш соңында Педагогика және психология факультетінің деканы, п.ғ.д.профессор Сайра Жиенбаева ақынға алтын уақытын бөліп, жыр әлемімен, сырлы әлемімен бөлісуге келгені үшін үлкен алғысын білдіріп, қазақы дәстүр бойынша барша қонақтарға сый-сыяпат жасады. Өз кезегінде ақын өз қолтаңбасы қойылған кітаптарын жастарға тарту етті.

 

«Қыздар университеті»  медиа орталығы

Рекомендовать
Последние новости