Қытайдан келген 171 адам дін-аман

Dalanews 18 февр. 2020 03:18 730

Қытайдан эвакуацияланған отандастарымыздың бір легі үйіне жіберілді. Арнайы рейспен Алматыға жеткізілген 171 азамат үш күн бойы карантинде болған, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Олар ұшақтан түскен бойда қала іргесіндегі инфекциялық клиникаға жеткізілген. Мұнда күні-түні дәрігерлердің бақылауында болғандардан қауіпті коронавирус белгілері байқалмапты.

Сондықтан барлығы да енді тұрғылықты мекен-жайында бақылауда болады. Қысқа мерзімге карантинге жатқызылғандардың көпшілігі өзге қала тұрғындары.


Сондықтан оларды арнайы автобустармен теміржол вокзалы, әуежай мен автовокзалдарға дейін жеткізіп салды. Сөмкесін сүйреп, жүгін арқалаған жастардың көпшілігі Қытайда оқып жүрген студенттер.

Олар жұқпалы індет ауыздықталғанша елде болмақ. Өйткені инфекция жайлаған көрші елдің барлық қаласында «тіршілік тоқтап қалғандай» дейді аман-есен елге келгендер.

Мәселен, студенттердің барлығын жатақханаға қамап тастаған. Көшеге 2-3 күнде бір-ақ рет шығуға рұқсат беріліпті.

– Мен өз университетімде ең соңғы қазақ студенті болғам. Бізде 300 қазақ оқиды. 300 қазақтан ең соңғысы болып мен оралдым. Өте қорқынышты. Біздің жатақ бөлмелерімізді жауып тастады. Азық-түлік пен керек заттарымызды апайлар арқылы алып отырдық. Барлығы үрей құшағында. Бірақ осы уақытқа дейін қазақ студенті немесе қазақ азаматы ауырды дегенді естіген жоқпын, – дейді қазақ студенті Таңшолпан Шұғатаева.


Рекомендовать
Последние новости