Қытай компаниясы Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді

Кәмшат Тілеухан 23 окт. 2024 15:52 2573

Атырау облысында барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМА) пен China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келіссөз барысында "Жылыой" жер қойнауын пайдалану жобасы бойынша негізгі ынтымақтастық шарттарын айқындайтын құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, қос компания жер қойнауы учаскесінде келесі жұмыстарды орындауға келісті:

  • 2D (400 бойлық км өңдеу және талдау) және 3D (дала жұмыстары, 400 шаршы км өңдеу және талдау) сейсмикалық барлау;
  • 2000 м тереңдікте бір тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау (тәуелсіз кезең);
  • 3D сейсмикалық барлау деректерінің нәтижелеріне қарай тереңдігі 4500 м бір тұзасты барлау ұңғымасын (тәуелді кезең) бұрғылау.

ҚМГ-ның алдын ала бағалауы бойынша жер қойнауы учаскесінің геологиялық ресурстық әлеуеті 185 миллион тоннадан астам мұнайды құрауы мүмкін.

Негізгі ынтымақтастық шарттарына қол қою рәсімі CNOOC компаниясының аталған жобаны бірлесіп іске асыруға деген қызығушылығын растай түседі. Бұл қадам компаниялар үшін көмірсутектерді іздеу бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

ҚМГ басшысы жобаның Қазақстан үшін маңызына тоқталды:

"Әлемдегі жетекші энергетикалық компаниялардың бірімен орнатқан бұл серіктестік Қазақстанның мұнай-газ секторының дамуына жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Сонымен қатар елімізге тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемі артады. Өйткені барлау кезеңі CNOOC есебінен қаржыландырылады", деп атап өтті "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.

Айта кетсек, China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) — барлау мен өндірумен айналысатын мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Ол халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатып, 20-дан астам елде ірі жобаларды іске асыруға атсалысады.


Рекомендовать
Последние новости