Қазақстан фермерлері қауымдастығының, Егіншілер одағының, Картоп және көкөніс өсірушілер одағының және Жамбыл облысының қант қызылшасы өсірушілер қауымдастығының өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдады. Хатта аграрлық салада қол жеткізілген жетістіктер мен Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары үшін шынайы ризашылық білдірілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Хат мәтіні әлеуметтік желіде жарияланды.
2024 жылы Қазақстан 26 миллион тоннадан астам астық жинап, соңғы 10 жылдағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Орташа өнімділік 16 центнерді құраса, кейбір аймақтарда өнімділік 40-45 центнерге дейін жетті. Аграрлық сектордың мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуіне ауыл шаруашылығына бағытталған жеңілдетілген қаржыландыру, техникалық жаңғырту, соның ішінде 20 мыңнан астам жаңа техниканың сатып алынуы және көктемгі егіс пен жинау жұмыстарын уақтылы қаржыландыру ықпал етті.
Фермерлер қауымы Үкіметтің өңдеу мен өнімді өткізу саласындағы бастамаларын, ауылдық жерлердегі өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған шараларын ерекше атап өтті. Осы бастамалар арқасында, желтоқсан айынан бастап, фермерлер келесі жылға арналған егіс науқанына қажетті алғашқы қаражатты ала бастайды. Бұл шешім ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 1,2 миллион азамат пен олардың отбасыларына үлкен көмек болмақ.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы тек ел ішінде ғана емес, шетелде де жоғары бағалануда. Фермерлер Мемлекет басшысына көрсеткен қолдауы мен ауыл шаруашылығы саласына деген ерекше назары үшін тағы да алғыстарын білдірді. Хатқа Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев, Егіншілер одағының төрағасы Василий Асланов, Картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисетаев және Жамбыл облысы қант қызылшасы қауымдастығының жетекшісі Серік Мантаев қол қойды.
Қазақстанның аграрийлері аграрлық секторды дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын атап өтті. Бұл алғыс хат еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары нәтижелер мен жетістіктердің көрінісі болып табылады.