Қытай елшісі: «Қытайды қаралаудан қолдарыңыз тимеді, енді абдырап қалдыңыздар»

Dalanews 14 мар. 2020 14:12 719

Қазақстандағы коронавируске шалдыққандар алты адамға жеткен уақытта еліміздегі Қытай елшісі Чжан СЯО Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «індет жайыла бастағанда қайда қарап отырдыңдар?» деп жекіген жазба жариялады. Дәл осы жазба Қазақстандағы ҚХР-дың елшілігі жүргізетін Twitter-дегі парақшаға да салынды, – деп хабарлайды malim.kz сайты.

Бұл жазбада Қытай елшісі коронавирус індеті тарала бастаған шақта геосаяси ойындармен жүргендерді айыптай сөйлейді.

– Індет жайыла бастаған кезде не бітіріп жүрдіңіздер? Геосаяси ойын, ішкі саясат пен Қытайды қаралаудан қолдарыңыз тимеді. Қытайлар әлемнің бүкіл елі, оның ішінде сіздерге ұтып берген алтын уақытты босқа сарп еттіңіздер, – дейді елші.


Чжан Сяоның бастапқыда кімге жеки сөйлегенін ұғу қиын. Бірақ «Денсаулық сақтау саласы шенеуніктерінің індеттің алу алу жөніндегі ескертулерін «жалған» деп, ахуалды бақылауда ұстап отырмыз дедіңіздер. Ал қазір вирус штаттардың көпшілігіне тарап, 40 адам қаза болғанда, бірден бөрікті аспанға атуды қойып, абдырап қалдыңыздар» деген жолдардан кейін елшінің мұны АҚШ-қа қарата жазғаны білінеді.

Чжан Сяо індетке қарсы жедел іс-қимылды қолға алу орнына «Қытайға кінә артып, оны қытай вирусы деп атаған» АҚШ-ты сынайды. «Кінәліні іздеуді қою керек. Сіздерде маска, қолғап, тестер мен қажет техника жетіспейді. Қор нарығы құлдырап жатыр. Бұған да Қытай кінәлі ме?» – дейді елші.

Жазбасында «штаттар» деген сөзді бір рет қана атаған елші пікірін толықтай орыс тілінде жазған. Ал орыс тілінде жазылған жазба АҚШ-қа қаратылғанымен, оны американдықтардың оқуы екіталай. Оның үстіне елшінің бұл жазбасы жеке парақшасында ғана емес, Twitter-дегі Қазақстандағы Қытай елшілігінің ресми парақшасында жарияланған. Демек, елшінің жазған-сызғанын басқа емес, қазақстандықтар оқитыны белгілі.

Чжан Сяоның ашуға мініп, өршелене жазған посты жалғыз бұл емес. Қытайдағы саяси лагерьлер туралы айтқан этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды өткенде АҚШ мемлекеттік департаменті «Батыл әйел» сыйлығымен марапаттағана, Чжан Сяо мұны да сынап, «арандату» деп атаған. Елші С.Сауытбайға сыйлық тапсыру – «Қытайдың ішкі ісіне қол сұғу» екенін келтіріп, марапаттау рәсімі «қызықсыз циркті елестетіп, Вашингтонның шын мәніндегі мақсаты мен пиғылын ашып берді» деген.


Елші «Вашингтон Шыңжаңдағы мәселені қайта-қайта көтеріп, жалған ақпарат таратып, Қытайға жала жауып отыр», ондағы АҚШ-тың көздегені – «Шыңжаңды ұлтаралық қантөгіс аймағына айналдырып, Қытайдан кек алу» дейді.

Чжан Сяо бұған дейінгі мәлімдемелері мен жазбаларында да Шыңжаңда аз ұлттарды қудалау бар екенін жоққа шығарған. Сайрагүл туралы жазбасында елші осы тақырыпқа қайта оралып, саяси лагерьлерді «кәсіпке баулу орталықтары» деп атап, оны бітіргендер «жұмысқа тұрып, нан тауып, қоғамға қауіпсіз бола бастады» дейді. Қытай мұндай орталықтарды экстремизммен күрес үшін ойлап тапқанын келтірген елші бұл іс нәтижесін беріп, Шыңжаңдағы ахуал «қауіпсіз бола бастағанын» айтады.

«АҚШ аймақтағы алауыздықты қоздырып, өзінің монополиясын орнатқысы келеді. Помпео мырзадан сұрағым келетіні, сіздер Қазақстанда бір шақырым жол төсеп я бір көпір салдыңыздар ма? Егер шынымен қазақстандықтарға жандарыңыз ашыса, Қазақстанның ең табысты саласы мұнайға ғана көңіл бөлмей, Қазақстанның индустриясы мен инфраструктурасына да ақша құюға назар аударсаңыздар. Қытай сияқты елдің экономикасына ақша құюға дәттеріңіз жете ме? Олай жасай алмасаңыздар, қазақстандықтарға қарата айтқан сөзіңіз екіжүзділік болмақ», деп сынайды Қытай елшісі.


«Қытай коронавируспен күреске бар күшін салып жатқан уақытта, Помпео коронавирустың тарлуы жайлы мәселені жеке бас мақсатына пайдалануы – арам және жымысқы әрекет. Бұл адамгершілікке жатпайтын әрекет арқылы ол шектен шықты. Барлық елдер Қытайға осы індетпен күресуге қолдау білдіріп, көмек көрсетіп жатса, АҚШ Қытайдың бұл індетті жеңуіне септесетіндей ештеңе жасамады, керісінше өз азаматтарын Уханьнан алып шығып, Қытайды Ауғанстан мен Ирак тәрізді сапарлауға қауіпті елдер қатарына қосты, бірінші болып Бейжіңдегі елшілік қызметкерлерінің санын қысқартты. Ондағы мақсаты – дүрбелең мен сенімсіздік тудыру».

Рекомендовать
Последние новости