"Қырым - Ресейдікі". Қарағандылық ұстаз Путин идеологиясын ашықтан-ашық насихаттауда

Dalanews 07 июн. 2022 07:08 1003

Жуырда Орталық Қазақстанның белді университетінде Қазақстан Президентінің саясатына қайшы көзқарасты ұстанатын оқытушы туралы Қарағандыдағы Букетов атындағы студенттер мәлімдеді.

"Біздің университеттің тарих факультетінде Михаил Шлюпиков деген оқытушы бар. Бұрынғы жылдары ол "Қырым – Ресейдікі" деген уағызды студенттердің құлағына үнемі құятын. Біз бұған үнсіз көнетінбіз, елемейтінбіз.

Өйткені оқытушымен салғыласып, ұрысып, нашар баға алуды кім қаласын?

Алайда Украинадағы соңғы оқиғаларға байланысты бұл оқытушы орыс тілді топтарда оқитын студенттер арасында қауіпті риториканың пропагандасына ашықтан-ашық көшіп алды.

Мысалы, Михаил Шлюпиков «Путиннің ешқандай кінәсі жоқ, арандатқан Украинаның өзі кінәлі» дегенді ұдайы қайталайды.


Оның байламынша, Ресей – алып ел, империяшылдық оның қанында бар, сондықтан оған жаңа территориялар керек. Ол үнемі кеңеюге мұқтаж. Оның мұндай теріс тұжырым-көзқарастарының біздің еліміздің аумақтық тұтастығына жанама болса да қатысы бар», – дейді БҒМ-ге шағымданған студенттердің бірі.

Аталған жағдайға байланысты Университет басшылығы тілшілер қауымына әлі түсініктеме бермеді.

...

Осыдан бірнеше ай бұрын Ресей Президенті Владимир Путиннен Украинадағы соғыс аяқталған соң, Қазақстанның солтүстік өңірлерін күштеп қосып алуды сұраған қостанайлық Татьяна Малахованың жазбасы да Қазнетте қызу талқыланды.

Кейіннен облыстық Полиция департаменті аталған жазба фейк аккаунттан жазылған деп түсініктеме берді.

Әзірше, әлемжеліде сепаратистік көзқараста жазба қалдырып жүрген адамдардың жауапкершілікке тартылғаны туралы дерек жоқ.

Бірқатар  қоғам белсенділері елімізде  «империялық комплекске» шалдыққандар болашақта титулды ұлт тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп дабыл қағып, тіпті олардың арнайы тізімін жасауды да ұсынды.

Осы орайда Dalanews.kz тілшісі бұрынғы одақтас республикалардағы «империялық комплекстің» Қазақстанға қаупі қандай деген сауалды сарапшылардан сұрап көрді.

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Ресей мемлекеті өзінің саясатын бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің аумағында тұтас жүргізуге мүдделі дейді.

ӘЛЕМГЕ РЕСЕЙЛІК КӨЗҚАРАСПЕН ҚАРАЙТЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТУРАЛЫ



«Соңғы жылдары солтүстік көршіміздің империялық амбициясы нақты көріне бастады. Қырымды тартып алудан кейін, медиақұрылымда оны ашық насихаттауға көшті.

Яғни Ресей мемлекеті өзінің саясатын бұрынғы Ресей империясының аумағында тұтас жүргізуге мүдделі екенін аңғартуда. Сол мақсатта түрлі фильмдер, бағдарламалар түсіріп келеді. Оның барлығы санаға тікелей әсер етуде.

Себебі қазіргі заманның күресі, ол адам санасы үшін күрес. Адамның санасына өз құндылығыңды енгізе білсең болғаны.

Міне, Ресей сол бағытты ұстануда. Оның бұл саясаты біздің елімізде де айқын көрініс табуда. Себебі елімізде ақпараттық қауіпсіздік төмен, әлеуметтік желіні бақылау жоқтың қасы. Ашық жатқан алаң. Ал ол алаңға кім келіп, қандай доппен ойын ойнаймын десе өз еркі.

Ресей бұл мүмкіндікті қалт жібермеуде. Мультфильмнен бастап, газет-журнал, сайттарға дейін сол саясатты ұстануда. Сондықтан бұл сөзсіз әсер етеді»,-деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, әлемге Қазақстанның емес, ресейлік көзқараспен қарайтын қазақстандықтардың саны артуда.

«Әлемге Қазақстанның көзімен емес, ресейлік көзқараспен, импершілік көзқараспен қарайтындардың саны артуда. Ал, екінші жағынан Ресейдің Қырымды алуы мен Украинаға ашық соғыс ашуы кей азаматтар тұрғысынан «расымен Ресей империясы қайта тірілуде» деген эмоциялық көңіл-күй туындатуда.

Осының барлығы әлемжеліде ашық көрініс тауып отыр. Кез келген империалистік идеология біз үшін қауіпті. Себебі империализм идеясы – басқыншылық, жаулап алу, бір мемлекеттің екінші мемлекет алдындағы үстемдігі.

Сондықтан Ресей тарапынан туындайтын империалистік идеология сөзсіз Қазақстанның аумақтық тұтастығына, Қазақстанның сыртқы саясаттағы дербестігіне қарсы жұмыс істейтін болады.

Соңғы жылдары тіл саясатын ұстануда, біздің жеріміздің аумақтық тұтастығына тарихи тұрғыдан күмән келтіруде осы көзқарас айқын көрініп отыр, сондықтан бұл бізге тікелей қауіпті идеология»,-деді Асхат Қасенғали.

"Ресей Қазақстанның территориялық тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін"


Жеке бас қауіпсіздігіне байланысты аты-жөнін жазбауымызды өтінген ресейлік (ұлты орыс емес) журналист көптеген таныстарының Қазақстанға көшуді жоспарлап отырғанын және олардың кейбірі ертеңгі күні Қазақстанның территориялық тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін екенін жасырмады.



«РФ қазіргі биліктің саясатына қарсы жастар жаппай көршілес елдерге миграциялануды бастап кетті. Олардың біразы Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақстандық қыздарға үйленуге, сол елде тұрақтап қалуға тырысатыны анық. Қазірдің өзінде менің айналамдағы біраз таныстарым Қазақстандағы таныстарына хабарласып, қазақ тілін үйренуге қанша уақыт кететінін сұрап, қай өңірде орыс тілінен қысым көрмейтіндерін анықтап жатыр. Телеграмда арнайы канал ашып, бір-бірімен ақпарат алмасуда.

Орыс жастарының аумақтарыңызға жаппай кіруіне тыйым салынбайтыны анық, бірақ біршама уақыттан кейін олардың арасындағы кейбір шовинистік, империалистік көзқарастағы азаматтардың «қысым көріп жатырмыз» деп Кремльден көмек сұрамауына кім кепіл бере алады?!


ТМД аумағындағы адамдардың импершілдік комплексіне АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы Қырғи қабақ соғыстың әсері болды. Сол кездегі ақпараттық соғыс Кеңес адамына «бәленің бәрі батыстан келеді» деген ұғымды жақсылап сіңірді. Байқасаңыз, Украинадағы соғысты қолдайтындардың көбі украиндықтарға емес, Америкаға қарсы.

Мұндай түсінік мемлекеттік БАҚ пропагандасының әсері мен халықтың сауатсыздығы. Есі дұрыс адам қай елде болсын қан төгіліп, жазықсыз адамдардың ажал құшқанын қолдамайды»,-деді халықаралық журналист.

Оның айтуынша, патша режимінің құлдырауы да, Кеңес өкіметінің орнауы орыс ұлтының бойындағы отаршылдық рухты түбегейлі жойған жоқ.

«Жалпы орыстардың  империалистік көзқарасы жайдан-жай пайда болған жоқ, өйткені тарихта биліктің сабақтастығы, отарлау, ықпал ету аймақтарын ұлғайту мен нығайту үшін тәрбиеленген ұрпақ бар.

Алайда кеңестік Ресейде олар «кеңестік адамды» қалыптастыруға тырысты және басымдылық – титулды ұлтта болды. Империялық рух  – өзге ұлттарға ғана емес, биліктің кез-келген алыс аймақтарға деген қарым-қатынасынан байқалды. Есіңізде болса, Мәскеу «Орталық» деп аталатын.

Одан бөлек, екінші дүниежүзілік соғыс дағдарысы, Кеңес Одағының фашизмді жоюдағы үлкен жеңісін қосыңыз.

Аталған жеңісте Одақтағы өзге ұлт өкілдерінің  болғаны есепке алынбай, сөзсіз «орыс әлемі» де-факто жеңімпаз болып шыға келді. Бұл да импершілдік рухтың өсуіне ықпалын тигізді. Сондай-ақ, Империяның жоспары көп жағдайда  географиялық ықпал етуге қатысты болғанымен, бұған одақтың идеологиялық компоненті – коммунизмді барлық жерде тарату қосылды.

Сондай-ақ, сол кездегі әлемді иеленген «Қырғи қабақ» соғыс орыстардың импершілдігін төмендетпеді, керісінше, әлемге бейбітшілік орнататын «орыс адамы» бейнесінің романтикасы пайда болды. Халықты сауаттандыру жұмыстарынан көптеген адамдардың көзі ашылды дегенімізбен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы миллиондаған адамдарға билік өз идеологиясын еркін жүргізіп келе жатыр.

Оған Ресейдің Донецк пен Луганск халық республикалары, Қазақстан территориясына қатысты мемлекеттік арналарынан Кремль депуттаттарының айтып жүрген мәлімдемелері дәлел»,-дейді спикеріміз.

 

ТМД-дағы Ресей пропагандасы 


Журналист Ресейдегі империалистік идеологияны насихаттаудың бірнеше құралы ТМД аумағында астыртын жүргізіліп отыр дейді.

«Қазіргі заманауи Ресейдегі империалистік пиғылдарын насихаттайтын тағы бір құра – дін.

Соңғы жылдары бүкіл Ресей бойынша мыңдаған шіркеулер қайта жаңғырып, олардың барлығы қазіргі билік басындағы элитаға бағынышты болып отыр, және ол жәй ғана Православтік емес,  орыс Православтік шіркеуі деп аталады.

ТМД бойынша «Мир», «Первый канал» сынды арналар мен бұрынғы одақтас елдерде қалған орыстармен жұмыс істейтін халықаралық «Россотрудничество» Федералды агенттіктері, түрлі қорлар аталған идеологияға жұмыс істейді.

Олар гуманитарлық көмектер көрсетіп, орыс жастарына гранттар тағайындап, сол арқылы жастарға – кез келген жағдайда сендерді қорғайтын мемлекет бар деген идеологияны сіңіріп келеді. КВН, түрлі мәдени шараларда да орыс әлемінің идеологиясы қатты насихатталады.

Мен сияқты өзге ұлт өкілдері орыс тілінде еркін сөйлесе «сен орыс мәдениетін мықты білесің, демек сен орыссың» деген түсінікте қалыпты болып кеткен. Мәселен, ресейлік әлемге танымал модель Ирина Шейх татар ұлтының өкілі болғанымен, оның парақшасындағы пікірлер «ол орыстың сұлуы», «ол орыстың қызы болған соң, Роналдудың басын айналдырып алды. Біз бәрінен мықтымыз» дегенге келеді. Яғни, мұндағы қызыл паспорт Ресей азаматысың дегенді емес, орыссың дегенді білдіреді.

Кез келген өткен тарихқа деген ностальгия – бүгінгі күннің экономикалық және басқа да факторларын құлдыратуға апарады. Тарихта ешқандай империя мәңгі өмір сүрген емес.

Бұл өте күрделі, социопсихологиялық құбылыс, себебі, санасы саяси идеологияға уланған «массаны» басқарудың соңы – бүгінгі күні біз көріп отырған тарихты басқыншылық, озбырлық арқылы өзгерткісі келетін басшыларды тудырып отыр. Ал, зардабын шегіп жатқан қарапайым халық»,-деді журналист.

Әзірлеген, Айжан МҰХАМЕТҚАЛИЕВА




Рекомендовать
Последние новости