"Қазақстанның Даму Банкі" АҚ Жоғары аудиторлық палатаның өздеріне қатысты таратқан ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"ҚДБ тарапынан бағдарламалар аясында ұсынылатын мөлшерлемелер уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен қаржылық-экономикалық негіздемелердің параметрлеріне қатаң сәйкес келеді. Бағдарлама әкімшілері – салалық министрліктер сыйақының шекті ең жоғары мөлшерлемелерін белгілейді. Бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде сыйақының шекті ең жоғары мөлшерлемелерін есептеу тартылатын нарықтық және бюджеттік қарыз қаражаттарының үлесі мен орташа өлшенген кредиттік рейтинг негізінде жүзеге асырылады", делінген ҚДБ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесін айқындау үшін ҚДБ тәуекелдерді басқарудың халықаралық тәсілдерін, оның ішінде Standard & Poor 's, Moody' s және Fitch сияқты жетекші әлемдік агенттіктердің жүйелеріне сәйкес келетін кредиттік рейтингтер шкаласын қолданатынын да нақтылайды.
"Осыған байланысты сыйақы мөлшерлемелерінің мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына сәйкессіздігі бөлігінде банкке қатысты бұзушылықтар Жоғарғы аудиторлық палата тарапынан анықталған жоқ. Банк мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде бюджеттен әрбір 1 теңгеге (0,15%) бюджеттен тыс көздерден – ішкі немесе халықаралық капитал нарықтарынан (16%-дан астам) кемінде 1 теңге тартады. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл пропорция айтарлықтай артты: бюджет қаражатының әрбір 1 теңгесіне нарықтан тартылған 3 теңге сәйкес келді. Тиісінше, бұл бағдарламалар бойынша банктің орташа қорландыру құны бюджеттен тартылатын қаражат мөлшерінен (5-6%) едәуір жоғары", - дейді ҚДБ.
Бұл ретте банк мемлекеттік даму институты ретінде пайда табуды мақсат етпейді. Оның қызметі қайтарымдылық, жеделдік және қамтамасыз етушілік принциптеріне негізделгені де баса айтылады.
"Бұл дегеніміз – қарыз алушыға берілген әрбір теңге белгіленген мерзімде, тартылған қаражат пен операциялық шығындарды жабуға жеткілікті ең төменгі сыйақы мөлшерлемесімен қайтарылуы тиіс. Бұдан бөлек, банк жыл сайын таза пайдасын дивидендтер мен салықтар түрінде республикалық бюджетке аударады. Сонымен қатар, Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген аудиттің нәтижелері бойынша, банк сыйақы мөлшерлемелерін біріздендіру мақсатында ішкі құжаттарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізді", деп нақтылайды даму институты.
Банк өз қызметінің ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жалғастырады және мемлекеттік органдармен, БАҚ-пен және қоғаммен сындарлы диалог үшін ашық.
Айта кетсек, күні кеше Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Даму банкінің жекелеген қарыз алушылары салалық даму тұжырымдамасында бекітілген шекті мәндерден төмен мөлшерлемелер бойынша кредиттер алғанын, сондай-ақ банк бюджет қаражатын 0,15% мөлшерлемемен алып, кейіннен қарыз алушыларға оны 9-11% мөлшерлеме бойынша кредит ретінде бергенін анықтағандарын хабарлаған.
ҚДБ шикізаттық емес салалардағы жеке инвестициялық жобаларды, сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырумен айналысады. Оның жалғыз акционері - экономика министрлігіне қарасты "Бәйтерек" холдингі. ҚДБ-ның өзі, Forbes мәліметтері бойынша, Өнеркәсіпті дамыту қорына және голландиялық DBK Capital Structure Fund B. V-ге иелік етеді.