Шерзат Болат ісі: Талдықорғанда алдын ала сот тыңдауына қатысушылар жинала бастады

Қаракөз Амантай 10 апр. 2025 12:23 8212

Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталуға жақын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратына жәбірленуші тарап пен БАҚ өкілдері жинала бастады.

“Қазір судья қатысушылардың пікірін ескеріп, қаулы шығарады. Қаулыға сәйкес ашық бола ма, жоқ па шешіледі. Бүгін тек алдын ала тыңдау болады. 15-20 минут күтулеріңізді сұраймыз”, — деді Жоғарғы сот өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғарғы сот Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысы неліктен Талдықорғанда өтетінін түсіндірген еді.

“Айып тағылған тоғыз адам Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Сол себепті алдын ала тыңдау Жетісу облысында өтеді”, — деді Жоғарғы сот.

Құқық қорғаушы Мейірман Шекеев сот отырысы баспасөз өкілдеріне ашық түрде өтетінін, бірақ Қуандық Бишімбаевтың ісі секілді онлайн трансляция жүргізілмейтінін мәлімдеді.

“Істі Алматы облыстық соты қарайды. Келесі сот отырыстары Қаскелеңде жалғасуы мүмкін. Бұл тек алдын ала тыңдау” – деп түсіндірді ол.

Сотта Марқұм Шерзат Болаттың отбасының мүддесін Мейірман Шекеев жетекшілік ететін алты адвокат қорғайды. Олар: Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ібраев, Бақдат Амандосұлы және Бекзат Мязов.

Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов баласының өліміне қатысы бар деген күдіктілерге қатысты қосымша арыз дайындап жатқанын хабарлаған едік. Бұл туралы жәбірленуші тараптың жаңадан қосылған адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді. 

“Іс материалдарымен таныса келе, біз бұл қылмыстық іс аясында азаматтық талаптың берілмегенін анықтадық. Қазір сол талапты әзірлеп жатырмыз. Бұл әрекет Қаржаубай мырзаға қаржылай өтемақы алу үшін емес, қамауда отырған күдіктілерге үкім шыққан соң олардың мерзімінен бұрын босап кетуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр”, – деді Шекеев.

Адвокат қоғамда қызу талқыланған бір сұраққа да жауап берді.

“Халықты алаңдатып отырған маңызды сұрақтардың бірі – оқиға орнында болған екі қыздың тағдыры. Олар әлеуметтік желілерде күдікті ретінде көрсетілгенімен, іс материалдарына сәйкес, тек куәгер ретінде жауап берді”, – деді қорғаушы.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша 9 адам күдікті ретінде танылған. Соның ішінде біреуі – кәмелет жасына толмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы — қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны – алты. Олардың екеуі – Шерзат пен Нұрқанат.


Рекомендовать
Последние новости