Қазақстанда алдағы үш жылда екі ірі мұнай өңдеу зауытындағы үлес сатылмақ. Бұл туралы LS басылымына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеген, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис стратегиялық әріптеске Павлодар мұнай-химия зауытын (ПМХЗ) және Атырау мұнай өңдеу зауытын (АМӨЗ) 2028 жылға қарай беруді ұсынып отыр.
"ПМХЗ және АМӨЗ үлесін сатып алу үшін әлеуетті инвесторларды іздеу Реформалар жөніндегі жоғары кеңес 2026-2030 жылдардағы жекешелендіру жоспарын бекіткеннен кейін жүргізіледі", - деп жазылған мәліметте.
Ашық нарыққа шығарылатын мемлекеттік активтердің тізімі 2025 жылғы 9 маусымға дейін әзірленіп, "Жекешелендіру агенттігіне" ұсынылуға тиіс. Қазір бұл құжат жекешелендіру мүмкіндігін қарастыру үшін Үкіметке жолданған.
Мұнай өңдеу зауыттарынан бөлек, жекешелендіруге ұсынылған тізімге "ҚазМұнайГаз" компаниясының еншілес және тәуелді ұйымдары да енгізілген. Алайда бұл кәсіпорындарға қатысты соңғы шешім әзірге қабылданбаған.
Ал жуырда Энергетика министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін ресейлік «Татнефть» компаниясына сату мәселесі қарастырылып отырған жоқ деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов 2025 жылғы 17 наурызда Мәжіліс дәлізінде журналистерген сұқбатында АМӨЗ мен ПМӨЗ-ді жекешелендіру туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді.
Ал кейінірек Қазмұнайгаз Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін жекешелендіру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.
ҚМГ мәліметінше, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы болған.
"ҚМГ елімізде мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып, барлық өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ашық компания екені белгілі. Осыған байланысты алыс және жақын шет елдердің түрлі компаниялары, соның ішінде «Татнефть» ЖАҚ қарастырылып отыр", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.