Атырау МӨЗ үлесін ресейлік компанияға сату қарастырылып отырған жоқ – министрлік

Сағыныш Сардарова 01 сәу. 2025 14:57 1051

Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін ресейлік «Татнефть» компаниясына сату мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қолда бар ақпарат бойынша "Татнефть" өкілдері өндірістік тәжірибе алмасу шеңберінде Атырау МӨЗ-мен өзара іс-қимыл жасады. Мұнай өңдеу саласының компаниялары арасында тәжірибе алмасу - МӨЗ өндірісінің көрсеткіштерін жақсарту үшін стандартты және кең таралған процесс. Қазір АМӨЗ үлесін сату қарастырылып отырған жоқ", - деді Энергетика министрлігі өкілдері ҚазТАГ редакциясының сауалына.

Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов 2025 жылғы 17 наурызда Мәжіліс дәлізінде журналистерген сұқбатында АМӨЗ мен ПМӨЗ-ді жекешелендіру туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді.

Ал кейінірек Қазмұнайгаз Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін жекешелендіру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

ҚМГ мәліметінше, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы болған.

"ҚМГ елімізде мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып, барлық өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ашық компания екені белгілі. Осыған байланысты алыс және жақын шет елдердің түрлі компаниялары, соның ішінде «Татнефть» ЖАҚ қарастырылып отыр", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар