ҚазҰУ әлемдегі экологиялық үздік 200 ЖОО қатарына енді

Dalanews 25 дек. 2018 16:18 930

Ғаламдық «UI Green Metric Ranking of World Universities» рейтингінің зерттеу мәліметтері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің үздік 200 экологиялық университеттері қатарында өз позициясын нығайтты. Өткен жылмен салыстырғанда қазақстандық жоғары оқу орны аталмыш беделді рейтингте 78 елдің 700 жоғары оқу орны арасында 14 пункт бойынша 172 орынға көтерілді.

Рейтинг жоғары оқу орындарында «жасыл» технологиялар мен экологиялық саясатты дамытудың нақты көрінісін көрсетеді және оларды инфрақұрылымды дамыту, қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу, су мен энергияны ұтымды пайдалану, экологиялық таза көлікті пайдалану, экология саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, кампустағы жасыл желектер алаңы сияқты өлшемдер бойынша бағалайды. ҚазҰУ бұл рейтингте өзге қазақстандық жоғары оқу орындарынан айтарлықтай озып келе жатқанын атап өткен жөн.

БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық Хабын басқара отырып, ҚазҰУ Президент Н.Назарбаевтың «Жасыл көпір» атты ғаламдық идеясын іске асыру мақсатында, «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» халықаралық серіктестік жобасын ұсынып және оны жүзеге асыру үшін әлем университеттерінің консорциумын құрды. Тұрақты даму және «Жасыл экономика» бойынша мамандарды даярлау Колумбия университетімен бірлесіп ашылған MDP «Global Classroom» орталығымен тығыз ықпалдастықта жүзеге асырылады.

«ҚазҰУ - Green Campus» жобасы аясында университетте экологиялық тұрақты және жайлы «жасыл» орта құрылуда. Мысалы, «жасыл технологиялар» орталығы ашылды. Ол «жасыл энергетика» бойынша энергия алудың түрлі технологияларын: жел, күн, гидро және геотермалды, биогаз және сутегі энергетикасын қолдана отырып, инновациялық жобаларды іске асыруға арналған «Мини-ЭКСПО» болып табылады. Мұнда заманауи технологиялар мен ғылымды қажетсінетін инжиниринг негізінде мамандарды тәжірибелік даярлау жүргізілуде.

Сондай-ақ, гидропониканы қолдана отырып гүлдер, жеміс-жидек, көкөніс дақылдарын өсіру үшін тиімді энергиялық жылыжай жұмыс істеуде. Тазарту жүйесін қолдану арқылы «Кереңқұлақ» өзенінің арнасын абаттандырудың жұмыстары аяқталуда. Өзендегі су жасанды «Аквапоника» экожүйесінде пайдаланылатын болады. Бұл жастардың, университет кампусы қонақтары және де Алматы тұрғындарының ерекше демалыс орнына айналып қана қоймай, сәндік өсімдіктердің және құнды балық түрлерін өсіруге арналған студенттік тәжірибелік база болмақ.

Жуырда студенттер үшін ҚазҰУ-да фонтандар мен демалуға арналған кіші сәулет орны бар, сондай-ақ 50-ден астам тропикалық және субтропикалық өсімдіктер жиналған қысқы бақ ашылды. Мұнда болашақ биологтар, геоботаниктер мен экологтар ғылыми тәжірибе мен тағлымдамадан өтіп, студенттер мен оқушылар үшін арнайы экотренингтер мен экскурсиялар өткізіледі. Ал табиғат әуесқойлары өсімдіктерге күтім жасауға қатыса алады.

ҚазҰУ көптеген халықаралық жобалардың бастамашысы бола отырып, жасыл технологияларды енгізу, университет қызметінің энергия тиімділігін арттыруда ғылым мен техниканың озық жетістіктерін пайдалану бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде.

Рекомендовать
Последние новости