ҚазҰПУ-де құқықтық, қаржылық мәселелерді зерделенген жиын өтті

Dalanews 31 мая 2019 02:26 975

Таяуда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна-Қазақстан институтындағы «Cases law» орталығында «Қазақстан Республикасының заңнамасына прецеденттік құқық элементтерін имплементациялау мүмкіндіктері туралы. «Астана» ХҚО-ның тәжірибесі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Халықаралық диалог алаңын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен Абай атындағы ҚазҰПУ, Сорбонна-Қазақстан институты және «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырды.

Халықаралық дөңгелек үстел жұмысына ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары, ҚР Еуропа Кеңесіндегі Венециандық Комиссияның мүшесі Игорь Рогов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының исламдық қаржыландыру бойынша директоры, Халықаралық арбитраж орталығы арбитрлер коллегиясының мүшесі, исламдық қаржыландыру бойынша консультативтік кеңесінің мүшесі Шейх Билал Хан, Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири, Франция елшілігінің атташесі, Сорбонна-Қазақстан институтының қосалқы директоры, халықаралық қатынастар саласының маманы Жиль Маметц, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова, Алматы қаласы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, қаржы және құқық саласындағы Францияның мамандары, Франция-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіп Палатасы, маман сарапшылар және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттары қатысты.

Ректор Такир Балықбаев халықаралық диалог алаңындағы талқыланатын өзекті мәселелерді атап, олардың құқық және халықаралық құқық саласындағы жетістіктермен бөлісуде, білімдерін зерттеуде және тәжірибелермен алмасуда беретін орасан зор мүмкіндіктері туралы айтты.

– Біз «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен бірлесе отырып, ҚазҰПУ базасында бір ай бұрын арнайы орталық құрдық, онда студенттер құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша кеңес алады.  Біз жаңа ақпараттық алаң болуға дайынбыз және оны іске асыру және тарату, ынтымақтастықты дамыту үшін сіздермен бірге жұмыс істейміз. «Cases law» орталығында басқа жоғары оқу орындары осы мүмкіндікті пайдалана алады, – деді университет ректоры.

Дөңгелек үстел жұмысында ағылшын жалпы құқығының артықшылығы және «Астана» халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі, қаржылық технологиялар-мәселелер және мүмкіндіктері, «Астана» ХҚО мен Сорбонна-Қазақстан институтының бірлескен жұмысының нәтижесі, Қазақстандағы шетел банктеріндегі бақылаудың комплаенс қызметін құқықтық реттеудің негіздері және Еуропа құрлықтық құқық жүйесі бар мемлекеттерде прецеденттік құқықты имплементациялау мәселесі талқыланды.

Халықаралық диалог алаңында Игорь Рогов (Еуропалық құрлықтық құқық жүйесі бар мемлекеттерде  прецеденттік құқықты имплементациялау мәселесі»), Шейх Билал Хан ( «Ағылшын жалпы құқығының артықшылығы және «Астана» ХҚО тәжірибесі»), «Deloitte» Мәмілелерді жүзеге асыру жөніндегі менеджер Бауыржан Шалбаев («Deloitte» Мәмілелерді жүзеге асыру жөніндегі менеджер баяндама жасады. Өз кезегінде Шейх Билал Хан:

– «Ортақ заң» деп атайтын қолданыстағы прецеденттік құқық Британ империясының құқықтық жүйесінен шығады. Кейінірек бұл жүйе әлемнің көптеген бөліктерінде сыналды. Бұл өте икемді жағдайға негізделген жүйе. Бұл іс жүргізу құқығы Астана халықаралық қаржы орталығында тәжірибе ретінде пайдаланылуда. Бұл тестілеу үшін жақсы зертхана, ал егер Қазақстанда сәтті қолданысқа ие болса, онда бұл заңды бүкіл ел қолдана алады.Неліктен Қазақстанда халықаралық қаржы орталығы қажет? Себебі, Қазақстан Тұңғыш Президент тапсырмасы бойынша экономиканы жаңа деңгейге көтеруге, елге инвестиция құюға, жекешелендіруді ұлғайтуға керек, яғни шетелдік инвесторларды тарту үшін қажет, – деді.

Кездесу барысында қатысушылар талқыланатын тақырып бойынша сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар алды.

Қорытындылай келе, Такир Балықбаев барлық қатысушыларға және заң саласындағы әріптестеріне ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ректор университетіміздің заң және халықаралық құқық саласындағы кез келген мәселелерді талқылауға және басқа университеттермен тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналуға дайын екендігін айтты.



Римма ЖАНБАЕВА

 

Рекомендовать
Последние новости