Жас сарбаздар Ант қабылдады

Dalanews 02 июн. 2019 02:17 2195

Отан үшін аянбай еңбек ету жолында Қарулы Күштеріміздің қатарын толықтыру – патриоттық іс. Әрбір азаматтың қастерлі борышы сол болса керек. Азаматтық борыш тек қана қанды қырғын, шабуыл – шайқаспен ғана өтелмейді. Бүгінгі таңда ер азаматтың берген антына деген адалдығымен өлшенетіні анық. Мұны салтанатты рәсімде сөз алғандардың көбі тілге тиек етті.

1 маусымда ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғаныс күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне бағынышты әскери бөлімдерде «2019 жылдың Көктем мерзімі» шақырылымының жас сарбаздары ресми түрде әскери Ант қабылдады. Ант қабылдау рәсімін қадағалау үшін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері басқармасының офицерлері әскери бөлімдерге бет алды.

Әскери Ант қабылдау рәсіміне дейін жас сарбаздар үш апта бойы оқу-жаттығуда шынығып, саптық жүрістің қыр-сырын меңгерді. Салтанатты шарада сайдың тасындай сапқа тұрған олар әбден жаттыққанын аңғарды. Бойларын тік ұстап, тиісті талаптарды қажетті деңгейде орындай отырып, Ант берді.

– Сіздердің жас шақтарыңызда ант қабылдау бала өмірден ересек өмірге қадам басу болып саналса керек. Әрбір азамат өз бойына екі есе жауапкершілік жүктелгенін сезінуі қажет. Кез келген уақытта, қай жерде болсаңыздар да ұлттың қауіпсіздігіне жауапты екендіктеріңізді ұмытпаңыздар. Сіздер ел және заң алдындағы жауапкершілікті жіті сезінгейсіздер, – деп Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Қайыр Өмірханов, Түймебай ауылында орналасқан, Новобугтік, Александр Невский орденімен марапатталған 97617 әскери бөлімінің  жас сарбаздарының алдында сөз сөйледі.

Ал, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары – бас инжинер полковник Валим Асаинов:

– Отанды қорғау ер азаматтың қасиетті борышы. Ендеше, Ант қабылдаған жігіттеріміз  еліміздің патриоты болып, халқымызға мүлтіксіз қызмет етеді деген сенімдемін, – деп Приозерск қаласындағы 44841 әскери бөлімінің жас сарбаздарына ниетін білдірді.

Әскери бөлімдерде Ант қабылдау рәсімі салтанатты маршпен өтумен және әскери бөлімдердің Жауынгерлік Туларын әкетумен аяқталды.

Әскери Антқа беріктік сөзден гөрі іспен айқындалары дауыссыз. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жас сарбаздары мұны осындай салтанатты сәтте білгендей. Ең бастысы, әр жас сарбазда азат сана, жасын жігер, тайсалмас табындылық болуға тиісті. Оғланның өзіне тән өзектілікті жітті сезініп, Отан алдындағы парызын адал атқарса болғаны.

 

Азамат ЖАҒАЛБАЕВ, 25750 әскери бөлімінің баспасөз тілшісі, майор

Рекомендовать
Последние новости