"Қазыналы Қызылжар даласы": Солтүстікте республикалық малшылар слеті өтуде

Dalanews 26 авг. 2022 06:59 903

Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет "Қазыналы Қызылжар даласы" деген атпен республикалық малшылар слеті өтті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен мал шаруашылығының қыр-сырын білетін 200-ге жуық маман қатысты. Бұдан бөлек мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындармен мен ғылыми ұйымдар да осы шараны өткізуге өз үлесін қосты.

Маңызды жиынға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев арнайы келіп, осынау жиынның мәні мен маңызы туралы өз пікірін білдірді.

Еліміздің ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерін паш еткен маңызды жиында саладағы өзекті мәселелер сөз болды. Шаруа қожалықтарының басшылары өзара пікір алмасып, саланы сапаландыруға қатысты тәжірибесімен бөлісті.

Шара барысында қатысушылар Тайынша, Аққайың және Қызылжар аудандарын аралайтын болады. Аталған аудандарда орналасқан мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін компаниялардың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасады.

Айта кетелік, Қызылжар өңірінің осынау елді-мекендерінде «BIOOPERATIONS», «Emc-agro» ЖШС-ы,  «Северный бройлер» ЖШС-ы, «Қызылжар-Сүт» ЖШС-ы, «Иван Зенченко» ЖШС-ы және «Дайындык» секілді танымал компаниялар орналасқан.

Шара барысында қадірменді меймандар осынау компаниялар әзірлеген ауылшаруашылы өнімдерінен ауыз тиді. Мамандарға саладағы жаңа технологиялар мен құрылғылар, асыл тұқымды ірі-қараға қажетті жем-шөп әзірлеу әдістері мен жаңа үлгідегі ветеринарлық дәрі-дәрмек таныс етілді.

"Ауыл шаруашылығын дамыту үшін бірінші кезекте мал шаруашылығын көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда солтүстік қазақстандық шаруалар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктікке жетті.

Тек биылғы жылдың өзінде өңірде құны 71 млрд теңгеден асып жығылатын 31 жоба жүзеге асуда. 


Аймақта 22 сүт фермасы бар, тағы 17 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін 8 сүт өндіретін кешенді іске қосамыз. Бұдан бөлек 3 құс фабрикасы салынуда. Мал бордақылайтын алаңдар қолданысқа берілген. Солтүстік Қазақстан өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі толайым. Осынау слет малшылар қауымының пікір алмасуына қажетті алаңға айналарына сенемін", – деді өз сөзінде Қызылжар өңірінің әкімі Құмар Ақсақалов.

Рекомендовать
Последние новости