Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы.
Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз.
«Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінде мемлекетімізде ұлттар достығы берік сақталып келеді. Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Бұл – еліміздегі ұлттар достығын, татулық пен бірлікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Бұл маңызды қадам Елбасының «Ұлт жоспары 100 нақты қадамымен» әрі қарай ұштасып, жалғасын тауып отыр.
Жолдауда айтылған ел бірлігін сақтау мақсатында жақында Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында «Ырыс алды Ынтымақ» атты жиын өтті.
Басты тақырып «Ұлттар достығы- ынтымақ пен бірліктің кепілі». Қазақстан көп ұлтты ел. Ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігін сақтау, өзара достығына селкеу түсірмеу мемлекетіміздің басты саясаты. Сондықтан әрбір ұлттың өз тілін, дінін, ділін құрметтеу арқылы ұлттардың өзара қарым-қатынасы мен байланысын нығайту болды.
Бүгінде аудан көлемінде 16 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Негізінен, Тұрбат ауыл округіндегі төрт елді мекенде 10281 халық тұрады. Оның 4311 қазақ ұлты, 5970 өзбек ағайындар. «Өзбек-өз ағам »демекші, қазақтың өзбек бауырларымен қарым-қатынасының тарихы әріден басталады. Екі ұлттың өзара сыйластығы мен достығы бүгінде өзге ұлттарға өнеге» деді жиында аудан басшысы.