Қазақтың ұйқысы тыныш емес. Жүйкесі тыныш емес...

Dalanews 19 мар. 2019 06:05 840

Ауылдың жағдайы біткен соң, қазақ қалаға қарай ағылды. Қаладағы туысы бар болса, жақсы. Жақсы болғанда, оның да жағдайды мәз емес. Туыстың көбісі ауылда қозы қамайтын қорадан да кішкентай қуыс үйде отыр.

Тапқан-таянғанын тоңазытқыш, телевизор, үтік алған несиесін жабу мен коммуналдық төлемге әрең жеткізіп, жан жалғап әлек.

Туыстың тұрмысын көрген қазақ пәтерге шығады. Облыс орталығына барған қазақ бірдеңе қылар, пәтер арзан. Пәтер арзан болғанмен, еңбекақысы аз. Мағынасыз өмір. Содан қазақ салып ұрып, Алматы мен Астанаға тартады.

Не істейді, қайда барады әркімнің өз бұйрығы бар. Бірақ, бәрі пәтериеленушіге кіріптар жағдайға түсетіні нақты аян шаруа.

Бүгін қазақта бір мотиваторлық идея болса, ол баспанаға қалай жетсем деген арман. Баспанасыз жүрген қарапайым қазаққа сенің тілің, еліңнің болашағы, әлемдегі Қазақстанның ойып алар орны - көк тиын!

Қанша қазақтың дүние есігін пәтерде ашқанын, пәтерден пәтерге көшіп ержеткенін ешкім дөп басып айта алмас. Қанша қазақтың өлгенде сүйегі пәтерден шыққаны тағы белгісіз.

Ал, бұл жай мәселе емес. Статистикаға да, ғылыми зерттеу нысанына да сұранып тұрған проблема. Проблема бар, шешімі жоқ. Неге? Зерттеу керек. Неге мәселе шешілмей жатыр?

Демек, оның экономикалық себептерінен басқа да "өйткені" бар шығар?..

Қазақстанда қорғансыз, баспанасыз жүрген бір ғана ұлт бар. Ол келімсек емес, ол осы елдің, осы жердің иесі - қазақ!

Билік болса, бұл проблеманы шешудің орнына шетелдіктер басқарып отырған банктерге халықты несиемен қанауға жол беріп отыр! Парадоксалды, бірақ факт.




Ресейде пәтер жалдауға кісі айлығының 50% кетеді деп жазыпты бір журналист. Германияда 20%. Бізде пәтерақыны айлығы жетпеген соң, үстіне елден сұрап, қарызданып-қауғаланып төлейді. Демек, 101%.

Бұл байғұсқа не күн туды дейсіз ғой?! Сөкпеңіз ол қазақты. Ол қазақ елордада жүрсем, қызметім өсер, адам боп кетермін, ештеңе етпейді бәріне шыдаймын деп жүр. Күні бойы жарқырап күліп жүрсе де, ішкен тамағы дұрыс емес. Ұйқысы тыныш емес. Жүйкесі тыныш емес. Сөйтіп жан бағып, үміттеніп жүргеннің барлығының жолы боп жатыр деп айта аламыз ба? Жоқ.

Жолы болу үшін ол мінезін өзгерту керек...Жә, ол жағын айтпай-ақ қояйық.

Түнгі көшелермен келе жатқанда байқампаз қазақтың жанарына не ілінеді дейсіз бе? Айтайын.

Бүгінгі айлығы сатып алуға ешқашан мүмкіндік бермейтін қымбат үйлер ілінеді дейсіз бе оның жанарына?

Жо-жоқ ол қазақ бұл үйлерді күнде көріп жүр ғой. Ол түнде жарығы жоқ көптеген пәтерлердің мылқау терезелерін көреді...

Ол үйлерді байлар алмайды, олардың өзінің үйі бар. Және бір ғана үйі емес. Ал, баспанасыз қазақ айдың аяғы жақындап қалғанын біледі де, бәрін ұмытып, сол мәселені шешуге кіріседі. Басқасында шаруасы жоқ оның. Басқа шаруаны: спортты, өзін-өзі дамытуды, шығармашылықпен айналысуды, бизнес жобаларды ойлап, іске асыруды ол ойламайды. Бірен-саран табандылары бар әрине, олар аз бірақ.

Пәтер иесі болса, ол бір кінәз! Көз алдына ербеңдетіп көрсеткен келісім-шартыңды ұрғаны бар. Жыртып-жыртып бетіңе лақтыра салады. Ол келісім-шарттың бір грамм құны жоқ ол үшін.

Сол келісім-шарттың негізінде "неге пәтерақысы негізсіз көтерілді?", "қанша уақыт көрсетілген сонша уақыт тұруға тиіс едім, мені қақаған қыста бала-шағаммен далаға лақтырып тастауға пәтериесінің құқығы жоқ!" деп сотқа шағымданып, жеңіп-ұтып жатқан бір қазақты және көргем жоқ.

Ұнамасаң, пәтерден әйда, шығасың! Кез келген айда пәтерақыны көтере салса да, көзің жыпылықтап, әйеліңмен күңкілдесіп ап, кезекті рет көнесің.

Бұл нарықты билік болса тағы реттеп отырған жоқ. Пәтерақы дегенің Астанада ай сайын Алпамыстай өсіп жатыр. Қазір 100 000 мыңға 1 бөлмелі үй тапсаңыз, олжалысыз.




Оның өзін басқа да тағдырластарыңмен қырқысып жүріп, таласып жүріп, пәтердің иесіне ұнау үшін барлық актерлік қабілетіңді салып жүріп, қолыңды әрең жеткізесің.

Маклер деген жалмауызың тағы бар. Үкімет қазақты қорғамайтынын біліп алған ол, сенің ақшаңды жүйкеңмен бірге сорады. Амалың жоқ, тәуелсіз елде тұрсаң да, біресе анаған, біресе мынаған тәуелдісің.

Үкіметке елдің бәріне үй беріп жарылқа деп айтудан аулақпын. Түсінем бәрін. Форумдарға келетін сыйлы қонақтарға 100 мыңдап $ (Астанада 3 бөлмелі үйдің құны!) сыйақы беру керек. Тегін ешкім мақтамайды ғой! Дағдарыс па? Иә, түсінем, көндім. Нарық заманы, өлмесең өлме қап па? Ләпбай! Бәріне көнді бұл қазағың. Тек айналайын Үкімет, сен де міндетіңді орындасайшы! Бір ғана өтініш, ұлықтар!

Өз қандастарыңа титтей де болса жандарың ашыса, пәтер жалдау процесін нақты заңнамалық тетіктер арқылы реттеп беріңдер. Қалғанын тірі болсақ, көре жатармыз. Мәңгі ештеңе жоқ қой. Бір өкініштісі бір рет берілген өмір де мәңгі емес. Ал, қазақ адам сияқты өмір сүрсе дейсің...

P.S.
Депутат мырзалар мен депутат ханымдар! Маған сенбесеңіздер, астындағы пікірлерден көресіздер бұл проблеманың қалай асқынғанын. Бірақ, сіздердің қолдарыңыздан да ештеңе келмейді ғой. Сіздер де уақытша пәтерде тұрасыздар...

Ақберен ЕЛГЕЗЕК


Рекомендовать
Последние новости