Қазақтар жасаған аяқкиімді алғыңыз келе ме?

Dalanews 02 мар. 2016 04:18 1149

Редакциядан: «Қала мен Дала» газеті «Қазақстанда жасалған» деп аталатын жаңа жобаны қолға алды. Аты айтып тұр, Қазақстанда жасалған кез келген дүниені, бірінші кезекте оның өзектілігін әрі қажеттілігін ескеріп халыққа жарнамалаймыз. Бұл біздің елдегі шағын бизнесті дамытуға қосқан шағын ғана үлесіміз болсын.

Жас кәсіпкер Ұлағат Ханзада басқаратын «Khanzada.kz» компаниясы қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады екен. Компания өз қанатының астына топтастырған түрлі қолөнер шеберлері нақты тұрмыстық  қажетке жарайтын бұйымдарды жасап шығарады.

12565628_181628472196923_4190116073049468000_n

Бірақ бізді қызықтырғаны аяқкиім еді. «Қазақстанда жасалған» аяқкиім. Отандық өнім.

 «Қазақстанда ине сабақтайтын жіп те жасалмайды. Біз – түк өндірмейміз. Импортқа тәуелді және соның арқасында күн көріп отырған мемлекетпіз!» – деп біз осылай жобамыздың бұл жолғы кейіпкерімен біраз дауласып, біраз жерге бардық.

«Сіздің ғана емес, көпшіліктің пікірі де осындай. Бұл – білместіктен. Қазақстанда ине сабақтайтын жіп жасалады. Тек бұлардың мұндай өндіріс орындарының жарнамасы аз. Кәсіппен айналысқалы Қазақстанда жасалған дүниелердің көп екеніне көзім жетті», – дейді Ұлағат Ханзада.

Ұлағат туралы сөз басында айттық. «Khanzada.kz» деп аталатын компанияның басшысы. Қазақ қолөнерімен айналысады.

IMG_1840– Қолөнерге бала күннен қызығатынмын. Бұл салаға бірден келген жоқпын. Тұтынушы ретінде бастадық. Қолөнер тауарларының ішіндегі ең сапалы, сүбелі дегендерін топтастырып жүрдім. Кейін қарап отырсам, бізде көп нәрсенің орны олқы екен, оның ішінде қолөнер саласында. Осы мәселе ойландыра бастады.

Компанияның өзгелерден ерекшелігі – қолөнер бұйымдарының ішінде күнделікті өмірге, тұрмысқа қажеттісін жасайды.

Компанияның құрылғанына да көп болмапты. Әрі кетсе 6 айдан асқан.

Қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер осы компанияда топтасқан екен. Анығында, шеберлердің басын қосуға Ұлағат ұйытқы болған.  «Мұндағы мақсат – олардың жасаған бұйымдарын, дүниелерін халыққа тікелей жеткізу», – дейді ол.

Білсек, бұл салаға да делдалдар дендеп еніп кетіпті. Өндірушіден тұтынушыға жеткенше тауар 10 алыпсатардың қолына өтеді. Ал алыпсатармен күресу қиын.

– Рас, қиын. Бұлармен бәсекелесу керек. Сол кезде олар өздігінен жойылады. Аталған компанияны құрудағы бір мақсатым осы болады. Яғни, қолөнер бұйымдарын халыққа қолжетімді қылу. Халықтың оларға деген көзқарасын өзгерту.

12647400_181625325530571_4875702578478990480_nОрысша айтқанда, олар әншейін «сувенир» емес, өндірушіден тұтынушыға жылдам жетсе, бағасы көңілге қонымды, сапасы ұнамды болса, күнделікті өмірде қолдануға болатынын дәлелдегім келді, – дейді кәсіпкер.

Сонда Ұлағат не істейді?

Айтуынша, қолында шөкімдей ғана өнері бар шебердің бұйымын жарыққа шығарады. Араға делдалды араластырмайды. Алдымен елдің назарына көрсетіп, жарнамалайды. Егер бұйым халыққа ұнап, тапсырыс түсіп жатса, шебермен келісімшартқа отырып, бірігіп жұмыс істейді.

 

Логотип 2«Khanzada.kz» қандай бұйымдар жасайды?

Білгеніміздей, компанияның негізгі өнімдері ағаш пен былғарыдан жасалады екен.

Былғарыдан жасалатын бұйымдарға тоқталсақ, «Khanzada.kz» компаниясы – сағаттың бауынан бастап, аяқкиім, тон, бас киім, сырт киімге дейін тігеді.

 – Қолөнер саласы тарихымызбен тамырласып жатқаннан кейін біздің өткенімізден, ұлы дәуірімізден сыр шертетін, біздің қандай болғанымызды көрсететін бұйымдарды да жасаймыз. Соның бірі – садақ. Қазіргі күні әйтеуір көзбен қарап, қолмен ұстап көру үшін жасала салған өтірік садақтар емес, бұрынғы бабаларымыз қолданған нағыз әскери садақ, – дейді Ұлағат Ханзада.

Жауынгер бабалар қолданған әскери садақ дейді ол. Оны айнытпай қалай жасап шықты? Бұған да Ұлағаттың өз жауабы бар: 

«Компания шеберлерінің жасап жатқан дүниесі осы уақытқа дейін біздің этнограф ғалымдар жазып кеткен сипаттауларға сай. Былайша айтқанда, әрі тарихи әрі табиғи өнім».

IMG_2343Сіз «қазіргі заманға садақтың не қажеті бар?» деп ойлауыңыз мүмкін.

Білсек, бұл да бизнестің бір түрі екен. Өйткені қазір бұларға сұраныс жоғары. Оның ішінде шетелден тапсырыс көп. Себебі, олар жасап жатқан әскери садақтар спорттық садақтардан еш кем емес және сол мақсатта қолданылады.

Компания шеберлері сонымен қатар аттың ер-тұрманын жасайды. Ұлағаттың айтуынша, аттың ер- тұрманын жасайтындар көп. Алайда сапасыз. Көпшілігі сәндік сипатта ғана жасалған. Жылқылар, малшылар бұларға отыра алмайды. Демек, тұрмыстық қолданыстың талаптарына жарамайды.

IMG_1941 «Қазақстанға қажетті дүниені біз өзімізде жасай аламыз. Мысалға біз қолөнер бұйымдарын жасау, оларды жаңғырту арқылы дамып, өсіп жатырмыз. Көп нәрсені білдік. Көптеген сөздердің мағынасын, көптеген бұйымдардың қандай қажетке жарағанын түсіндік.

Қолөнердің өзі – халықтың қазынасы. Бірақ, бұл сөз ғана. Іс керек. Осы қолөнер бұйымдарын халық қолмен ұстап, қолдана алатын деңгейге жетуіміз керек. Бұл қазақ мәдениетіне қосқан үлесіміз болар еді», – дейді кәсіпкер.

 

[caption id="attachment_13825" align="alignleft" width="302"]А4 Ұлағат Ханзада[/caption]

Ұлағат Ханзада:

Біздің аяқкиімдер сырттан келетін өнімнен еш кем емес

 Енді айтайық деген ең негізгі тақырыбымызға көшелік. «Khanzada.kz» компаниясы, міне, алты айға жуықтады етік тігіп келеді. Қытайдікі де, Ресейдікі де емес, өз өніміміз. Осы ретте отандық экономикаға шынымен пайдасы тигізетін нақты іспен айналысуды бастаған Ұлағат Ханзадаға бірнеше сауал қойдық.

– Аяқкиім тігудің машақаты қандай? 

 – Қазақта «ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Етік тігетін шеберлердің басын қосып, бұл істі «ә» деп бастаған тұста тапсырыс болған жоқ. Бұл бір жағынан заңды көріну мүмкін. Істі енді бастадық, жарнамамыз аз дегендей... Алайда мәселе онда емес. Біздің қауым «қазақ бірнәрсе жасап, әлдебір дүниенің басын құрай алады» дегенге сенуден қалған. Бұл – үлкен кедергі. Ашығын айтқанда,  құлдық психологияның көрінісі, – дейді кәсіпкер.  

– Қазіргі күнгі аяқ алыстарыңыз қалай?

– Шынымды айтайын. Әлі күнге дейін аяқкиімдерімізді сатып алатын жұртқа оның сапасын дәлелдеумен әлекпіз.

Қазақстанға алыс-жақын шет елдерден аяқкиімнің небір түрі келеді. Үш маусымға – жаздық, күздік және қыстық маусымға арналған аяқкиімдерді импорттаймыз. Соған қарамай жыл сайын Қазақстан нарығына 4 млн пар аяқкиім жетпей қалады!

Яғни, дәл осынша сұраныс туады. Анығы, осы сұраныс қамтамасыз етілмейді. Шетелдік тасымалдаушылар мұны естісе, ертең-ақ орнын толтыруы мүмкін. Сондықтан олар іске көшпес бұрын біз ертерек әрекет етейік деп шештік.

– Сіздерде, жалпы Қазақстанда аяқкиім тігудің технологиясы бар ма?

– Осы істі бастаймын және аяғына дейін жеткіземін деген адамға аяқкиім тігетін станок та, оның шикізаты болып саналатын – былғары да табылады. Бірақ, қиындығы да жоқ емес. Айталық, қалыңдығы 0,5 сантиметр, 1 сантиметр және 1,5 сантиметр болатын қайыстар бар. Сондай қайысты тігетін шетелдік станоктардың бағасы 80 мың доллардан басталады. Инесінің, бізінің, білтекешінің беріктігі жағынан бұл станоктар өте әлсіз, негізінде. Себебі, олар өз еліне лайықталып жасалынған. Станоктарды айтамын... Мысалға, Түркия теріні қырынан үшке жарады. Қытай – алтыға, Италия төртке жарады. Сайып келгенде бір теріні олар бірнеше қабатқа бөледі. Олардың станоктары соған ыңғайланған. Бұл – жұқа, жұмсақ тері. Ал қазақта теріні бөлмей, жармай тұтас илеген.

Демек, бізге нақты аяқкиім жасап шығу үшін қатты теріге шыдас бере алатын станок қажет болды. Шетелдің станогы бізге жарамайтынын айттым. Осы мақсатта әзіргі күні өз станогымызды құрастырып жатырмыз. Қарағандыдағы осы технологияны жасаудың қыр-сырын жақсы білетін мамандармен келісімге келді.

Енді есептеңіз. Біз құрастырып шығатын станоктың бағасы 200 мың теңге болады. Ал шетелден келетін станоктың бағасы 20 мың доллар. Оған жолпұлың, тасымалың, салығың қосылады да Қазақстанға жеткенде 86 мың долларға шарықтап кетеді екен.

– Аяқкиім индустриясын жандандыруға нақты не кедергі келтіріп отыр?

– Отандық былғары аяқкиім өндірісіндегі бір мәселе – табан. Табан өндірісі. Мәселен табанды құятын, жасайтын – микрофлора атты порошоктарды біз әлі күнге дейін шетелден алдырып отырмыз. Бұл өнімді біз менсінбей қарайтын Қырғызстан шығарады.

Екінші мәселе – ұсақ-түйегі жоқ. Айталық, сырманы (замок) Қазақстаннан іздесең, таппайсың. Ол да сырттан келеді. Қазір біз белбеу жасаймыз. Бірақ, соның басына тағылатын айырбасты шетелден алдыруға тура келеді. Осындай майда-шүйде бұйымдардың өндірісі бізде жолға қойылмаған.   

12647186_181625335530570_6323867810438998280_n– Аяқкиім тігу үшін ең қажетті заттың бірі – былғары. Оны қайдан алдырасыздар?

– Былғарыны өзіміз жасаймыз. Жамбыл облысы, Қордай ауданында былғары өңдейтін зауыт бар. Біз сол зауытпен келісімшартқа отырдық. Аталған өндіріс орны бізге қалаған терімізді өңдеп бере алады.

Терінің ең жұқа түрі – 0,11 миллиметрлік былғары. Бұл былғарыны жаздық аяқкиімдерге қолданады. Осы бір терінің Ресейдегі зауыттан шыққандағы бағасы 90 теңге. Анығында, 10 сантиметрі 90 теңге. Ол бері қарай Омбы арқылы Солтүстік Қазақстанға жеткенде 120-130 теңгеге шығады. Бірақ, бұл оның Қазақстанға кіргендегі бағасы, ал сатылу бағасы 150-160 теңгеге барады.

Егер әлгі былғары Самараға жеткізіп, Батыс Қазақстан облысы арқылы әкелетін болсақ, тасымал бағасы 170 теңгеге, сатылымы 200 теңгеге бір-ақ шарықтайды.

Қазақстанда заңды түрде тіркелген аяқкиім жөндейтін етікшілердің саны 18 мың екен. Сонда 14 облыста 18 мың етікші бар деген сөз. Солардың барлығы қазіргі таңда аяқкиім жамарда жоғарыда мен айтқан Ресейдің былғарысын тұтынып жүр. Осы себепті бізде аяқкиім жөндеудің өзі қымбат. Оданда сатып алған артық.

IMG_1771– Біз «Қазақстанда жасалған» дейміз. Осы отандық өнімді мемлекет тарапынан қолдау қаншалықты?

 – Отандық өнімді қолдаудың ар жағында біздің ұлттық экономикамызды қолдау деген түсінік жату керек. Меніңше, «Қазақстанда жасалған» дегенді Үкіметтің өзі де дұрыс түсіне бермейді. Бұл жалаң ұран, жасанды науқан болмауы керек.

Отандық өнім өндірушілердің жарнамасы аз.

 Мысалға, Қазақстанда «Бота» деп аталатын шұлық шығаратын өндіріс орны бар. Шағын ғана кәсіпорын. Қазақстанның төрт-бес қаласын «Қазақстанда жасалған» өніммен қамтамасыз етіп отыр. Осы «Бота» шұлықтарының сатылымдағы бағасы – 90 теңге. Ал Limax деп аталатын Қытайдан әкелінген шұлықтардың сатылымдағы құны – 370 теңге. Қайсысы тиімді? Негізінде, сапасы жағынан «Ботаның» шұлықтары Қытайдың тауарынан еш кем емес. Сосын меніңше, дәл қазір қазақты кәсіпкерлікке тәрбиелеу үшін бизнестің әліппесін үйрететін шеберлік сабақтары керек. Мұндай кластер бізде атымен жоқ.

– Алдағы уақытта сіздердің Қазақстанды толыққанды отандық аяқкиіммен қамтамасыз ететін мүмкіндіктеріңіз бар ма?

– Негізінде, аяқкиім өндірісімен айналысып отырған өндіріс орындары көп. Көпшілігінің жарнамасы аз. Ел білмегесін, Қазақстанның аяқкиімі деген сөздің өзіне құлағы үйренбегесін алмайды.

Ал біз наурыз айынан бастап толық өндірістік қуатта жұмыс істейтін боламыз.  Аяқкиім жөндейтін азаматтардың ішінде нақты қолынан іс келетін, етікті, туфли жамаумен ғана емес, сонымен бірге дәл сондай жаңа аяқкиім жасап шыға алатын шеберлердің басын қостық.

Аяқкиімдердің бағасы қандай?

– Қытайдан келетін аяқкиімдерге қарағанда әлдеқайда төмен. Мысалға, алдағы уақытта шығара бастайтын жаздық аяқкиімдердің бағасы 4000-7000 теңгенің арасында болады.  Білсеңіз, Қытайдан келетін, былғарыны алмастыратын дермантин аяқкиімдердің Қазақстанға кіру бағасы қазір 8000 теңге. Оның үстіне біздің аяқкиімдер қолдан тігілген.

996778_161699857523118_5833301024049142028_n– Ал сапасы ше?

– Таза былғары, таза жүн, ұлтаны көн тері. Шикізаттың барлығы – өзіміздікі. Егер алуға ниет танытқан азаматтар тапсырыс берсе, біздің шеберлер қолжетімді бағамен қалаған аяқкиімді тігіп береді. Меніңше, дағдарыс жағдайында отандық өнімді алған адам ұтылмайды.

Иә, бағасы қымбат аяқкиімдеріміз де бар. Бұл аяқкиімдердің барлығы көн терімен немесе қатты қайыспен ұлтандалған. Себебі, аяқты ревматизмге ұшыратпайды. Біле білсеңіздер, Қытайдан келетін аяқкиімдердің көпшілігі текстолитпен ұлтандалған...

Қазір бір күнде 10 пар аяқкиім дайындаймыз. Бір айда 300 пар аяқкиім тігіп шығарамыз. Демек, 1 жылда 4000 мыңға тарта аяқкиім тігетін мүмкіндігіміз бар.

Бастысы, сұраныс бар. Иә, сәл жарнама жетпейді.

Бұл мақаланы оқығаннан кейін аяқкиімдерімізге тапсырыс беруге ынта танытқан азаматтарға жеңілдік жасаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан,


Мадияр ЖҮНІСБАЙҰЛЫ


Рекомендовать
Последние новости