Қазақстанның екі облысында жоғары лауазымды полицейлер қаза тапты

Қаракөз Амантай 25 апр. 2024 10:27 2756

Қазақстанның құқық қорғау органы ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Медет Бердімұратов пен Солтүстік Қазақстан облысы полиция подполковнигі Иван Гугняктың қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Ішкі істер министрлігі полиция полковнигі Медет Бердімұратовтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Әріптесіміз ішкі істер органдарындағы қызметінде үлкен еңбек жолынан өтіп, қылмысқа қарсы күрес пен азаматтардың құқықтарын қорғауға зор үлес қосты", - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта. 

Медет Бердімұратов құқық қорғау органдарында 1999 жылдан бері қызмет етті. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы. Қайнар университетін, кейін магистратураны бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы облысы ІІБ Талғар аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде тергеуші болып бастаған. Қызмет еткен жылдары әртүрлі басшылық қызметтерде, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің Тергеу және аймақтық бақылау басқармасының бастығы болды. 2019 жылы Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды. 2022 жылдың тамыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің анықтаушысы, полиция подполковнигі Иван Гугняк та қайтыс болды. Әлеуметтік желілерде полицейдің аттестацияға дайындалып жатқаны айтылды. Алайда полицияның баспасөз қызметі аттестаттау туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.

“Солтүстік Қазақстан облысы ІІД басшылығы, жеке құрамы және ардагерлер кеңесі полиция подполковнигі Иван Гугняктың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Оның қазасы кезектен тыс аттестаттау кезімен тұспа тұс келді деген ақпарат жалған. Өйткені оның лауазымы аттестацияланатындардың тізіміне енбеген”, делінген ОҚО ДП баспасөз қызметі жолдаған хабарламада.

Ішкі істер органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу 2024 жылдың ақпан айында белгілі болды. Толық ақпаратты сілтемеден табуға болады.


Рекомендовать
Последние новости