Қазақстан аумағында жалған терроризм туралы хабарлама таратқан оннан астам жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек–қараша айларында теракт және жарылыс туралы әдейі жалған ақпарат таратқан бірқатар кәмелетке толмаған жасөсіпірім ұсталған.
9 қыркүйекте Балқаш қаласында 15 және 16 жастағы екі жасөспірім қолға түсті. Тергеу деректеріне сәйкес, олар 63 жалған хабарлама жіберген.
14 қазанда Қазақстан ІІМ мен Ресей ІІМ-нің бірлескен операциясы нәтижесінде Саха республикасының аумағында Астана қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны ұсталды. Ол Ресейдің интернет кеңістігінде ұлттық араздық тудыратын материалдар және Қазақстан мен Ресейде терроризм туралы жалған хабарламалар таратты деген күдікке ілінген.
14 қарашада Таразда мектептер мен сауда орталығына үш жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан жасөспірім қолға түсті.
15 қарашада Ақтөбеде үш мектепке қатысты жалған теракт хабарламаларын таратқан жасөспірім ұсталды.
20 қарашада Астанада WhatsApp арқылы осындай екі жалған хабарлама жіберген тағы бір кәмелетке толмаған адам анықталды.
Барлық факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ өкілдері swatting және жалған төтенше жағдай хабарламалары ауыр қылмыс болып саналатынын еске салды.
"Swatting және кез келген жалған хабарламалар ауыр қылмыс ретінде қаралады. Ол үшін 5000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ата-аналарды, мұғалімдерді және жастарды жауапкершілік танытып, күмәнді интернет-трендтерге ермеуге шақырамыз. Мұндай "әзілдердің" қоғамға да, жасөспірімдердің тағдырына да нақты зиян келтіретінін ұмытпау қажет", – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Аслан Өскембаев.
