Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарға нақты ұсыныстар әзірленеді

Жарбол Кентұлы 11 сент. 2024 22:41 1626

Астанада саяси партиялардың қаржыландыруының ашықтығы мен жемқорлық әрекеттерді қылмыс деп тану мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.


Астанада Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының (ГРЕКО) сарапшылары үкіметтік емес ұйымдар мен журналистермен кездесті. Бұл жиын Антикор қызметі ғимаратында өтті және ГРЕКО-ның үшінші раундтық мониторингі аясында өткізілді.

Кездесуде саяси партиялардың қаржыландыруының ашықтығы мен жемқорлық әрекеттерді қылмыс деп тану мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, Қазақстан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет ретінде 2020 жылдың қаңтар айынан бері ГРЕКО мүшесі болып келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобымен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру және оны тәжірибеде қолдану жұмыстарын жүргізіп келеді.

Алдыңғы сараптамалық бағалау 2021 жылы өткен екі раундтық мониторингте жасалған болатын. Бүгінде осы раундтың нәтижелері мен ұсыныстар жайлы есептер Еуропа Кеңесі мен Антикор қызметінің ресми сайттарында жарияланған.

Үшінші раундтық мониторинг осы жолы саяси партиялардың қаржылық ашықтығы мен жемқорлық әрекеттердің қылмыс деп танылуы мәселелеріне арналған. ГРЕКО сарапшыларының құрамына Франция, Испания, Хорватия және Румыния өкілдері, сондай-ақ ГРЕКО хатшылығының қызметкерлері, оның ішінде Испанияның жауапты атқарушы хатшысы Лаура Санз-Левиа кірді. 10-13 қыркүйек аралығында сарапшылар Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі, Парламент, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сот жүйесі, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесулер өткізеді.

Бұл сараптамалық топтың жұмыс нәтижесінде Қазақстанның заңнамасын жетілдіру және оны қолдану тәжірибесін жақсарту бойынша Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарына сәйкес келетін нақты ұсыныстар мен есеп дайындалады.


Рекомендовать
Последние новости