Қазақстанда шетелдік жұмысшылар тарту квотасы 40 пайызға қысқарды

Dalanews 03 февр. 2020 08:28 774

Квотаны қабылдау ішкі еңбек нарығын білікті емес шетелдік жұмыс күшінен қорғауға, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.




Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілген шекті саны 2020 жылға республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 29 292 бірлікті немесе 0,32%-ды құрады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Квота 2019 жылы бекітілген санымен (48 700 бірлік) салыстырғанда 40% – ға, оның ішінде 3 санат бойынша (мамандар) – 37%-ға және 4 санат бойынша (білікті жұмысшылар) – 23%-ға қысқартылды.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 4 санат бойынша шетелдік жұмыскерлерді тартудан толықтай бас тартып, жұмыс берушілердің қажеттілігін жергілікті мамандар есебінен жабуды жоспарлап отыр.

Квотаны қабылдау ішкі еңбек нарығын білікті емес шетелдік жұмыс күшінен қорғауға, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмыс берушілердің білікті шетелдік жұмыс күшіне деген сұранысын қанағаттандырады.

"Екінші жартыжылдықта Бас прокуратурамен бірлесіп 30-дан аса шетелдік маманды жұмысқа тартқан 105 ірі өндіріс орнын тексердік.

Нәтижесінде еңбек көші-қоны заңнамасын бұзған 1000-нан аса жайт анықталды. Бұған қоса 27 компанияның айлық төлеу мәселесінде теңсіздікке жол бергенін анықтадық, мұндай 470 факті тіркелді. Бірден шара қолдандық. 397 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 100 млн-нан асатын айыппұл салынды.

Бұдан бұрын рұқсат берілген 703 рұқсатнаманы кері қайтардық, 507 шетелдік жұмысшы елдеріне қайтты. Олардың ішінде – 250 қытай, 43 ағылшын және 40 албан азаматы бар",  – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы биыл 29 мың адамнан аспауы тиіс. Былтыр бұл көрсеткіш 49 мың бірлікті құраған болатын.

"29 мың бірлік – шекті деңгей. Елдегі шетелдік жұмысшы саны осы межеден аспауы тиіс.

1 тамызға дейін компаниялар жергілікті атқарушы органына биылдыққа қанша шетелдік маманды жұмысқа тартатынын хабарлауы тиіс.


Жергілікті атқарушы органдар заңға сай шешім қабылдау, әлгі компаниялардың өтінішін біздің министрлікке жібереді, – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.

 

Рекомендовать
Последние новости