Қазақстанда шенді-шекпенділердің бизнеспен айналысуына рұқсат берілмек

Кәмшат Тілеухан 02 окт. 2024 15:35 205001

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, мәселен енді Үкімет мүшелеріне баспанасын жалға беріп те табыс табуына мүмкіндік беріледі, деп жазады Dalanews.kz.

"Конституциялық сот "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның 13-бабында мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдардың бизнеспен айналысуына салатын тыйымды Конституцияға қайшы деп шешті. Олардың қатарына РМК, коммуналдық кәсіпорындар, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқарушылық функцияларды атқаратындар жатады (бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, мемлекеттік сатып алу департаменттерінің басшылары, филиал басшылары)", - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов 2 қазанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында.

Алайда бизнеспен айналысу үшін мемлекеттік қызметшілерге бірнеше маңызды талаптар қойылады екен.

"Біріншіден, тиісті бизнесі олардың лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтірмеуі қажет. Екіншіден, ең бастысы, жеке қызметіне мемлекеттің мүлкін пайдалануына жол бермеуі керек. Үшіншіден, лауазымдық міндеттері мен бизнес мүдделерінің шиеленісуіне жол жоқ. Дегенмен, ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтердің қатардағы қызметкерлері қазірдің өзінде заңмен тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы, өйткені олар "мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендер" деген санатқа жатпайды", – деп атап өтті төраға орынбасары.

Ал сайлау комиссияларында, Ұлттық банкте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде және авиациялық әкімшілікте басты лауазымды қызметтерді атқаратындар, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен компаниялардың менеджерлері үшін бұл реттегі тыйым өз күшін сақтайды.  

Сондай-ақ, заңнамадан шенеуніктерге пәтерін жалға беріп, табыс табуына салынған норма да алынып тасталмақ.

"Яғни, Үкімет мүшелері басқа саяси мемлекеттік қызметшілер секілді өздеріне тиесілі баспананы жалға бере алады", - деп сөзін түйіндеді Ұлан Сарқұлов.

Айта кетсек, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар өзгертілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 31 шілдеде осы сипаттағы Жарлыққа қол қойды.


Рекомендовать
Последние новости