Eurasian Resources Group-қа марқұм Алиджан Ибрагимовтың ұлы СЕО болып тағайындалды

Кәмшат Тілеухан 02 окт. 2024 12:57 3269

Eurasian Resources Group-тың (ERG) бас атқарушы директоры болып ERG-дің үш құрылтайшысының бірі, марқұм Алиджан Ибрагимовтың ұлы - Шухрат Ибрагимов тағайындалды, деп жазады Dalanews.kz.

"Штаб-пәтері Люксембургте орналасқан, пайдалы қазбаларды өндіріп, өңдейтін әртараптандырылған жетекші топ Eurasian Resources Group Шухрат Ибрагимов мырза топтың СЕО (Бас атқарушы директоры) қызметіне тағайындалғанын хабарлайды. Осы лауазымда он жылдан артық еңбек еткен Бенедикт Соботка мырза бизнесті басқаруды табыстау бойынша қажетті көмек көрсетіп, ERG командасымен байланыста болады. Бұған дейін Бас атқарушы директордың бірінші орынбасары болған Шухрат Ибрагимов компаниядағы сабақтастықты қамтамасыз етеді", делінген 2024 жылы 2 қазанда ERG баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Eurasian Resources Group акционерлері туралы аз-кем мәлімет

Акционерлер: ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич пен Ибрагимовтар отбасы – 20,7%, Патох Шодиев – 18,6%.

Александр Машкевич, Патох Шодиев, марқұм Алиджан Ибрагимовтарың отбасы (жұбайы Мұқадасхан Ибрагимова және төрт ұлы - Достан, Даврон, Шухрат және Фурхат) 2005 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы алғашқы миллиардерлер атанған, сол кездегі олардың әрқайсысының капиталы 1 миллиард долларды құрады.

Кейінірек, Александр Машкевич және Патох Шодиев азаматтығын өзгертті. Eurasian Resources Group Директорлар кеңесінің төрағасы әрі ірі акционері Александр Машкевич 2022 жылы Forbes рейтингісі бойынша ең бай адамдардың тізімінде алтыншы тұрды. Израиль азаматының сол кездегі байлығы 3,7 млрд долларға бағаланған. 2023-2024 жылдары Машкевич пен Шодиевтардың аты-жөні бұл тізімнен көрінбеді, есесіне Ибрагимовтар отбасының байлығы арта түсті: 2023 жылы – 1,32, млрд, 2024 жылы - 1,5 млрд доллар.

Қыркүйек айында Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимов Тимур Құлыбаевқа тиесілі "Шұбаркөл Премиум" көмір өндіретін компаниясын сатып алғаны хабарланды. 

2022 жылды "Шұбаркөл Премиум" 4 млрд теңге шығынмен аяқтады. Шұбаркөл көмір кен орнында ERG құрылымына кіретін бір ғана компания — "Шұбаркөл Көмір" жұмыс істейді. "Шұбаркөл Премиум" 2013 жылы құрылып, 2017 жылға дейін "Арбат ӘК" деген атпен жұмыс істеді. 2013 жылдың қараша айында ол Жапонияға және басқа елдерге көмір экспорттау бойынша 25 жылдық келісімшартқа қол жеткізген.

Қазақстандық олигарх Алиджан Ибрагимов 2021 жылы 3 ақпанда 67 жасында Бельгияда дүниеден озды. Қазақстанда жүргенде ол коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруы асқынған соң Бельгияға аттанған.  


Рекомендовать
Последние новости