Қазақстанда монша мен көлік жуу бекеттері суды қайта пайдалануға міндеттеледі

Көркем Алдабергенова 20 июн. 2025 10:46

Жаңа Су кодексінің күшіне енуімен елімізде тіршілік көзін тиімді пайдалану мәселесіне баса назар аударылып отыр. Енді монша мен автожуу орындары пайдаланған суды қайта айналымға енгізетін жүйемен жұмыс істеуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа заңнамаға сәйкес, су үнемдеу технологиясын енгізген кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Кодексте ауыз суды бей-берекет қолдануға жол бермеу мәселесі нақты көтерілген.

"Соңғы он жыл ішінде елімізде, соның ішінде Алматы қаласында, судың 1 мың литрі – яғни 1 текше метрі – небәрі 50 теңге болды. Сондықтан басқа елдермен салыстырғанда бізде су тұтыну екі есе артық", – дейді «Алматы Су» МКК департамент директоры Серік Шагиров.

Енді суды тұтыну көлеміне қарай ақы төлеу тәртібі енгізілмек. Табиғи монополия субъектілері ұсынған мәлімет бойынша, бір күнде тұтынатын су көлемі 3 текше метрден асқан жағдайда, оның құны жоғары тарифпен есептеледі.

Еске салайық, 10 маусымда Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енген болатын

Кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл халық пен экономиканы су тапшылығы мен ластанудан қорғау, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарындағы ұлттық мүддені қамтамасыз ету дегенді білдіреді.

Экожүйелерді сақтау мақсатында «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді – бұл өзен-көлдердегі ең төменгі су деңгейін сақтау талабы. Су ресурстарын басқаруда бас және бассейндік жоспарлар әзірленіп, жұртшылықтың шешім қабылдауға қатысуы кеңейтілмек.

Шағын өзендерге тұйық бөгет салуға тыйым салынады. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар, мұздықтар арнайы қорғауға алынып, су қорғау аймақтарын анықтау міндеті жергілікті әкімдіктерге жүктелді.

Климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары жеке тарауда қаралған. Бұл — су тасқыны мен құрғақшылыққа дайындық, су қоймаларын тереңдету, егін айналымын енгізу, жаңбыр мен еріген суды жинау сияқты бағыттарды қамтиды.

Су ресурстарын тиімді басқару үшін ұлттық ақпараттық жүйе құрылып жатыр. Қазірдің өзінде оның төрт модулі («Әкімшілік», «Су пайдалану», «Трансшекаралық су», «Картография») пилоттық режимде жұмыс істейді.

Суды үнемдеуге ынталандыратын жаңа тетіктер де қарастырылған. Су пайдалануға рұқсат тек қайта сумен жабдықтау жоспары болған жағдайда ғана беріледі. Бұл жоспарды жасауға екі жыл, ал толық ауысуға бес жыл уақыт беріледі. 


Рекомендовать
Последние новости