Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді

Ақтоты Жапатова 10 мау. 2025 12:02

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл халық пен экономиканы су тапшылығы мен ластанудан қорғау, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарындағы ұлттық мүддені қамтамасыз ету дегенді білдіреді.

Экожүйелерді сақтау мақсатында «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді – бұл өзен-көлдердегі ең төменгі су деңгейін сақтау талабы. Су ресурстарын басқаруда бас және бассейндік жоспарлар әзірленіп, жұртшылықтың шешім қабылдауға қатысуы кеңейтілмек.

Шағын өзендерге тұйық бөгет салуға тыйым салынады. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар, мұздықтар арнайы қорғауға алынып, су қорғау аймақтарын анықтау міндеті жергілікті әкімдіктерге жүктелді.

Климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары жеке тарауда қаралған. Бұл — су тасқыны мен құрғақшылыққа дайындық, су қоймаларын тереңдету, егін айналымын енгізу, жаңбыр мен еріген суды жинау сияқты бағыттарды қамтиды.

Су ресурстарын тиімді басқару үшін ұлттық ақпараттық жүйе құрылып жатыр. Қазірдің өзінде оның төрт модулі («Әкімшілік», «Су пайдалану», «Трансшекаралық су», «Картография») пилоттық режимде жұмыс істейді.

Суды үнемдеуге ынталандыратын жаңа тетіктер де қарастырылған. Су пайдалануға рұқсат тек қайта сумен жабдықтау жоспары болған жағдайда ғана беріледі. Бұл жоспарды жасауға екі жыл, ал толық ауысуға бес жыл уақыт беріледі.

Ауыл шаруашылығына арналған нормалар да нақтыланды:

  • Ирригациялық кондоминиум құру тәртібі белгіленді;
  • Қар суын жинау үшін 2 млн м³-ке дейінгі тоғандарды арнайы рұқсатсыз салуға болады (тек тіркеу қажет).

Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі жеке тарауда реттелді. Оларға көпфакторлы тексеру, қауіпсіздік декларациясы, пайдалану тәртібі мен арнайы регламенттер енгізіледі.

Кодексте су құбыры және кәріз жүйелерін дамыту, жерасты суларын іздеу, қорғау мен бақылау, көлеңкелі нарықпен күрес шаралары да қамтылған.

Жаңа Су кодексімен бірге 13 заң мен бірнеше кодекске өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Әкімшілік кодекс бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтсе, Жер және Экология кодекстері су аймақтарын пайдалану мен қорғау талаптарын нақтылады.

«Жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде біз бес негізгі қағиданы басшылыққа алдық. Бұл суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі деп тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту. Бұл құжат еліміздің су саласындағы жаңа мемлекеттік саясатын қалыптастыруға негіз болады. Құжатты әзірлеуге қатысқан Парламент депутаттары мен сарапшыларға алғысымды білдіремін», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар