Қазақстанда өз рейтинг агенттігін құру жоспарланып отыр. Бұл бастама бизнеске несиені тиімді шарттармен алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елде компанияларға рейтингті негізінен Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch сияқты халықаралық ұйымдар береді. Ал Қазақстанда ұлттық рейтинг жүйесі мен толыққанды құқықтық база әлі қалыптаспаған. Сондықтан рейтингтер көбіне ірі компаниялар мен қаржы ұйымдарына ғана беріледі.
Мадина Әбілқасымова жаңа жүйе шағын және орта бизнеске капитал нарығына шығуды жеңілдететінін атап өтті. Бұл қарыз алу құнын төмендетіп, ақпараттық теңсіздікті азайтып, эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар банктер, зейнетақы қорлары мен сақтандыру ұйымдары сияқты институционалдық инвесторлар үшін инвестициялау мүмкіндігі кеңейеді.
Жаңа агенттік құрамына Қазақстан Ұлттық банкі, халықаралық рейтинг агенттіктері және қаржы ұйымдары кіреді. Ұлттық банктің қатысуы бағалаудың тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Агенттікке қойылатын талаптар да нақты белгіленеді. Атап айтқанда, жарғылық капитал шамамен 10 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде.
Рейтингтердің тәуелсіздігін сақтау үшін сарапшыларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Олардың еңбекақысы клиенттердің табысына тәуелді болмауы тиіс, міндетті ротация енгізіледі және аффилирленуге шектеулер қойылады. Сонымен қатар рейтингтелетін компаниялардың қаржы құралдарына иелік етуге тыйым салынады.
Басшылық құрамына да қатаң талаптар қойылады: тиісті білім, тәжірибе және мінсіз іскерлік бедел қажет.
Қазақстандық рейтинг агенттігі реттеушіге тұрақты түрде есеп беріп отыруға міндеттеледі. Ол өз рейтингтері, әдістемелері мен статистикасы туралы ақпаратты ашық жариялап, ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуі тиіс.
Сонымен қатар жаңа агенттік тек бағалау жүргізіп қана қоймай, қадағалау функциясын да атқарады. Ол Қазақстан нарығына қандай халықаралық рейтинг агенттіктері жіберілетінін анықтап, олардың қызметін бақылап, қажет болған жағдайда лицензиясынан айыра алады.
