Бағаны негізсіз өсірген 73 делдал сауда тізбегінен шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері ел бойынша өңірлік комиссиялардың 316 отырысы өткен. Нәтижесінде сауда тізбектерінен 73 делдалдық буын алынып тасталған.
Сауда комитеті әкімдіктерге бұл жұмыстың нақты нәтижелілігін қамтамасыз етуді және жеткізу тізбектерінің ашық әрі тиімді қалыптасуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Ведомствоның хабарлауынша, ел бойынша базарларда, ең алдымен көтерме сауда сегментінде кешенді жұмыс басталған. Оған мемлекеттік кірістер органдары, ішкі істер органдары, монополияға қарсы орган және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Жұмысты үйлестіруді Сауда және интеграция министрлігі жүзеге асырып отыр.
