Қостанайда бұған дейін аутизмі бар балалардың ата-аналарын қорлаған блогер жаңа іс бойынша ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жанжал әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде басталып, кейін қыздар мәселені шынайы өмірде шешуге келіскен. Нәтижесінде блогер Гүлнара Оразалина төбелес ұйымдастырған, деп хабарлайды «31 арна».
Төбелес видеосы әлеуметтік желілерде таралып, көпшіліктің назарын аударды. Кадрда джинс күртеше киген қыз – блогер Гульнара екені айтылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжал алдымен онлайн форматта басталып, кейін офлайн кездесуге ұласқан.
Оқиға орнында барлық қатысушылар ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесі бойынша әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында блогер аутизм мен онкологиялық аурулар балаларға ата-анасына берілген жаза деген мәлімдеме жасаған. Сот оның балағат сөздер айтып, қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтап, 78 мың теңге көлемінде айыппұл салған.
