Қазақстанда жанармай тапшылығы қаупі бар — сарапшы

Қаракөз Амантай 03 нояб. 2025 16:49

Елімізде алдағы уақытта жанармай тапшылығы туындауы мүмкін. Экономист әрі R-Finance сарапшысы Арман Байғановтың пікірінше, Ресейде жанармай бағасының қымбаттауы және екі мемлекет арасындағы баға айырмашылығы Қазақстан нарығына айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Бұл туралы ол Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында мәлімдеді.

"Иә, қазіргі таңда бізде жанармай тапшылығы қаупі бар. Оның басты себебі: Ресеймен арадағы баға айырмашылығы", – дейді Байғанов.

Маманның сөзінше, екі ел арасындағы шекара ұзын әрі бақылау күрделі. Қазір көрші елде бензиннің литрі теңгеге шаққанда шамамен 390–400 теңге, ал Қазақстанда 215–240 теңге шамасында.

"Ресейде жанармай 70–80 пайыз қымбат. Осы айырмашылық контрабандалық тасымалды көбейтіп, ішкі нарықтағы тапшылықты арттыруы мүмкін. Әрине, елде ресми түрде жанармайды сыртқа шығаруға тыйым салынған, бірақ “сұр схемалар” арқылы заңсыз жолмен өткізу қаупі жоғары. Шекараны толық бақылауда ұстау қиын, себебі жемқорлық тәуекелі де жоқ емес", – дейді сарапшы.

Шешімі қандай?

Байғановтың пікірінше, жағдайды тұрақтандырудың бірнеше жолы бар. Оның бірі, ішкі нарықтағы бағаны кезең-кезеңімен көтеру.

“Бағаны Ресеймен салыстырғанда тым төмен деңгейде ұстап тұру тиімді емес. Егер айырмашылық 70–80 пайыз болса, контрабанда жасауға әрдайым ынта туады. Сондықтан бағаны шамамен 300 теңгеге дейін көтеріп, айырманы 20–30 пайыз деңгейінде сақтау керек. Егер айырмашылық қазіргі деңгейде қалса, отынды шекара асырып тасымалдау тиімді болып қала береді. Ресеймен арадағы айырмашылық тым үлкен болған сайын, заңсыз тасымал да соғұрлым көбейеді”, – деп түсіндірді ол.

Алайда сарапшының айтуынша, бағаның күрт көтерілуі инфляцияны үдетіп, ауыл шаруашылығы мен өндірушілердің шығынын арттыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені абайлап шешу қажет.

Зауыттардың жағдайы мен резерв мәселесі

Арман Байғанов Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының қазіргі қуаты ішкі сұранысты уақытша қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Дегенмен зауыттардың тиімділігін арттыру және жаңғырту жұмыстары кешіктірілмеуі тиіс.

"Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттары бар, бірақ олардың өндірістік қуаттылығын арттыру қажет. Өйткені экономиканың өсу қарқыны мен халық санының артуы қосымша өндіріс пен модернизацияны қажет етеді. Егер баға нарықтан қалып қойса, зауыттардағы жаңғырту жұмыстары баяулап, өнім сапасы төмендеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде мұнай өңдеу саласының табысына да кері әсер етіп, уақыт өте ондай зауыттардың тиімділігі төмендеп, кейбірі шығынға батуы мүмкін", – дейді экономист.

Бұдан бөлек, сарапшы Қазақстанда елде ұзақ мерзімге жететін жанармай қоры жоқ екенін ескертті.

"Қазіргі отын қоры шамамен бір апталық сұранысты ғана өтей алады. Ал бір-екі айға жететін стратегиялық қор жоқтың қасы. Мәселен, дамыған елдерде, соның ішінде АҚШ-та, мұндай қор кемі тоқсан күнге жетеді. Бізде, өкінішке қарай, қысқа мерзімге ғана жететін қор бар. Қазақстанда бұл бағытта жүйелі саясат жоқ", – деді Байғанов.

Негізгі түйін 

Арман Байғановтың пікірінше, жанармай нарығындағы негізгі мәселе – Ресей мен Қазақстан арасындағы баға алшақтығы. Бұл айырмашылық теңге мен рубльдің айырбас бағамындағы өзгерістерден туындап отыр.

"Рубльдің теңгеге қатысты нығаюы баға теңгерімін бұзды. Осы жағдай әрі қарай жалғасса, тапшылық қаупі де арта түсуі мүмкін", - деп түйіндеді сарапшы.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі АИ-92 бензинінің қымбаттауы және сұйытылған мұнай газының (автогаздың) жетіспеушілігіне байланысты шағымдарды қабылдайтын тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желіні іске қосқан еді. 

Ведомствоның мәліметінше, жедел желіге бензин мен дизель отынына қойылған бағалық мораторийдің бұзылуы, сондай-ақ жанармай құю бекеттеріндегі отынның болмауы немесе шектеулі сатылуы туралы өтініштерді жолдауға болады.

Министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп, алыпсатарлық пен отын тапшылығын қолдан жасауға бағытталған кез келген әрекетке қатаң шара қолданатынын атап өтті.

Бензин мен дизель отыны бойынша министрлік өңірлерге қажетті көлемнің толық жөнелтілгенін және мұнай базаларында жеткілікті қор бар екенін мәлімдеді.

"Тапшылыққа негіз болатын объективті себеп жоқ", - делінген хабарламада.

Ал автогазға қатысты министрлік кейбір өндіруші зауыттарда жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстары алдын ала ескерілгенін, жоғары сұраныс байқалатын өңірлерге қосымша көлем бөлінгенін хабарлады. Кей жерлердегі ұзын-сонар кезектер жүйелі тапшылықтан емес, логистика мен ішкі бөлу мәселелерінен туындаған.

Азаматтардан АИ-92 бензинінің негізсіз қымбаттауы немесе автогаздың болмауы сияқты жағдайлар анықталған жағдайда жедел желі нөміріне хабарласу сұралады: +7 701 855 0248.

Қоңыраулар тәулік бойы қабылданады. Министрлік әрбір өтінішті жеке қарап, расталған жағдайда адал емес нарық қатысушыларына қатысты тиісті шаралар қабылдауға уәде берді.


Рекомендовать
Последние новости