Қазақстанда блогерлерге құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынбақ

Қаракөз Амантай 23 апр. 2024 12:32 1936

Мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Мұның қарастырылып келе жатқанының өзіне 2 жылға жуық уақыт болды. Кейбір нормаларға реттеушілік талаптар бойынша талдауды жүргізу мақсатында үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жыл кетті. Бір атап өтерлігі, заң жобасына мәжілістегі барлық фракция өкілдері бастамашы болып отыр”, – деп атап өтті баяндамашы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев. 

Бұл тақырып еліміз үшін өзекті екенін бірнеше жайттан байқауға болады: 

 

  • Біріншіден, құмар ойынына шырмалғандар санының артуы. Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар.
  • Екіншіден, отбасы институтын әлсіретуі. Еліміздегі ажырасулардың 40%-ына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар.
  • Үшіншіден, суицидті өршітуі. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.
  • Төртіншіден, қылмыстың етек алуы. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20%-ы лудоман екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады.
  • Бесіншіден, көлеңкелі экономиканы күшейтуі. Ойын нарығы айналасында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпарат бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. 

Сондықтан заң аясында мына шаралар іске асырылады. 

  1. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.
  2. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
  3. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
  4. Ойнау жасына жетпеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.
  5. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  6. Заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады. Сондай-ақ балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
  7. Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.
  8. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.

Сонымен қатар заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде

  • қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеті; 
  • ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі; 
  • мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі;
  • өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни егов мобайл қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіре алмайсыз. 

Рекомендовать
Последние новости